Қасиетті Құран Кәрімдегі Қарун қиссасы төңірегінде ой жүгіртіп отырған сәтте, қолыма әйгілі философ әрі әлеуметтанушы Зигмунт Бауманның «Өмірді тауысу» (Consuming Life) атты еңбегі түсті. Қарунның басынан өткен жағдайды пәлсапалық тұрғыдан пайымдай отырып және Бауманның «сұйық қоғам» (liquid modernity) теориясына үңіле келе, Құрандағы баяндау мен батыс ойшылының тұжырымдары арасында таңғажайып үндестік бар екенін аңғардым. Бауманның зерттеуі – Құрандағы Қарун қиссасы арқылы ескертілген қазіргі заманғы материалдық құнығу, тұтынушылық дерт және құндылықтардың құлдырау процесін бүге-шігесіне дейін ашып бергендей әсер қалдырды. Бұл байланыс жай ғана ұқсастық емес, адамның өз болмысын және бұл дүниедегі орнын түсінуіне қатысты терең рухани дағдарыстың көрінісі.
Материалдықтың символы — Қарун
Құрандағы Қарун қиссасы жай ғана тарих қойнауында қалып қойған өткен күннің хикаясы емес. Бұл — адам баласының дүниеқоңыздыққа салынып, өз болмысын тек байлық пен билікпен ғана өлшейтін сәттегі өзгерісін сипаттайтын мәңгілік ишара. Қарун — тарих сахнасынан бір көрініп жоғалған жеке тұлға ғана емес, ол — уақыт пен кеңістік таңдамайтын, қай заманда да бой көтеріп отыратын қоғамдық дерттің, теріс идеяның символы.
Бауман ілімінің өзегі — «сұйық заман» (Hate space / Liquid modernity) ұғымында жатыр. Бұл заманда адамгершілік құндылықтар мен әлеуметтік қарым-қатынастар тұрақсыз, тұрлаусыз күйге түседі. Маңыздының бәрі құнсызданып, тек дүние мен тауар ғана басты өлшемге айналады. Адамның қадірі - не нәрсе өндіргенімен емес, неге иелік ететінімен өлшенген сәтте, ол рухани тыныштығын сатып болса да, тоқтаусыз тұтыну мен иемденудің соңынан қуатын мақұлыққа айналады.
Қарун — осы құндылықтардың құлдырау үрдісінің алғашқы бейнесі. Ол үшін байлық - өмір сүрудің құралы емес, тіршіліктің жалғыз мағынасы болды. Оның көзін шел басқанда, әділдік, кішіпейілділік және о дүниелік есеп сияқты имандылық негіздері дүниенің жылтырағына төтеп бере алмай, күйреп қалды. Басқаша айтқанда, Қарун — өмірдің шынайы мағынасынан ажырап, тірегін жоғалтқан жан. Бауманның бүгінгі заманнан іздеп, емдегісі келіп жүрген дерті де осы.
Бауманның пайымдауынша, тұтынушы қоғамда адам баласы қоғамға тигізген пайдасымен немесе жасаған еңбегімен бағаланбайды; ол тек не тұтынатыны және қандай мүлікке ие екендігімен ғана танылады. Қарун да дәл осылай өзін тек байлығымен асқақтатып, мақтан тұтты. Сол сәтте оның қауымындағы көкірегі ояу даналар:
«Есіріп, мақтанба! Күдіксіз, Алла тасығандарды (шаттанғандарды) жақсы көрмейді», – деп ескерткен еді (Қасәс сүресі, 76-аят).
Осы арқылы олар дүние-мүліктің бақыт пен жан тыныштығының бірден-бір кепілі еместігін, байлықтың өзі мақсат емес, тек ұлы мұратқа жету жолындағы дәнекер екенін түсіндіргісі келді:
«Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде және дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық жасағандай, сен де жақсылық қыл. Жер жүзінде бұзықтық іздеме, өйткені Алла бұзушыларды сүймейді» (Қасәс сүресі, 77-аят).
