Балаңызға Құран мәдениетін үйреттіңіз бе...
Балаңызға Құран мәдениетін үйреттіңіз бе...
4 жыл бұрын 4434

Бүгінде ата-аналардың «балаларымыз бұзылып бара жатыр» деген жан айқайын жиі естиміз.

Неге бұзылып жатыр? Оларға не бере алдық? Мұсылманша тәрбие бере алдық па? Егер, бақшаны қараусыз қалдырсаң, ол жерде арам шөптер мен тікендер өседі. Ал гүл ексеңіз бақшаңыз гүлістан болады. Сондықтан әрдайым өз-өзімізге сұрақ қоюымыз керек: Балама не бере алдым, одан жақсы нәтиже күтетіндей?

Табысыңыз халал табыс па? Бала-шағаңызға адал ас беріп жатырсыз ба? Бұл – бір.

Екіншіден, оған Құран мәдениетін үйреттіңіз бе, немесе үйретіп жатырсыз ба? Құраннан хабары бар ма? Құран мәдениетін бойына сіңдіріп жатыр ма? Оқығанын, естігенін көкейге тоқып жатыр ма? Өмірінде іске асыра ма?

Құран үйрену үшін немесе діни сауатын ашу үшін қандай оқу орнына бердіңіз (немесе курсқа)? «Досыңның көзі соқыр болса, бір көзіңді қыса жүр» деген, кімдермен достық құрып жүр, бақыладыңыз ба? Бүгін балаларымыздың немен мәшғұл болып жатқанын көріп жатырмыз ба? Олар теледидар мен интернетте және олардың сөкетті көшелерін шарлап жүр.  

Сол үшін ата-ананың ыждығаты, құрбандығы (өте маңызды). Имам Мәлік (Мәлики мәзхабының құрушысы және хадисші) не дейді? Ол былай деген:

«Менің ата-анам маған бір хадис жаттататын да, ол үшін сыйлық беретін. Бір хадис, бір сыйлық... Кейін уақыт өте келе, сыйлық бермесе де хадистің руханиятынан ләззат ала бастадым» - дейді (рахимаһуллаһ).

Ахмед ибн Ханбальді алалық. Төрт мәзхабтың бірін құрған ғұлама (Ханбали мәзхабын құрған). Ол (р.а.) өзінің үлгілі анасынан мынадай мысал берген:

«Мен он жасымда болғанда Құран Кәрімді түгел жаттадым. Күнде таң намазы кірместен бұрын анам мені ұйқымнан оятатын еді. Бағдаттың суық күндерінде дәрет суымды жылытып, әзірлейтін. Үстімді жылылап киіндіріп, мешітке бірге шығатынбыз. Үйіміз мешіттен ұзақ, әрі жол қараңғы болғандықтан анам да жаулығын тағып алып, менімен бірге мешітке келетін. Мені мешітке кіргізіп, күтіп тұрушы еді» - дейді ғұлама.

Осындай баладан кейін кім шығады? Имам Ахмед ибн Ханбаль шығады.

Имам Ағзам Әбу Ханифаны қараңыз... Бәрі өз алдына бір тұлға. Қарап тұрсақ бәрінің тұлға боп қалыптасуында аналарының, әкелерінің әсері көп болғандығын байқаймыз.

Сондықтан да, қадірменді жамағат, екі түрлі мұра бар. Бірі – материалды мұра (ақша, дүни-мүлік). Екіншісі және ең маңызды мұра – рухани, мағнауи мұра, яғни, балаңыздың тақуалық иесі – муттақи болып өсуі...

Осман Нұри Топпаш
(Сұхбатынан үзінді. Аударған: А.Қасым).

0 пікір