Әмір-мағруф жасаушының 5 шарты (2 бөлім)
Әмір-мағруф жасаушының 5 шарты (2 бөлім)
10 ай бұрын 2994
Абдульқадир әл-Гәйләни (рахимаһуллаһ)

(Басы алдыңғы жазбада..)


Бисмилләһир рахманир рахим

Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюшы мұсылманның бойынан мына бес шарт табылуы керек. Олар:

1) Біріншісі - білім. Бұйырған нәрсесі мен тыйған нәрсесі жайында мәліметі бар болу.

2) Екіншісі, насихат айтып, әлдебір әбес нәрседен тыйғандағы мақсаты - рия, атақ және өзіне ұнамағандықтан ғана емес, Алланың ризалығын табу, Оның діні мен қасиетті сөзін үстем ету және итағаттың (бойсұнушылықтың) көрініс табуына жәрдем ету болуы тиіс. Шыншыл және ықыласты болғанда ғана оған Алланың жәрдемі болып, аяғын нық басады және тыйған әбестігі тоқтайды. Құранда Алла былай деген: «Егер Аллаға жәрдем етсеңдер, Алла сендерге жәрдем етіп, қадамдарыңды нық қылады». («Мұхаммед», 7 аят).

Мұсылман адам Аллаға серік қосудан сақтанып, насихатында халықтың илтипатын көздемесе және шын ықыласпен ізгі істер істесе, ол діттеген нәтижесіне қол жеткізе алады. Ал, олай болмаса, Алла оны өз халіне қалдырып, ақыры ұятқа қалып, қор болады, онымен қоймай, тыйған әбес ісі де тоқтамайды, қайта одан бетер өршіп, күнә істеушілер күшіне еніп алып, адам мен жыннан болған шайтандар Аллаға қарсы бірігуі мүмкін.

3) Үшіншісі - жұмсақтық. Жақсылыққа шақырғанда болсын, мейлі жамандықтан тыйғанда болсын, насихат айтатын кісі жұмсақтықты және сүйіспеншілікті ту етуі тиіс. Дөрекілік пен қаттылық қажет емес. Дін баурына насихатты жұмсақтықпен, оған мейірімділік таныта отырып айтқан дұрыс. Өйткені, лағынетті шайтан оның (теріс жолда жүрген кісінің) ақылын жаулап алғаны анық. Оған Раббысына қарсы келуді көркем іс ретінде көрсетіп қойған, осылайша оны қасыретке ұшыратып, тозаққа кіруін қалайды. Құранда: «Шынында, шайтан өзінің жақтастарын тозақтық болуға шақырады» делінеді. («Фатыр», 6 аят). Және де Алла Тағала өзінің сүйікті пайғамбарына (с.а.у.) былай деген еді: «Алланың саған рахымы түсіп, оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал, қатты жүректі болғаныңда, олар сенің айналаңнан тарап кетер еді».(«Әли имран», 159 аят). Сондай-ақ, Құдай Тағада Мұса пайғамбар мен Һарунды (ғалейһимассәләм) перғауынға жолдаған кезде жұмсақ болуларын бұйырған болатын: «Оған жұмсақ сөзбен (насихат) айтыңдар. Мүмкін құлақ асып, құдайдан қорқа бастар» деген тұғын. («Тоһа», 44).

Сахаба Усамадан жеткен бір риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) былай деген екен: «Мына үш ерекшелік бойында табылмайынша ешкімді жақсылыққа шақырып, ешкімді жамандықтан тыйып керек емес: «Бұйырған нәрсесі мен тыйған нәрсесін жақсы білу. Жақсылыққа бұйырғанда жұмсақ болу. Жамандықтан тыйғанда жұмсақ болу». («Итхаф»).

4) Төртіншісі - байсалды, сабырлы, кішіпейіл және жуас болмағы ләзім. Насихат айтатын кісі тәкәппар емес, кең жүректі, жанындағыға жұмсақ, дерттіге шипа болар емші, тентекті тәрбиелер дана, адасқанды тура жолға бастаушы көшбасшы бола білуі тиіс. Құранда Алла Тағала: «Олардың араларынан (насихатында) сабырлық танытқан кезде біздің бұйрығымызбен тура жолға бастар көшбасшылар шығардық» дейді. («Сәжде», 24 аят). Яғни, жұртынан шеккен жапаға сабырлық танытып, Алла Тағаланың дінінің көркейіп, өркендеуіне жәрдем еткені себепті, Алла оларды (насихатшыларды) мүміндердің көшбасшысы және халықты тура жолға ертетін дін дәрігерлері қылды. Алла «Лұқман» сүресінде былай деген: «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тый және басыңа келгенге сабырлы бол. Шынында бұл нәрселер Алланың табанды түрде бұйырған істерден». («Лұқман», 17 аят).

