Жұма күні оқылатын намаздардың артықшылығы
Жұма күні оқылатын намаздардың артықшылығы
2 сағат бұрын 128 islam.kz/
Абдульқадир әл-Гәйләни (қуддисә сирруһу)

Әли ибн әл-Хусейн ибн Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) өз әкесінен, ол өз атасынан (Алла оларға разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:

«Жұма – толығымен ғибадат күні. Қайсыбір мүмин пенде күн көтеріліп, найза бойы немесе одан да жоғары көтерілген уақытта дәрет алып, оны кемеліне келтіріп, ықыласпен сәске (духа) намазының екі рәкатын оқыса, Алла тағала оның дәптеріне екі жүз сауап жазып, екі жүз күнәсін өшіреді. Кім төрт рәкат оқыса, Алла тағала оның жәннаттағы дәрежесін төрт жүз сатыға көтереді. Кім сегіз рәкат оқыса, жәннатта сегіз жүз дәрежеге көтеріліп, барлық күнәсі кешіріледі. Кім он екі рәкат оқыса, Алла тағала оған мың екі жүз сауап жазып, мың екі жүз күнәсін кешіреді және жәннатта мың екі жүз дәрежеге көтереді».

Әбу Салих Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:

«Кім жұма күні таң намазын жамағатпен оқып, күн шыққанға дейін мешітте Алланы зікір етіп отырса, оған Фирдаус жәннатында жетпіс дәреже беріледі. Әрбір дәреже арасы – сәйгүлік аттың жетпіс жыл шабатын қашықтығындай. Кім жұма намазын жамағатпен оқыса, оған Фирдауста елу дәреже беріледі, оның арасы – жүйрік аттың елу жыл шабатын жолындай. Кім екінті намазын жамағатпен оқыса, ол Исмайыл (а.с.) ұрпақтарынан сегіз құл азат еткендей сауап алады. Кім ақшам намазын жамағатпен оқыса, ол қабыл болған қажылық пен ұмра жасағанмен тең».

Мужаһид ибн Аббастан (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

«Кім жұма күні бесін мен екінті арасында екі рәкат намаз оқып, әр рәкатында «Фатиха» сүресін бір рет, «Аятул Курсиді» бір рет, «Фалақ» сүресін жиырма бес рет оқыса; екінші рәкатында «Фатиха» сүресін бір рет, «Ықылас» сүресін бір рет, «Нас» сүресін жиырма рет оқып, сәлем берген соң елу рет «Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ» десе, ол дүниеден өтпес бұрын түсінде Раббысын көреді немесе жәннаттағы орнын көреді».

Сондай-ақ, бір бәдәуи Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:

«Уа, Алланың Елшісі! Біз қаладан алыс шөлде тұрамыз, әр жұма сайын келе берсек, қиындық туады. Маған еліме барғанда айтатын, жұманың сауабына жетелейтін бір амалды үйрете гөр», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, бәдәуи! Жұма күні күн көтерілген уақытта екі рәкат намаз оқы. Бірінші рәкатта «Фатиха» мен «Фалақ» сүресін, екіншісінде «Фатиха» мен «Нас» сүресін оқы. Намазды аяқтап, сәлем берген соң, отырған күйі жеті рет «Аятул Курсиді» оқы. Содан соң сегіз рәкат намазды екі-екіден оқып, әр рәкатта «Фатиха», «Наср» сүресін бір рет, «Ықылас» сүресін жиырма бес рет оқы. Намазыңды бітіргенде жетпіс рет «Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһил-алийил-азим» деп айт. Мұхаммедтің жаны қолында болған Алламен ант етемін, қайсыбір мүмин ер немесе әйел жұма күні осы намазды мен айтқандай оқыса, оған жәннатқа кіруіне мен кепіл боламын. Ол орнынан тұрмастан тұрып, Алла оның және мұсылман ата-анасының күнәларын кешіреді. Арштың астынан бір жаршы: «Уа, Алланың құлы! Амалыңды жаңадан баста, алдыңғы және кейінгі барлық күнәларың кешірілді», – деп жар салады», – деген.


Абдул-Қадыр әл-Жайлани: «Әл-Ғунийа ли-талиби тариқил-хақ» кітабынан. islam.kz 

0 пікір