«Бұл маған өз білімімнің арқасында берілді» — Шегінен шыққан Эгоизм
Құранның бұл тұсында үлкен пәлсапалық сұрақ жатыр: байлық тек адамның жеке еңбегі мен лайықтылығының (merit) ғана нәтижесі ме? Әлде ол сәттілік, әлеуметтік-тарихи жағдайлар мен Жаратқанның нәсіп етуінен құралатын кешенді құбылыс па?
Құран кітабы Қарунның пайымын қатал сынайды, өйткені ол:
- Жаратқанның берген ризығын (ғаиби өлшемді) жоққа шығарды.
- Әлеуметтік әділдікті (кедей-кепшіктің хақысын) ұмытты.
Бұл көзқарас пәлсапада Джон Роулз (John Rawls) сияқты философтардың «абсолютті дарашылдықты» сынайтын идеяларына саяды. Роулз адамның зейіні, ақылы мен қабілеті де толықтай оның жеке еңбегі емес, оған берілген сый екенін айтады.
Бауман сипаттаған «сұйық заманның» адамын да осы «дарашылдық» (индивидуализм) дерті меңдеген. Қазіргі заман адамы кез келген жетістігін тек өз қабілетінің жемісі деп біледі де, оған жағдай жасаған әлеуметтік ортаны, тарихи мүмкіндіктер мен адами қарым-қатынастарды мүлдем ескермейді. Қарун да өзіне «Аллаға шүкіршілік ет, мал-мүлкіңді игілікке жұмса» деген насихат айтылғанда: «Бұл маған өз білімімнің арқасында берілді» (Қасәс сүресі, 78-аят) деп жауап қатты. Бұл сөз — адамның өзінен жоғары тұрған Құдіретті де, қоғамды да мойындамай, өзін ғана пір тұтуының айқын көрінісі.
«Ол өз қауымының алдына сән-салтанатымен шықты» — Өзін пұлдау және адамның тауарға айналуы
Бауман «Өмірді тауысу» кітабында тұтынушы қоғамда адам тек тауар тұтынып қана қоймай, уақыт өте келе өзі де тауарға айналатынын айтады. Оның құны — қолындағы дүниесінің құнымен теңеседі. Автор: «Тұтынушылар қоғамында алдымен өзін тауар ретінде ұсына алмаған адам, ешқашан толыққанды тұлға (субъект) бола алмайды», – дейді.
Бұндай қоғамда әркім өзін жарнамалайтын алып маркетингтік машинаға айналады. Мұнда мазмұннан көрі форма (сыртқы жылтырақ) үстемдік құрады. Адамдар ішкі дүниесін байытуды ұмытып, сыртқы бейнесімен өзгелерден ерекшеленуге тырысады. Қарунның да «қауымының алдына сән-салтанатымен, асып-тасып шығуы» дәл осы қазіргі заманғы «көрсетілім мен паш ету» (display) психологиясының көрінісі еді.
«Шіркін, бізге де Қарунға берілгендей байлық берілсе игі еді!»
Бауманның ең құнды тұжырымдарының бірі: тұтынушы қоғам сөрелері тауарға толы болса да, адам бойында мәңгілік мазасыздық ұялатады. Себебі нәпсі ешқашан тоймайды, ал жаңа тауарлар тоқтаусыз шыға береді. Осыдан келіп қоғамда «еш нәрседен қалып қоймау» қорқынышы (FOMO) мен ішкі кемшіндік кешені (inferiority complex) туындайды. Тұтынушылық бақыт әкелмейді, керісінше, адамның ішіндегі рухани бостық пен мұқтаждық сезімін тереңдете түседі. Содан кейін адамдар қолында материалдық мүмкіндігі бар жандарға қызыға да, қызғана қарап, «шіркін, мен де сондай болсам» деген жалған қиялдың жетегінде кетеді.
