Хадис. «Өтіріктің шыны да, әзілі де жақсылыққа апармайды».
Хадис. «Өтіріктің шыны да, әзілі де жақсылыққа апармайды».
2 сағат бұрын 120 islam.kz/
islam.kz
 أَلاَ وَإِيَّاكُمْ وَالْكَذِبَ فَإِنَّ الْكَذِبَ لاَ يَصْلُحُ بِالْجِدِّ وَلاَ بِالْهَزْلِ
«Біліп қойыңдар, өтіріктен барынша алыс болыңдар! Өйткені өтіріктің шыны да, әзілі де жақсылыққа апармайды».
(Ибн Мәжә, Сүнен).

Бұл сөздер – өтірік айтудан барынша сақтандыратын қатаң ескерту. Өйткені өтірік адамды күнәға, ал күнә жәһәннам отына жетелейді (Алла Тағала бізді одан сақтап, есендік бергей).

Егер адам «жай ғана әзілдеп айттым» деп өтірікке бой алдырса, уақыт өте келе бұл оның әдетіне, үйреншікті ісіне айналады. Содан кейін ол маңызды істерде де өтірік айта бастайды. Адам баласы өтірік айтып, өтірікке бой ұрған сайын, оның нәтижесі - Алланың құзырында «өтірікші» деп жазылуына алып келеді.

Ал мұның қарама-қайшылығы – шыншылдық. Шыншылдық адамды жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. «Адам баласы үнемі шындықты айтып, шындыққа ұмтылған сайын, ақыры Алланың құзырында «шыншыл» (сиддиқ) деп жазылады».

Өтірік

Өтірік – бүкіл мұсылман ғұламалары бір ауыздан «харам» деп бекіткен күнәлардың бірі. Өтірік дегеніміз – шындыққа жанаспайтын, адамның оның өтірік екенін біле тұра айтқан сөзі.

Сондықтан да ардақты сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.): «Өтіріктің шыны да, қалжыңы да жарамайды», – деген.

Өтіріктің ең сорақысы әрі үлкен күнәлардың үлкені – Аллаға және Оның Елшісіне жала жауып, өтірік айту (Алла бізді бұдан сақтасын).

Алла Елшісі былай деген:

«Шыншылдықтан айнымаңдар, өйткені шыншылдық ізгілікке, ал ізгілік жәннатқа бастайды. Желігіп өтірік айтудан сақтаныңдар, өйткені өтірік күнәға, ал күнә тозаққа жетелейді. Ксі үнемі өтірік айтып, өтірікті іздеп тұратын болса, Алланың құзырында «өтірікші» деп жазылады» (Бұхари мен Муслим риуаяты).

Тіпті адамдарды күлдіру үшін болса да, әзілдеп өтірік айтуға болмайды. Бұл туралы хадисте былай делінген:

«Жұртты күлдіру үшін өтірік айтқан адамның соры құрысын! Сорласын, соры құрысын!» (Ахмад, Әбу Дәуіт және Тирмизи жеткізген сенімді хадис).

Мұсылман адам бұл жиіркенішті әдеттен арылып, Алла Тағалаға шынайы тәубе етуі керек. Шынайы тәубенің белгісі – ол күнәға қайта оралмау және әрдайым шыншылдармен бірге болуға тырысу.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай бұйырады:

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар!» (Тәубе сүресі, 119-аят).

Сондықтан, мұсылман баласы өзіне зиян болса да шындықты айтуға, ал пайда әкелетіндей көрінсе де өтіріктен қашуға тырысуы тиіс. Алла Тағала бәріміздің тәубемізді қабыл еткей!

 

0 пікір