Күнәлардың кірер есігі: Көз салу (1)
Күнәлардың кірер есігі: Көз салу (1)
2 сағат бұрын 94 islam.kz/

Пендеге күнә атаулы көбіне осы төрт есіктен кіреді. Біз әр есікке жеке-жеке тоқталып, қысқаша баяндаймыз. Соның алғашқысы:

Көз салудың қаупі

Сұқтана қарауға келер болсақ: ол — нәпсі қалауының хабаршысы әрі оның елшісі. Көзді тыю — ұятты жерді сақтаудың негізі. Кімде-кім көзіне ерік беріп, әр нәрсеге сұқтана қараса, өзін құрдымға итермелегені.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Бір рет қарағаннан соң артынан тағы көз салма (қайталап қарама). Өйткені алғашқы (аңдаусыз) қарауың кешірімді болса, кейінгісі саған адал емес (күнә)».

Имам Ахмадтың «Мүснадында» жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың ігілігі мен сәлемі болсын) былай бұйырады:

«(Харамға) көз салу — ібілістің уланған жебелерінің бірі. Кімде-кім Алладан қорқып, бөтен әйелдің сұлулығына қараудан көзін тыйса, Алла Тағала оның жүрегіне Онымен қауышатын күнге дейін (қияметке дейін) үзілмейтін иман ләззатын ұялатады».
Сондай-ақ Ол кісі (с.а.у.): «Көздеріңді төмен қаратыңдар және ар-намыстарыңды сақтаңдар!» — деп ескерткен. Тағы бірде сахабаларына: «Жол жиегіне (көшеге) отырудан сақтаныңдар», — деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Біздің бұдан басқа бас қосып, әңгімелесетін жеріміз жоқ қой», — десті. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер міндетті түрде отыратын болсаңдар, онда жолдың хақысын беріңдер», — деді. Олар: «Жолдың хақысы не?» — деп сұрағанда: «Көзді төмен қарату, ешкімге зиян тигізбеу (жолаушыға бөгет жасамау) және сәлемге жауап беру», — деп жауап берді.

Күнәға апаратын сатылар

Көз салу — адам баласының басына түсетін барлық бәле-жала мен бақытсыздықтың бастауы. Өйткені:

  • Көз салу — көкейде ой тудырады.

  • Ол ой уақыт өте қиялға ұласады.

  • Қиял іштей нәпсі құмарлығын оятады.

  • Құмарлық нақты ниетке айналады.

  • Ал Ниет күшейіп, бел буған бекем шешімге ұласады.

Осыдан кейін, егер үлкен кедергі болмаса, күнәлі істің (іс-әрекеттің) жүзеге асуы әбден анық. Сондықтан да даналар: «Харамнан көзді тыйып, нәпсіге ие болу — күнәдан кейінгі өкініш пен ішқұсалықтың азабына шыдағаннан әлдеқайда жеңіл», — деп айтқан.

Көз сұқтанудың кеселдері

Көзді тыймаудың тағы бір кеселі — ол артында тек өкініш, ыза мен ішкі күйзеліс қалдырады. Пенде өзінің қолы жетпейтін, сондай-ақ көрген соң тағат тауып шыдай алмайтын нәрсесіне (қызға, әйелге) қарап қояды. Өзің шыдай да алмайтын, қолың да жетпейтін нәрсені көру — рухани азаптың ең үлкені.

Ең таңғаларлығы сол: Қараушының көз қиығынан шыққан жебе ол қараған нысанаға жетіп үлгермей жатып, ең алдымен сол қараушының өз жүрегін жаралап, орын тебеді.

 

0 пікір