Жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасы қандай болуы керек?
Жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасы қандай болуы керек?
6 жыл бұрын 4328
Құдайберді БАҒАШАР

Дінімізде жұмыс беруші мен жұмысшы қатынастары мəмілеге келу, өзара жəрдемдесу, құқық жəне əділдік негіздеріне құрылған. Жұмыс беруші, жұмысшы, қызметкер, бастық деп, қолындағы билігіне қатысты бөлінбей əркім алдындағы асыл адалынан жеу үшін бір-бірінің ақысына абай болғаны абзал.

Жалданған жұмысшыға төленетін жалақы оның еңбегіне лайық болғаны жөн. Ал жалақы табушы да өзіне төленген тиын-тебенді адал алуға тырысып, қызметтік міндеттерін не болмаса тапсырылған істі барынша тиянақты орындауға тырысса нұр үстіне нұр болары хақ.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла ісіне мығым əрі жауапты қараған құлын жақсы көреді», – деген. Еңбек шарты мен еңбек тəртібіне сай жұмыс уақытына, қалыпты еңбек жағдайларына сəйкес іс атқару жұмысшының міндеті. Себепсіз жұмыстан қалған, өзінің маңдайалды борышына атүсті қараған жалақы алушы жұмыс берушінің құқығын мансұқ еткені.

Өзіне тапсырылған іс пен қызметтік тапсырманы жұмысшының басқаға жасатуға құқығы жоқ. Алатын жалақысы оның еңбегінің ақшаға шаққандағы құны болып есептелетіндіктен, нəпақасының адалдан болғанын қалайтын жұмысшы мұндай өрескел қимылға бармайды.

Жасалған мəміленің талаптарын сақтау турасында Құран кəрім де: «Уа, мүминдер! Уəделеріңді орындаңдар», «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уəде сұралады», – деген («Ниса» сүресі, 1-аят; «Исра» сүресі, 34-аят). Əйтсе де, өзіне тапсырылған істі төтенше жағдайлардың салдары қолын байлап, бітірмеген немесе қабілетінің шектеулігімен орындай алмаған болса, оған жауапкершілік жүктелмейді.

Сонымен қатар, жұмысшы өзіне сеніп тапсырылған құрал-жабдықтар мен өзге де дүниелерге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жұмыс орнының, не болмаса қожайынның мүлкі аманат есебінде болғандықтан, оны ысырап ету, бүлдіру кісі ақысын бұзу болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Əрқайсың билеушісің жəне қарамағыңдағыларға жауаптысың. Мемлекет басшысы – жауапкер, ол өз қол астындағылар үшін жауапты. Ер адам отбасына жауапкер жəне отбасы мүшелерінің жағдайына бірінші алаңдаушы. Əйел күйеуінің үйіне жауапкер. Қызметші (жұмысшы) қожайынның сеніп тапсырған мүлкіне жауапкер жəне сол үшін жауапты», – деген[67]. Қарапайым ғана мысал, жұмыс орнының рұқсатынсыз қызметтік көлікті жеке басының шаруасы үшін мінуге, кеңседегі телефонды қызмет бабынан тыс мақсаттарға пайдалануға болмайды. Өйткені, сұраусыз дүние жоқ.

Ең алдымен қожалықтың басшысы жалдаған жұмыскерінің ар-намысына құрметпен қарауы керек. Жіберген кішігірім олқылықтары болса, кешіріммен қарағаны жөн. Ал, ауыр сөздер айтып балағаттауға мүлде қақысы жоқ. Жəне де қалыпты еңбек жағдайларын жасау, шамадан тыс жұмыс жүктемеу, намаз, ораза секілді ғибадаттарын орындауына кедергі келтірмеу де жұмыс берушінің міндеті. Əйтпесе, ол кісі ақысын елемеуі секілді өрескелдікке ұрынып, дініміз үшін харам саналған жайтқа бой ұрған болып саналады. Сондай-ақ, жұмыс берушінің тағы бір міндеті жалақыны уақытылы жəне толықтай төлеу екені айтпаса да түсінікті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алла тағаланың «Мен қияметте мына үшеудің: менің атыммен ант етіп, антынан тайған адамның, азат адамды құл деп сатып ақшасын жеген адамның, жұмысшы жалдап еңбекақысын бермеген адамның дұшпанымын» дегенін айта келе, «Жұмысшының ақысын маңдай тері құрғамай тұрып беріңдер» деген.

