Әмір-мағруф және оның шарттары (1 бөлім)
Әмір-мағруф және оның шарттары (1 бөлім)
10 ай бұрын 2291
Абдульқадир әл-Гәйләни (рахимаһуллаһ)

*Әмір-мағруф, нәһи-мүнкәр - адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. 

Төмендегі жазба атақты ойшыл, сопы, Хәнбали мәзхабының ғалымы, "қадария" тариқатының құрушысы Абдульқадир әл-Гәйләнидің (XI-XII ғасыр) "Ақиқат жолын іздеушіге керекті мәліметтер" атты кітабынан аударылды (араб тілінде) 


Бисмилләһир рахманир рахим

Алла Тағала өзінің кітабында жақсылыққа шақырушылар мен жамандықтан тыюшыларды арнайы тілге алып, оларды мақтаған. Құдай Тағала былай дейді: 

«(Сондай) жақсылыққа бұйырушылар мен жамандықтан тыюшылар және Алланың (сызған) шегінен шықпаушылар - (осындай) Мүміндерді сүйіншіле!». («Тәубә», 112 аят).

Басқа бір аятта былай деген: 

«Сендер - адамдарға шыққан үмбеттің ең қайырлы болғанысыңдар. Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыйясыңдар және Аллаға иман етесіңдер». («Әли Имран», 110 аят).

Риуаяттарға қарағанда Алла елшісі (с.а.у.) әмір-мағруф жасау жайында былай деген:

«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйыңдар. Әйтпесе, Алла сендердің жамандарыңды жақсыларыңа үстем етіп қояды, ол кезде жақсыларың Аллаға дұға жасап тілейді, бірақ дұғалары қабыл болмайтын болады (немесе дінге дағуат жасап шақырғанда, оларға құлақ асылмайтын болады)».

Сәлим ибн Абдулла ибн Омар өзінің әкесінен (Абдулла ибн Омардан р.а.) мынадай хадис жеткізген, онда Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Алладан кешірім тілегенде күнәларың кешірілмей қоймасын десеңдер және Аллаға дұға жасағанда дұғаларың қабыл болмай қалмасын десеңдер, (адамдарды) жақсылыққа бұйырыңдар және жамандықтан тыйыңдар. Шынында, «әмір-мағруф» пен «нәһи-мүнкәр» жасау - несібені тоқтатпайды, ажалды жақындатпайды. Естеріңде болсын, кезінде яһуди (иудей) дін өкілдері мен христиан монахтары әмір-мағруф пен нәһи-мүнкәр жасауды доғарған соң, Алла оларды пайғамбарларының тілімен лағынеттеп, одан кейін ауыр сынақтарға тап қылды»1. (Әл-Бәйһақи риуаят еткен).

Әмір-мағруф кімге уәжіп?

Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю - азатты, мүкәлләф жастағы және сол нәрсені білетін барлық мұсылманға міндет. Басшы, ғалым, қазы немесе қарапайым халықтан бірі болуының айырмашылығы жоқ (шамасы келсе, сол нәрсені білетін бірлық мұсылманға міндет). Бірақ үлкен бұзғыншылыққа алып келмейтіндей және өзіне әрі мал-жанына залал тимейтіндей құдіретте (шамада) болмағы шарт.

Шарттары

1) Білу.

Жаман деген нәрсесінің расында да жаман нәрсе екендігін білуі және оған көзі жеткен болуы шарт. Өйткені, жамандықтан тыйямын деп күнәға батып қалу қауіпі де бар, неге десеңіз, жамандық дегені оның ойлағаныдай жаман нәрсе болмай, керісінше жақсы нәрсе болып шығуы әбден мүмкін. Алла Тағала Құранда айтқандай: «Ей, мүмін-мұсылмандар! (Күмәнді) Ойдың көбінен сақтаныңдар. Ойлардың кейбірі күнә» деген. («Хужурат», 12 аят).

Сондай-ақ, жамандықтан тыюшы кісіге жасырын ағат нәрселерді әшкере қылу міндет емес. Өйткені Алла Тағала ол нәрседен (біреудің жасырын айыбын тіміскілеуден) тыйған. Құранда: «аңдып, тіміскілемеңдер» деп бұйырған. («Хухурат», 12 аят). Мұсылманға ашық көрінген ағаттықты терістеу міндет, ал әшкере болмаған жасырын ағаттықты тіміскілеп, оны әшкере қылуға тырысу - шариғатта тыйым салынған іс.

2) Шамасы жету.

Бір ағаттықты тыюға «шамасы жетуі» шарт. Себебі, риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Қоғамда бір кісі күнә жасап, адамдар онысын өзгертуге (тоқтатуға) шамалары жете тұра өзгертпесе, Алла олардың бәрін тәубеге келмей тұрып азапқа дұшар қылады»2.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтып отырған «әбестікті өзгерту талабы» - қоғамда ізгі жандар басым болып, патша әділ болса және оған (насихатшыға) ізгілік иелері көмекші болса, сондай кезге қатысты. Ал, ағаттықты терістеу және одан тыю өзіне қауіп төндіріп, мал-жанына залал келтіретін болса, оған ол іс уәжіп болмайды (нәһи-мүнкәр уәжіп болмайды). Алла Тағала Құранда: «Өз-өздеріңді қатерге итермелемеңдер» деп бұйырған. («Бақара», 195 аят). Басқа бір аятта: «Өздеріңді өлтірмеңдер» делінеді. («Ниса», 29 аят).