5) Бесіншісі - бұйырған нәрсесіне өзі амал ету және тыйған әбес нәрсесінен өзі таза болу. Біреуге айтып, бірақ өзі сол іспен былғанған болса, өзгелер онысын бетіне басуы мүмкін. Және де өзі айтып, бірақ өзі істемесе, Аллаға сүйікімсіз болады. Құранда: «Сендер Құранды оқи тұра, адамдарды жақсылыққа бұйырып, бірақ өздеріңді ұмыт қалдырасыңдар ма? Неге ойланбайсыңдар?» - делінген. («Бақара», 44). Әнәс ибн Мәликтен жеткен хадисте де Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп ескертеді: «Исра түні еріндері қайшымен қырқылып жатқан ер адамдарды көрдім. «Бұлар кімдер, уа, Жебірейіл?» - деп сұрағанымда, Жебірейіл періште (ғ.с.): «Бұлар сенің үмбетіңнен болған уағызшылар. Олар, Құранды оқи тұра, адамдарды жақсылыққа үгіттеп, бірақ өздерін ұмыт қалдырды». (Ахмед, «Мүснәдә»; Ибн Хаббан).

Бір шайыр былай деген екен:

Өзің істеп тұрып, халықты тыйма,
Егер өзің (күнәні) істесең, саған үлкен айып...

Осы тұрғыда, әлдекімге насихат айтып, оны әбестіктен тыюшы кісі мүмкіндігінше оңашада өзіне жеке айтқаны абзал. Оңашада өзіне айтқаны өтімді болады. Сахаба Әбу Дәрдә (р.а.) былай деген екен: «Кім өзінің дін бауырына жария түрде насихат айтса, оны жайратқан болады. Ал кім оңаша өзіне айтқан болса, жайнатқан болады». (*Жайратқан болады... - жаман атқан қалдырған болады).

Бірақ, егер оңашада айтқан насихаты пайда бермей, ағаттықтан тыйылмаса, сол кезде барып, өзге ізгі, салиқалы адамдардың көмегімен оған ашық түрде айтып, әбестігінен тыюға тырысады, оған да тыйылмаса, құзырлы органдардың көмегіне жүгінеді (егер сондай қылмыс тірлік болса).

Күнәһар мұсылманның әмір-мағруф жасап,
жамандықтан тыюына болмай ма?

Бесінші шартында айтқанымыздай, насихат айтушы кісі тыйған нәрсесінен өзі де таза болмағы ләзім дедік. Бірақ шейхтарымыз (мәзхаб ғалымдары, ұстаздары) айтқан: «әмір-мағруф, нәһи-мүнкәр жасау - тақуа мұсылманға міндет болғаны секілді, күнәһар мұсылманға да міндет» деген. Біз бұған жоғарыдағы аят пен хадистердің жалпы мағынасын берерде меңзеп өттік... Оның үстіне Әбу Һурайрадан жеткен бір риуаятта Алла елшісінің былай дегендігі келтіріледі: «Өздерің істемесеңдер де жақсылыққа бұйырыңдар. Өздерің тыйылмасаңдар да әбестіктен тыйыңдар». («Мүжмәъуз Зәуәид». Табаринден жеткен). Себебі, ашық немесе жасырын күнәдан ешкім пәк емес. Егер күнәдан пәк адам ғана әмір-мағруф жасауы керек деп шектеу қойсақ, уағыз-насихат (әмір-мағруф пен нәһи-мүнкәр) айтудың шеңбері тарығып, арты діннің әлсіреуіне алып келеді1...


1Шейх Абдульқадір әл-Гәйләни хазрет: «әл-Ғұния ли-Толиби Ториқиль хақ». 112 бет. Араб тілінде. Ықшамдап алынды.

Қазақшалаған Абдусамат Қасым

0 пікір