Ислам құқығында жұмысшыны істейтін жұмысының сипатына орай, жеке жұмысшы жəне мердігер деп екі сыныпқа бөліп қарастырады. Жеке жұмысшы деген өлшемге өзімізге таныс кез келген мекеме немесе кəсіпорында, сондай-ақ жеке кəсіпкердің қарамағындағы жұмысшыны айтамыз. Тұрақты түрде аптасына 40 сағат жұмыс істеуге келіскен бұл жұмысшы осы уақытты толықтай қызметіне бөлуі тиіс. Берілген тапсырманы уақытынан бұрын орындап қойса да, жұмыс орнынан тапжылмауы керек, не болмаса уақытын ұтымды пайдалану үшін жұмыс берушімен алдын-ала келіскені жөн.

Ал, мердігер дегеніміз əдетте бір жолға ғана қызмет көрсетумен айналысатын шаштараз, тігінші, аяқкиім жөндеуші жəне ұста, құрылысшы секілді белгілі бір жұмысты атқарған соң қызмет көрсету мерзімі аяқталатын мамандық иелерін атаймыз.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұмыс берушінің ақысына мұқият қараған жұмысшыға берілетін сауап туралы: «Алланың жəне қожайынының ақысын сақтаған құлдың барлығына Алла екі есе сауап береді», – деген.

Хишам ибн Хаким ибн Хизам (р.а.) Шам қаласында төбесінен зəйтүн майы құйылып, күннің астында тұру жазасы кесілген шаруаларды көріп:

– Бұл не сұмдық? – деп сұрайды.

– Жер салығын төлемегені үшін, – деген жауап алады. Сонда Хишам (р.а.):

– Ант етейін, мен Алла елшісінің (с.а.у.): «Адамдарды дүниеде қасақана қинағандарға Алла міндетті түрде азап көрсетеді» дегенін естідім, – дейді. Мұны естіген əмір шаруаларды бұл жазадан босатқан екен.

Хадистерде қарамағымыздағы адамдармен бір дастархан басында отырмасақ та, ішкен-жегеніміз бен кигенімізді олармен де бөлісуімізді, шамасы жетпейтін жұмысқа жекпеуімізді міндеттейді. «Қарамағында бауыры күнелтетін əркім оған өз дастарханынан дəм татырсын, өз кигеніндей киіммен қамтамасыз етсін. Оларды қауқары жетпейтін жұмысқа жекпеңдер. Ауыр тірлікке міндеттесеңдер оларға өздерің де қолғабыс жасаңдар». «Қызметшілерің дастархан басында бірге отырмайтын болса, оның үлесін бөлек алып беріңдер. Өйткені, тамақты істеген сол». Бұл хадистердегі қызметші сөзін үй күтуші, көмекші, жұмыскер деп түсінуге болады.

Қарамағында осындай бағыныштылары барлар оларды мейлінше сыйлап, ақыларын аяқ асты қылмай, сыпайы қарым-қатынас ұстанғаны абзал.

