Ата-анаға құрмет көрсетудің 4 жолы
Ата-анаға құрмет көрсетудің 4 жолы
6 жыл бұрын 16970
Руслан ҚАМБАР, исламтанушы

Ата-анаға жақсылық жасау перзенттік парыз екенін екінің бірі біледі. Десе де, әке-шешесінің көңіліне қаяу түсіретін, қала берсе қарайласпайтын адамдар баршылық. Безбүйрек бола тұра мұндай қарым-қатынасты өз перзентінен көруді қаламайтыны да шындық. Бірақ, ата-анаға қатысты бір ақиқатты естен шығармау қажет. Құранда әке-шешеге жақсылық жасауды Жаратқанға құлшылық етумен қатар әмір еткен. Сол сияқты, Аллаға серік қосудан кейінгі үлкен күнә – ата-ананы ренжіту. Демек, перзенттің ата-анасына жақсылық жасауы бала күнінде көрген ананың аялы алақанының жылуы мен әке қамқорлығының қайтымы емес екенін түсінуіміз керек. Өйткені, ата-ана қамқорлық жасамаған болса да, перзент оларға жақсы қарым-қатынаста болуы парыз. Ата-ана сізге бала күніңізде дөрекілік жасаған болса да, сіз оларға риясыз жақсылық жасауға міндеттісіз. Қала берсе, асыл дінімізде ата-ананың ақысы ешуақытта өтелмейтіні айтылған. Ендеше, ата-анаға жақсылық жасаудың негіздерін білген дұрыс.

Бірінші қадам. Жүрекпен жақындау. Мөлдір таза бұлақ суы жер қойнауынан атқылап шығатыны секілді жақсылық та жүректің түбінен бастау алуы керек. Жақсылық кіршіксіз таза көңілден шықпағы ләзім. Ел-жұрттың алдында жалған ұят үшін әкеге шапан жауып, анаға білезік тағудың ешбір пайдасы жоқ. Ата-анаға жақсылық – перзент парызы. Қайтымсыз міндет. Әке-шешең рахмет айтпаса да тоқтаусыз жасайтын іс екенін бар жүрегіңмен түйсін. Ата-анаға жақсылық істеу – ең үлкен құлшылықтың бірі. Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Мен Алла елшісінен (с.а.у.) амалдардың қайсы бірі ең абзалы? - деп сұрадым. Пайғамбар (с.а.у.): Уақытында оқылған намаз, - деді. Мен: "Сосын ше?" - дедім. Пайғамбар (с.а.у.): "Ата-анаға жақсылық жасау", - деді», - деп риуаят етеді.

Екінші қадам. Перзенттік міндет. Мына жалғанда сені жанынан артық жақсы көретін екі жан – әкең мен анаң екенін жадыңнан шығарма. Олар сенің бала күніңде табаныңа кірген тікен маңдайына кіруіне разы болған жандар. Сені ешнәрсеге мұқтаж болмасын деп таңның атысы мен күннің батысына дейін белін бүкпей еңбек еткен жандар. Әрбір жетістігің үшін оларға қарыздарсың. Сенің жетістігің олардың қажымас еңбегінің жемісі екенін ұмытпа. Бүгін олар қартайды. Бойындағы күш-қуаты қайтып, қала берсе әрнәрсені көңіліне алатын бала боп қалды. Енді сенің кезегің. Алайда, қарызды қайтару деп қабыл етпе. Таяу жылдарда олар өледі, соған дейін шыдай тұрайын деген ойдан аулақ бол. Керісінше, әр күні жан-тәніңмен, ынта-шынтаңмен қызмет ет. Язид бин Әбу Хабиб: «Әке-шешеңнің сөзін түзетуің – оларға жасалған күнә», - деп ақылсынудың өзі күнә екенін айтқан. Хасан Басри болса бір кісіге: «Анаңмен кешкі ас ішіп, бірге отырып әңгіме-дүкен құрып, көңілін көтеруің нәпіл құлшылықтан жақсырақ»,-деген екен.

Үшінші қадам. Жақсылық ұғымы. Жалпы, жақсылық ұғымын тар шеңбермен шектеуге әрекет етпеңіз. Жақсылық жасаудың бастауы – жүрек. Нұрлы ақыл мен ыстық жүректен шықпайынша жақсылықтан қайыр жоқ. Ата-анаға жасалатын жақсылық күн санап, молая түсуі керек. Қарызды қайтаруға асыққан адамның кейпінде болып тұнжыраған күйде жасалған жақсылық аты ғана жақсылық заты күнә іс. Ең маңыздысы, сөйлеген сөзіңіз бен жүзіңізден жұмсақтық пен жылылық лебі есіп тұрсын.

Төртінші қадам. Жәннат қақпасы. Жалдамалы пәтеріңіз ақысын төлеп берген адамға қалай алғыс білдірер едіңіз? Баспана алуға септігі тиген адамға ше? Жарайды, жол бойында тоңып тұрғанда тоқтап, көлігімен жеткізіп тастаған адамға ше? Мына жарық дүние есігін ашуға себепкер болған аяулы жандардың ертеңгі күні мәңгілік жәннатта мекен етуіңе де үлкен септігі тиеді. Сөз соңында айтарым, адам Жаратушысына жақындаудың ең төте жолы ата-анасына жақсылық жасау. Сонымен бірге, дұға-тілек қабыл болмауына сеп болатын күнә ата-ананы наразы ету екенін ұмытпаған жөн.  

0 пікір