Фақиһ Әбу Лайс аш-Самарқанди (Алла тағала оны рақымына алсын) айтады: Маған фақиһ Әбу Джағфар, оған Әбу Яғқуб Исхақ ибн Абдуррахман әл-Қари, оған Әбу әл-Аббас әл-Фадль ибн әл-Хакам ан-Найсабури, оған Язид ибн Абдулла, оған Икрима ибн Аммар, оған Шаддад ибн Абдулла әд-Димашқи, ал оған Әбу Умама әл-Бахили хабарлаған.
Әбу Умама айтады: Мен Амр ибн Абасаға: «Сені неліктен «Исламның төртіншісі» деп атайды?» – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Мен адамдардың адасушылықта жүргенін, ал бут-санамдардың ешқандай құны жоқ нәрсе екенін ұғынған едім. Кейін Меккеде бір кісінің дін насихаттап жатқанын естідім де, көлігіме мініп Меккеге келдім. Қарасам, Алланың Елшісі (саллаллаһу алейхи уа саллам) жасырынып жүр екен, ал елім оны қоршап, бақылауда ұстапты. Мен ептеп, айласын тауып оның қасына кірдім де: «Сен кімсің?» – дедім. Ол: «Мен пайғамбармын», – деді. Мен: «Пайғамбар деген не?» – дедім. Ол: «Алланың елшісімін», – деді. Мен: «Сені Алла жіберді ме?» – дедім. Ол: «Иә», – деді. Мен: «Ол сені немен жіберді?» – дедім. Ол: «Алланы бір деп танып, Оған ешнәрсені серік қоспауға, бұттарды қиратуға және туыстық қатынасты нығайтуға (ағайынмен араласуға) жіберді», – деді. Мен: «Бұл жолда сенімен бірге кімдер бар?» – деп сұрадым. Ол: «Бір азат кісі және бір құл», – деді. Өйткені ол кезде Онымен бірге тек Әбу Бәкір мен Біләл (р.а.) бар еді. Мен: «Ендеше, мен де саған ердім!» – дедім. Ол: «Бүгінгі күні бұған шамаң жетпейді. Бірақ ел-жұртыңа қайт, қашан менің жеңіске жетіп, еңсе тіктегенімді естісең, сонда маған кел», – деді. Сонымен мен мұсылман болған күйі еліме қайттым».
Амр ибн Абаса сөзін жалғап: «Аллаға ант етейін, со күні мен өзімді исламды қабылдаған төртінші адам ретінде көрдім», – деді. Яғни, ол кезде әлемде төрт-ақ мұсылман бар еді.
Кейін Алланың Елшісі (саллаллаһу алейхи уа саллам) Мединаға көшті (һижра етті). Мен көлігіме мініп, Мединаға келіп, Оның алдына кірдім де: «Уа, Алланың Елшісі, мені танып тұрсыз ба?» – дедім. Ол: «Иә, Меккеде маған келген кісі емессің бе?» – деді. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Маған Алланың Өзіңізге үйреткен білімінен үйретіңізші», – дедім. Ол айтты: «Таң намазын оқыған соң, күн шыққанша намаз оқуды доғар. Күн шыққанда да, ол толық көтерілгенше намаз оқыма. Өйткені күн шайтанның екі мүйізінің ортасынан шығады, ал кәпірлер со сәтте күнге сәжде етеді. Ал күн бір-екі найза бойы көтерілген соң намаз оқы, өйткені бұл намазға періштелер куә болып, қатысады. Көлеңке найзамен теңелгенге (талтүске) дейін оқи бер. Кейін тағы намазды тоқтат, өйткені бұл уақытта тозақ оты маздатылады. Ал көлеңке ауған соң (бесін уақытында) намазыңды оқи бер, бұл намазға да періштелер куә болады. Оны Аср (нтінтін) намазына дейін оқы. Аср намазын оқып болған соң, күн батқанша тағы намаз оқыма. Өйткені ол шайтанның екі мүйізінің ортасынан батады, әрі кәпірлер со кезде оған сәжде етеді».
Одан кейін мен: «Ей, Алланың пайғамбары! Маған дәрет туралы айтып беріңізші», – дедім. Ол айтты: «Қайсыбіріңіз дәрет суын дайындап, аузын шайып, мұрнына су тартып, қайта қақса, со сәтте-ақ оның аузы мен мұрнындағы күнәлары сумен бірге ағып түседі. Содан соң Алла тағала бұйырғандай жүзін жуғанда, жүзінің күнәлары сумен бірге жуылады. Екі қолын шынтағына дейін жуғанда, қолдарының күнәлары саусақ ұштарынан сумен бірге ағады. Басына мәсіх тартқанда (жуғанда), басының күнәлары шаш ұштарынан сумен бірге кетеді. Аяғын тобығына дейін жуғанда, аяқтарының күнәлары саусақ ұштарынан сумен бірге ағып тазарады. Осыдан соң ол орнынан тұрып, Алла тағалаға лайықты түрде мадақ айтып, шүкіршілік етіп, екі рақат намаз оқыса, ол анасынан жаңа туғандай күнәдан пәк болып шығады».
Әбу Ләйс әс-Самарқанди: "Тәнбиһуль Ғофилин". Дәреттің фазылеті.