Қарун әрекетінің қауіптілігі — оның тек өз байлығына мастанғанында емес, оның қараңғы бұқара мен таяз ойлы жандар үшін «табыну объектісіне» (кумирге) айналуында еді. Оның сән-салтанатпен қыдыруы — жай ғана көрініс емес, өзгелердің бойында салыстыру мен қызғаныш сезімін оятып, нәпсі мен тұтынушылық «арманды» тудырған сәт болатын.
Яғни, Қарун жай ғана бай адам емес, ол — өз заманының үгіт-насихат машинасы, адамдардың табыс туралы түсінігін улаған «трендсеттер» еді. Бүгінгі таңда бұл рөлді әлеуметтік желілердегі «жұлдыздар» мен «блогерлер» (инфлюенсерлер) атқарып отыр.
«Білім берілгендер болса: Түңілмеңдер! Алланың сауабы қайырлы... десті» — Құтқарушы сана
Әдеттегідей, мұндай жалған жылтырақ пен тобырлық ағымға қарсы тұра алатын жалғыз күш — терең білім және парасат пен ақыл-ой иелері. «Білім берілгендер» сыртқы көрініске табынып, адамдық болмысын ұмытқан тобырдың жетегінде кетпейді. Олар заттың сыртына емес, ішкі мәніне үңіліп, қоғамды рухани тоқыраудан сақтап қалатын темірқазық іспетті.
«Сосын Біз оны да, үй-жайын да жерге жұтқыздық» — Сөзсіз күйреу
Қорыта айтқанда, Қарун бейнесі — әр заманда әртүрлі кейіпте қайталанып отыратын макет. Бүгінгі әлемде адамның қадірі тек табысы мен тұтыну деңгейімен өлшенген тұста, «қазіргі заманның Қарундары» мына кейіпте бой көрсетуде:
-
Адами құндылықтарды ысырып қойып, тек пайда табуды көздейтін алпауыт корпорациялар;
-
Өз жетістігін тек ақшамен ғана өлшейтін жеке тұлғалар;
-
Білімді ілім алу үшін емес, тек жоғары жалақылы жұмысқа тұрудың құралы деп білетін студенттер;
-
Руханият пен әлеуметтік әділдікті ескермей, тек байлардың одан сайын байуына жағдай жасайтын экономикалық жүйелер.
Осылайша, Қарун қиссасы — Бауман заманауи қоғамның басты трагедиясы деп атаған «сұйық заман дағдарысының» ерте ғасырларда хатқа түскен пәлсапалық диагнозы.
Қарунның моделі адамды өзінің рухани, адами және имандылық болмысынан ажыратып, оны тек жансыз материяға айналдырады. Қазіргі тұтынушы қоғам бұл дертті «танымалдылыққа табыну», «байларды пір тұту», адам құнын әлеуметтік желідегі оқырмандар санымен немесе сыртқы имиджбен өлшеу арқылы жаңа сипатта қайта тірілтті. Сондықтан Құранның бұл жолдауы тарихи оқиға шеңберінен шығып, байлықты құрал емес, мақсатқа айналдырған кез келген жүйені мәңгілік сынға алады.
Егер бұл дерт қоғамды толықтай жаулап алса, ол әлеуметтік қатынастарды ірітіп, берекені қашырады да, түбінде Қарунның үй-жайымен бірге жерге жұтылғаны сияқты, қоғамның да күлін көкке ұшырады. Тек қана материяға негізделген кез келген жүйенің ішінде өзін-өзі жоюдың дәні егілген. Қарунның қайғылы аяқталуы — жай ғана жаза емес, бұл — тарихи және пәлсапалық заңдылық: адам баласы мен қоғам өзінің рухани негіздерінен ажыраған сәтте, оның құрдымға кетуі — сөзсіз ақиқат.
Әбу Бәкір Жүнейд, Қатарлық жазушы, «әл-Балағ» мәдени бірлестігінің директорлар кеңесінің мүшесі (islamonline.net)
Қазақшалаған islam.kz