Ескере кететін тағы бір жайт, іскерлік қатынастарда ақшалай міндеттемелерді уақытылы қайтармауды қоғамымызда жиі орын алатын келеңсіз оқиғалардың қатарына жатқызамыз.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қаржылық жағдайы келісті бола тұра, қарызын кешіктіруді қиянат жасау деп білген. Құран кəрім: «Егер біріңе-бірің сенсеңдер, аманатты мойнына алған адам оны орындасын. Сондай-ақ, Раббысынан қорықсын», – дейді («Бақара» сүресі, 283-аят).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) аталмыш аятты түсіндіргенде: «Дəулетті адамның əлдекімдегі берешегін кешіктіруі кесірліктің бір көрінісі. Араларыңнан біріңді əл-ауқаты жақсы адамнан қарызды қайтаруға жұмсаса, осыны көкейге түйіңдер» деген. Мұндағы дəулетті адам деп берешегін қайтаруға шамасы жеткілікті адам меңзелген. Ақшасы дайын болса да, қайтаруға қимай жүрген жан кісі ақысын бұзғанын түсінуі қажет. Қарыз келісілген, не болмаса қарыз беруші талап еткен мерзімде қайтарылуы тиіс. Вексель тəрізді төлем құжаттарын қанша адам индоссамент арқылы табыстаған болса, солардың ақылары, сондай-ақ чек жəне төлем карточкалары арқылы есеп айырысу барысында басқа да адамдардың ақылары қарызын кешіктірген адамға жүктеледі. Борышқор олардың əрқайсымен есеп айырыспаса, Алланың құзырына батпандай кісі ақысын арқалай кетпек.

Нарық заманына тəн қызмет барысында əркім өз еркіндігін пайдалануға құқылы, бірақ ақшасын банк жүйесі арқылы тек белгілі бір топтың қолында жинауға, қандай да бір сауда операциясында риба болып табылатын пайыз мөлшерлемесі арқылы табыс табуға Ислам діні тыйым салғанын естен шығармайық.

Исламдағы жұмысшы ақыларын былайша тұжырымдауға болады:

1. Дініміз еңбекті жоғары бағалаған. Адам баласының табан ақы, маңдай терімен табыс тапқанын құптаған Пайғамбарымыз (с.а.у.)  отын сатып күн көрудің өзі жұртқа қол жайғаннан əлдеқайда артық екенін айтқан.

2. Еңбек саласында əділетсіздікке жол берілмеген. Сондықтан, егіндік жерді жалға бергенде, өнімнің түсімінен тағы да қосымша үлес қарастыруға тыйым салынған. Өйткені, қуаңшылық жəне басқа да ауа райының қолайсыздығы салдарынан қырманның аз жиналу мүмкіндігі ескерілген.

3. Жұмысшының жалақысын уақытылы жəне толық төлеуге үлкен мəн берілген. «Жұмысшының ақысын маңдай тері құрғамай тұрып беріңдер», – деген Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына бір оқиғаны əңгімелейді: «Бір үңгірге кездейсоқ кіріп, қамалып қалған үш адам жасаған жақсылықтарын айтып, Аллаға жалбарынады. Олардың бірі: «Уа, Раббым, мен үш жұмысшы жалдаған едім. Олардың екеуі еңбекақысын алды, бірақ үшіншісі алашағын алуға келмеді. Тиесілі қаражатын өзім пайдаланып кетпей, оның есебінен іс жүргізіп, көп мал-мүлік жинадым. Араға жылдар салып күндердің бір күнінде əлгі қызметшім келіп ақысын сұрады. «Мен сол уақыт аралығында жиналған байлықты көрсетіп, «мынаның бəрі сенің жалақыңа келген» дедім. Ол мал-мүлкінің бірін қалдырмай жинап алып кетті. Раббым, егер мұның бəрін тек сенің разылығың үшін жасаған болсам, бізді құтқара гөр!» – деді. Қалған екі жігіт те өздерінің сауапты амалдарын тілге тиек еткенде, үңгірдің аузындағы тас жылжып, үшеуі аман-есен сыртқа шықты».

4. Жұмысшыға шамадан тыс тапсырма бермеу, мүмкіндігінше оған қолғабыс жасау жағы қарастырылған. Шұғайып (а.с.) пайғамбар Мұса (а.с.) пайғамбарды сегіз жылға жұмысқа жалдамақ болғанда: «Саған машақат қылуды қаламаймын. Алла қаласа, мені ізгілерден табарсың» – деген болатын («Қасас» сүресі, 27-аят). Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұмысшының ісі қиындап кетсе, қожайыны да қол ұшын беру керектігін айтқан.

