Жалған пайғамбарға хат
Жалған пайғамбарға хат
9 жыл бұрын 4348
Ахмет Алшын

Пайғамбарымыз хижри 7 жылдан бастап, ең алдымен Византия императорлығына әрі сол кездің азулы ең ірі патшалықтарына исламға шақыру туралы өз атынан арнайы хаттар жолдаған. Бұлай істеуі кейін өз нәтижесін беріп, халық топ-топ болып ағылып келіп, Ислам дінін қабылдай бастаған-ды. Сондай жаңа дінді қабылдауға Мәдинаға келген Бәни Ханифа тайпасындағы кісілердің арасында Мүсәйлимә атты біреу болатын. Бұл Мүсәйлиманың тіл байлығы да, тілге шешендігі мен ділмәрлығы да басқаларға қарағанда күшті еді. Мәдинаға келген ол мұсылмандардың уақыт өткен сайын санының қарайып көбейе түскенін көргенде, іші ашып, қызғаныш кернеп, аласұрған күй кешеді. Аяғында өзін де пайғамбармын деп жариялап, елдің Мұхаммедтен гөрі өзіне келгенін қалады.

Мүсәйлиманың шешенсіп айтқан көпірме сөздеріне еріп, тура діннен тайқып кеткендер де болды. Мүсәйлима бұнымен де қоймай, Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) қарата былай деп хат жазғызды:

«Алланың пайғамбары Мүсәйлимадан Алланың елшісі Мұхаммедке! Сәлем саған! Мен сенің пайғамбарлық міндетіңе ортақпын. Жер бетінің жартысы – біздікі, жартысы – Құрайыш тайпасыныкі. Бірақ Құрайыштар әбден шектен шығып кетті».  

Пайғамбарымыз хатты оқып шыққаннан кейін сол хатты алып келген елшілерге қарап: «Егер елшілерді өлтірмеу туралы заң болмағанда, көздеріңді дереу құртқызар едім» дегеннен кейін Ұбай ибн Кағбқа жазғызған мына төмендегі хатты Мүсәйлимаға жіберткен екен.

«Мейірімді және Рақымды Алланың атымен! Алланың пайғамбары Мұхаммедтен жалған, өтірікші  пайғамбар Мүсәйлиматул-кәззапқа! Біліп қой, жер беті  - Алла Тағаланың меншігі, оны қалаған құлдарына нәсіп етеді. Жақсы құлдардың өмірінің соңы да жақсы болмақ. Егер сен өзіңе ергендермен қоса тәубаларыңа келсеңдер, Алла Тағала сендерді кешеді».

 

Мүсәйлиманың ақыры

Ұхыд соғысында хазірет Хамзаны шәйіт қылған хазірет Уаһши кейіннен мұсылмандықты қабылдаған. Кәпір кезінде пайғамбардың туысын өз қолымен өлтірген Уаһши бұл ісіне мұсылман болғаннан кейін қатты опық жеген. Орны толмас өкініште жүрген ол Әбу Бәкір заманында Халид ибн Уәлид жасағына қосылып, Мүсәйлиманың әскерлерімен соғысқан болатын. Осы жолы қатесін жуып-шаймақ болып, кек қайтармақ ниетімен Уаһши Мүсәйлиманы тап басып танып, хазірет Хамзаны өлтірген найзасымен оны да түйреп өлтіріп, хазірет Хамзаны өлтіргендігіне Алладан жалынып кешірім өтінді.

0 пікір