«Көңіліңіз құлазыған кезде біреуге жақсылық жасаңыз!» (Мотивация)
«Көңіліңіз құлазыған кезде біреуге жақсылық жасаңыз!» (Мотивация)
3 жыл бұрын 4841 islam.kz/
Аяз Қарни

Бисмилләһир рахманир рахим

«Әсемдіктің есімі әдемі, игіліктің өзі әдемі, қайырдың дәмі әдемі» демекші, өзгеге қуаныш сыйлаудан ең әуелі пайда көретіндер – сол жақсылықты істеушілердің өздері. Олар ізгі амалдарының жемісін сол сәтте-ақ сезінеді: жан дүниесі нұрланып, көңілі орнығып, бойын ерекше бір тыныштық пен ризашылық сезімі билейді.

Сондықтан да, егер басыңды уайым-қайғы торлап, еңсең түссе, дереу біреуге жақсылық жаса, көмек қолын соз. Сол заматта бойыңды бақыт кернеп, қуанышқа кенелгеніңді байқайсың. Мұқтажға қол ұшын бер, панасызға пана бол, мұңайғанды жұбат, ашты тойдыр, аурудың көңілін сұрап, әлсізге жәрдем ет. Міне, нағыз бақыттың кілті осында.

Ізгілік істеу – хош иісті әтір секілді. Оны тасымалдаған да, сатқан да, сатып алған да жұпар иісінен нәр алады.

Жақсылық жасау адам жаны үшін – ізгі жүректер тұрғызған «игілік дәріханасындағы» шипалы тұнба іспетті.

Сонымен қатар, айналаңа күлімсіреп қарап, жылулық сыйлау – өмірдегі үлкен садақаның бірі. Хадисте: «Бауырыңа күлімсіреп қарауыңның өзі – садақа» делінген. Ал түнеріп, қабақ шыту – өзгелерге сес көрсетіп, «соғыс ашқанмен» бірдей.

Тіпті, шөлдеген итке бір уыс су бергені үшін бір әйелге кеңдігі көк пен жердей Жәннат нәсіп болды емес пе. Өйткені Жәннаттың иесі – өте Кешірімді әрі Алғысқа лайықты. Ол (Алла) – Өзі Көркем және көркемдікті жақсы көреді. Ол – аса Бай, мақтауға лайықты Ұлы Ие!

Уа, мұңға батып, бақытсыздық шырмауында қалған жан! Ізгі істер бақшасына асық. Өзгеге жақсылық жасаумен шұғылдан: жомарттық ет, сыйлық бер, көмектес, қызмет қыл. Сонда ғана шынайы қуаныштың дәмін татып, бақыттың не екенін түсінесің.

«Олар (тақуалар) малын Алла жолында жұмсап, тазарады. Олар мұны ешкімнен қайтарым не сый дәметіп істемейді, тек Ұлы Раббысының ризалығын ғана іздейді. Сондай-ақ олар, таяуда (Алланың сыйына) риза болады».
(«Ләйл» сүресі, 18-21 аяттар)1.


1  Аяз әл-Қарни: «Лә тәхзан» («Мұңайма»). Араб тілінде.

Аударып, дайындаған А. Қасым

 

0 пікір