5. Өмірге, денсаулыққа зиян келтіретін жағдайларда жұмысшыға жұмыс берушімен жасалған мəмілені бір жақты бұзуға рұқсат берілген.

6. Игерілмей құр жатқан мүлік пен жерді əлеуетті адамдарға беріп, жұмыссыздықтың алдын алу мəселесі қарастырылған.

7. Қарауындағы құрал-жабдықты, мүлікті қасақана бүлдірмесе, келтірілген материалдық зиянның құнын жұмысшыдан өндіруге болмайды. Егер басында мəміле солай жасалса, жарамсыз болып табылады делінген.

8. Мына жағдайларда жұмыс берушімен мəмілені бұзуға рұқсат етілген: еңбекке жарамсыздық, кəмелетке толмаған жаспен мəмілеге жасасу, жұмыс берушінің мəміле талаптарын сақтамауы, жұмысшының кіріптарлық жағдайында арзан пұлға жалдануы.

9. Еңбек қабілеттілігі азайған жағдайда мүгедек жұмысшыға өтемақы төлеу жұмыс берушіге жүктелген.

10. Жасы ұлғайған жұмысшыға жеңіл жұмыс беру жағы да қарастырылған.

11. Ислам құқығында жұмыс беруші жұмысшылардың діни ұстанымын да ескеріп иудеймен мəміле жасасқанда сенбі, христианмен мəміле жасасқанда жексенбі күндерін демалыс деп жариялауы керек. Соған қарап мұсылман үшін жұма күнін апталық демалыс тəулігі деп белгілесе, құба-құп болар еді.

12. Зейнеткерлікке келсек, дінімізде барлық адам үшін кедейлік, кəрілік, банкроттық жəне төтенше жағдайларда мемлекеттің арнайы қамқорлығы қарастырылған. Ал, бүгінгі таңда қарттардың күнкөрісін мойындарына алған зейнетақы жинақтаушы қорлары құрылған.

Жоғарыдағы ақыларды иеленген жұмысшы да мына міндеттерді сақтауы тиіс:

1. Жұмыс істегенде ниетінің адал болуы;

2. Жұмыс берушінің табысына көз сүзбеу;

3. Қызметтік міндеттерін аманат ретінде қабылдап, аманатқа қиянат етпеу;

4. Жұмыс берушінің құрал-жабдығын өз дүниесіндей ұқыпты қолдану;

5. Жұмысты жақсартатын, еңбек өнімділігін арттыратын ұсыныстар жасау, жұмыс барысында белсенділік таныту жəне т.б.

Басшылық міндетке ие болғандар қарамағындағылардың ақысына мейлінше абай болғаны жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлығың жауаптысыңдар жəне қарамағыңдағылар үшін жауапты боласыңдар», – деген. Биліктің тізгінін ұстау дегеніміз жайлы таққа жайғасып, мол дүниені оңды-солды шашу емес, шын мəнінде аса қиын іс. Көпшіліктің қызметіне жарғақ құлағың жастыққа тимей жүгіру. Жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау.

Бастық болуды лауазым емес, жауапкершілік деп қараған жөн. Əманда ел билеу, басшы болудың ауыр аманаты ердің еріне ғана жүктелген. «Маған парыздарды орындау əмірімен қоса адамдарды басқару əмірі де берілді» деген Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқару ісін қабілет-қарымы, төтеп берерлік шыдамы жететін адамдарға тапсыруды аманат еткен. Ел басқарудың үдесінен кез келген кісінің шыға қоймасы анық. Ол үшін ақыл-парасат, біліктілік, көшбасшылық қажет. «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деп бекер айтылмаған. Бір орынға бастық боп қонжиғаннан кейін мойнындағы мекеме жұмыстарын ұмытып, қызмет бабын жеке мүддеге пайдалану қаншама адамның, бəлкім, тұтас бір мемлекеттің ақысына қол сұғу болып табылады. Мұның жазасы дүниеде де, ақыретте де ауыр болатыны айтпаса да түсінікті.

0 пікір