Бiр аяттың сыры: Адамдар неге жұп болып жаратылған?
Бiр аяттың сыры: Адамдар неге жұп болып жаратылған?
9 жыл бұрын 9067
Алмат ЖАЛБАҒАЕВ
Қасиеттi Құранның “Хабар” деп аталатын сүресiнiң сегiзiншi аятында: “Бiз сендердi жұп етiп жараттық” дейдi Алла тағала. Оқып, ойға қалдым. Несiн жасырайын, iштей асылық қылып, “Мұны бәрi бiледi ғой. Құранның әкетiп бара жатқан ештеңесi жоқ екен-ау” деген күпiр ойдың жетегiнде кете жаздадым. Тек бiр жағдай болмағанда...
Құлықсыз болсам да Құранды алып, әр жерiнен бiр шолып, парақтай бастадым. “Ықылас” сүресiне келгенде тұмсығым тасқа тiрелгендей абдырадым да қалдым. Бiр аяттың құпиясы қысқа сүрелердiң бiрiнде жа­сы­рынғанына әрi қайран қалдым, әрi бойымды үрей биледi. Неге десеңiз, Хақтың бары мен бiр екендiгiнің ақиқаттығына  зәредей күмәнiм қалмады.
Тек көргенiнен жазбайтын дiнсiздердiң айт­қ­анындай, әлем өздiгiнен жаратылды ма? Ендi осы сауалға iз шиырлап, ой шалдырып көрейiк. Әлем өздiгiнен жаратылатын болса, онда ол кездейсоқ жаратылған болды ғой. Сол секiлдi адам да кездейсоқ, өздiгiнен жаратылғаны ғой. Олай болса, адам не еркек, не әйел немесе жыныссыз я болмаса санасыз, әлде он екi мүшесi кем бiреу болып жаратылар едi ғой. Онда тiршiлiк тоқтайды. Олай жаратылған адам ұрпақ тарата алмайды. Ұрпақ қалдыру былай тұрсын, өздiгiнен тiршiлiк те ете алмас едi. Табиғаттың барлық заңдылығы үйлесiм тауып, адам кездейсоқ ер-әйел болып жаратыла қалды делiк. Алайда жұп нәрсе олармен шектелiп қалмайды ғой: жануарлар да, жәндiктер де, құстар да, өсiмдiктер де – бәрi жұп-жұбымен жаратылған. Оларды қайда қоясың? Мұны да кездейсоқтық деймiз бе? Байқасаңыздар, жұбымен жаратыл­ғандар жоғарыда айтылғандармен ғана шекте­лiп қалмайды. Ыстық – суық, қараңғы – жарық, күн мен түн, оң мен терiс, плюс – минус т.б. Жұп нәрсе тек мына дүниеде ғана емес, сонымен бiрге, ана дүниеде де жаннат және жаһаннам болып алдыңнан шығады. Яғни, бұдан шығатын қорытынды – бiр Жаратушының барына саяды.
Бұл айтылғандар – мәселенiң бергi, беткi жағы. Ендi мәселе­нiң мәнiсiне, бiз сөз етiп отыр­ған ақиқаттың өзге қырына, басқа аспектiсiне, айсберг секiлдi маңызына зер салып көрейiк: Алла тағала әлемдi неге жұп-жұбымен жаратты? Мұның “көрсең – көзiң тоятын, ұстасаң – уысың толатын керiм” жауабын “Ықылас” сүресiнен табасыз. Жақшаның iшiнде айта кетейiн, бұл арада мен бейнелеп айтқанда, жал-жал толқын секiлдi бiрiншi аятын екiншiсi интерпретациялайтын, яғни, ашып түсiндiретiн “Ықылас” сүресiн тәпсiрлейiн деп отырғаным жоқ. Сiлтеме жасағаны деп түсiнiңiздер. Яғни, Алла тағала күллi әлемдi жұп етiп жаратуы арқылы Өзiнiң Жалғыздығын көрсеткiсi келдi. Өзiнiң Жалғыздығын көрсету арқылы Мұңсыздығын аңдатқысы келдi. Мұңсыздығын көрсету арқылы ешкiмге Мұқтаж еместiгiн көрсеткiсi келдi. Өзiнiң Пәктiгiн, Өзiнiң Құдiретiн көрсеткiсi келдi. Яғни, Алла тағала толып жатқан ең көркем есiмдерiн осылайша танытады.
4 пікір