Пайғамбарымыз да (с.а.у.) бір хадисінде: «Мүмін адам өзін қор қылуы жарамайды» дейді. Сонда қасындағы: «Қалай өзін қор қылады?» деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Шамасы келмейтін нәрсеге араласуы арқылы»3 деп жауап береді. (Бірақ, жүрекпен ол нәрсені ұнатпай тұруы тиіс). 

Басқа бір хадисте: «Егер өзгерте алмайтын (тоқтата алмайтын) бір (ағат) іс көрсеңдер, Алла Тағаланың өзі ол нәрсені өзгерткенше сабыр сақтаңдар» делінген4.

Әмір-мағруф жасау міндет емес екендігі нақтыланған кісінің, өзіне зиян тиюі мүмкін болса да әмір-мағруф жасап, ағат істен тыйғаны дұрыс па?

Бізше, оған рұқсат, тіпті, егер ол сабырлы және табанды кісі болса, өзіне зиян тию қауіпі бар боп тұрса да ағат істен тыймағы абзал саналады. Оның ол ісі Алла жолында кәпірлермен соғысқанмен тең. Құдай Тағала Құранда «Лұқман» қиссасында: «Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тый және басыңа келгенге сабырлы бол!» деген. («Лұқман» сүресі, 17 аят).

Пайғамбарымыз да (с.а.у.) сахаба Әбу Һурайраға: «Уа, Әбу Һурайра! Жақсы істі бұйыр. Жаман істен тый. Және басыңа келгенге сабыр ет!» деген тұғын5.

Әсіресе, (өзіне зиян болса да) залым патшаның қасында хақты айту немесе күпір сөз белең алғанда, иман сөзін ашық айту (Алла жолында соғысқанмен тең болмақ). Фақиһ ғұламалар осы мәселеге бір ауыздан келіскен. Олар мен біздің арамыздағы талас - бұл екі мәселеден өзгесінде.

«Ағат іс бәрібір тыйылмайды, жалғаса береді» деген ойы басым болса, сонда да оған одан тыю міндет бола ма, әлде міндет болмай ма?

Бұған қатысты Имам Ахмедтен екі тұжырым жеткен:

Бірінде - міндет болады делінген, себебі, ағат істі істеуші оның тыйымынан кейін өзін шектеп, жүрегі жұмсаруы мүмкін, және оның шыншылдығының берекетінен оған Алладан тауфиқ-һидаят беріліп, теріс жолдан қайтуы мүмкін. Ал (бәрібір тыйылмайды деген) ойдың басымдылығы - ағат істі тыюдың рұқсат болуына кедергі емес.

Екінші тұжырымында - тоқтайтындығына сенімді болмаса, ағат істен тыюі міндет емес делінген. Өйткені, әлдебір ағаттықтан тыюдағы мақсат - оны тоқтату. Ал тоқтамайды деген ойы басым болса, оны қоя бергені абзалырақ (Имам Ахмедтен (р.а.) осындай екі жауап жеткен).

Әмір-мағруф, нәһи-мүнкәр жасау уәжіп болғандар үш топқа бөлінеді

Біріншісі - әлдебір ағат істі қолымен (іс жүзінде) тоқтата алатындар. Бұларға - басшылар мен патшалар жатады.

Екіншісі - әлдебір ағат істі сөз жүзінде тыйя алатындар. Бұларға - дін ғалымдары жатады.

Үшіншісі - іштей ғана жүрекпен терістей алатындар. Бұларға - қарапайым мұсылмандар жатады. (Әлдебір, ағат істі тым болмағанда іштей ұнатпай тұруы тиіс).

Осы мағынада хадис келген. Сахаба Әбу Саъид әл-Худри мынадай хадис риуаят етеді. Онда Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Сендердің біреулерің әлдебір әбес тірлік көрсе, оны қолымен өзгертсін. Оған шамасы жетпесе, тілімен (сөз жүзінде айтып) өзгертсін. Оған да шамасы жетпесе, жүрегімен (ұнатпай тұрсын). Бұл - иманның ең әлсізі»6.

Сондай-ақ, бұл жағдайға қатысты кейбір сахабалардан мынадай кеңес айтылады: «Сендердің біреулерің әлдебір әбестік көрсе және оны тыйя алмаса, үш рет былай десін: «Уа, Алла! Мына ағаттықтың көзін жой!». Егер ол осылай десе, оған әмір-мағруф және нәһи-мүнкәр жасағанның сауабы беріледі»...7

(Жалғасы бар).


 2  Ибн Ъади.
3  Тирмизи, «Сүнән»; Ибн Мәжә: «Сүнән».
4  Имам Табарани риуаят еткен («Мүжмәъ әз-Зәуәид»).
5  әл-Бәйһақи риуаят еткен; әл-Хатыйб Бағдади.
6  Имам Мүслім, «Сахих Мүслім»; Имам Тирмизи: «Сүнән».
7  Абдульқадір әл-Гәйләни хазрет: «әл-Ғұния ли-Толиби Ториқиль хақ». 112 бет. Араб тілінде.

Қазақшалаған Абдусамат Қасым

0 пікір