Әжетхана әдебін жақсы білесіз бе?
Әжетхана әдебін жақсы білесіз бе?
9 жыл бұрын 6462
Абдусамат Қасым

Әжетханаға кіруге ниет еткен кісі төменде тізбектелген әжетхана әдебіне де аса мән бергені дұрыс. «Әжетхана әдебі» деп - Пайғамбарымыздың кейде істеп, кейде істемеген мұстахаб амалдарын айтамыз[1]. Дегенмен, төмендегі көрсетілген тізімде кейбір мәкрүһ, уәжіп сияқты мұстахаб амалдарға жатпайтын мәселелерге де тоқталып өттік:

1. Кісі елдің көзінен таса жерде әжетін өтеуі керек. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді:«Пайғамбарымыз (с.а.у) түзге шығарда (әжетін өтерде), ешкім көрмейтін жерге кетіп қалатын»[2]. Қазіргі таңда арнайы әжетханалар бар.

2. Тамақтан кейін әжетханаға кірерде қол жуылады. Осылайша, қол жуу арқылы түрлі микробтардың басқа жерлерге таралуының алдын аламыз.

3. Әжетханаға кіргенде басқа бас киім, аяққа арнайы сүйретпе киіп кірген абзал. Бір «мүрсәл» хадисте:«Пайғамбарымыз әжетханаға кіргенде аяқ киімін киіп, басын жабатын»[3] делінеді. Үйдегі  әжетханаға жалаң аяқ кірмей, арнайы сүйретпе киіп кірген дұрыс. Қолды сыбанып, шалбардың балағын түруді де ұмытпаған жөн.

4. Әжетханаға Алланың және Пайғамбарымыздың есімдерін немесе Құран аяттарын ала кірмеу керек. Тирмизиде риуаят етілген хадисте сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у) әжетханаға кіргенде қолындағы сақинасын шешіп кіретін (онда Мұхаммад Расулуллаһ деген жазу бар еді)»[4].

5. Әжетханаға сол аяқпен кірген жөн. Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта: «Кімде-кім, әжетханаға сол аяғымен емес, оң аяғымен кірсе, кедейлікпен сыналады»[5],–делінген.

6. Кірген кезде: «Әғузу билләһи минәль Хубси уәль Хабаис» (еркек және ұрғашы жындардан Саған сыйынамын) деген дұға оқылады. Зәйд ибн Әрқамнан Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына хадисі риуаят етіледі: «... Кімде-кім, әжетханаға кіретін болса«Әғузу билләһи минәль Хубси уәль Хабаис» деген дұғаны оқысын»[6].

7. Қажеттілік туындамаса, әжетханада сөйлемеу керек. Әжетханада сөйлеу – мәкрүһ. Бұл жайында Ибн Мәжәнің «сүнәнында» риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Түзге шыққан екі адам бір-бірінің әуретіне қарамасын, сөйлеспесін. Ақиқатында, Алла Тағаланың мұндайға ашуы келеді»[7],– делінген.

8. Әжетке отырғандамүмкіндігінше құбылаға алдымен яки артымен  қарамай, оң немесе сол жақ бүйірімен отыру керек.  Бұл жайында сахаба Әбу Әйюб әл-Ансари Пайғамбарымыздың (с.а.у) былай дегенін риуаят етеді: «Түзге шығатын болсаңдар үлкен дәретте де, кіші дәретте де Құбылаға алдымен де, артымен де қарамай, шығысқа не батысқа  қарап отырыңдар. (Бұл - құбыласы оңтүстікте не солтүстікке сай келетіндер үшін. Ал,  құбыласы батыста не шығыста болса, онда  оңтүстікке не солтүстікке қарап отырады[8][9].

9. Әжетханада жүрелеп отырғанда оң тізесін көтеріңкіреп, сол аяғын басыңқырап отырған жөн. Бұл көбіне тегіс орналасқан унитаздарға қатысты айтылған. Хадисші Бәйһақидің хадистер жинағында келтірілген бір хадисте сахаба Сурақа ибн Жағшам былай дейді: «Бізге әжетханаға кіргенде салмағымызды сол аяғымызға салып, оң аяғымыздың тізесін тіктеп ұстауымызды үйретті»[10].

10. Әжетін өтеп болғаннан соң  «истинжа» (ішкі дәрет) жасау – сүннет. Истинжа - дәрет қағазымен, кесек таспен, яки, су қолдану арқылы орындалады. Бұның ішіндегі ең абзалы – су қолдану. Ал, егер, үлкен не кіші дәрет шыққан жеріне жайылатын болса, онда сумен тазалау - уәжіп болмақ[11]. Кіші дәрет сындырғаннан кейін зәр жан-жағына шамамен алақандай жерге[12] жайылмаса, онда дәрет қағазымен ғана тазалау жеткілікті.

  • Осы тұрғыда айта кететін маңызды мәселе, ішкі дәретте мұсылман бауырларымыз барынша денсаулыққа назар аударғаны дұрыс. Ол үшін мына үш нәрсені естен шығармау керек: Бірінші – тек белгілі жағдайда ғана истинжада су қолдану уәжіп болмақ, ал, басқа уақыттарда үкімі – мұстахаб. Яғни, ер кісілер кіші дәретте дәрет қағазымен ғана шектелсе жеткілікті. Дегенмен, мүмкіндігінше су қолданған абзал. Екінші – барынша жылы су қолдануға тырысу керек.  Үшіншісі – Ер кісілер нәжіс шыққан жерін ғана жуса жеткілікті, айналасын жуудың қажеті жоқ.

11. Ішкі дәретте сол қолданылады. Оң қолмен тазалау – жеңіл мәкрүһ[13]. Әбу Дәуідте келген бір риуаятта Айша анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз оң қолын таза нәрселерде және тамақ жегенде қолданатын. Ал, сол қолын әжетханада және басқа да лас нәрселер үшін қолданатын»[14].  

12. Кіші дәреттімүмкіндігінше, отырып сындырған жөн. Тирмизиде келтірілген бір хадисте Айша анамыз былай дейді: «Біреу сендерге «Пайғамбар (с.а.у) тұрып дәрет сындырды» десе, ол сөзге сенбеңдер. Ол тек қана отырып дәрет сындыратын»[15].

13. Дәрет сындыратын кезде денеге, киімге зәр шашырамау жағына қатты көңіл аударған жөн. Әбу Дәуідте келтірілген бір хадисте сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің риуаяты бойынша Алланың Елшісі (с.а.у) былай дейді: «Дәрет сындырғысы келген кісі зәрі тез сіңіп кететін жер таңдасын»[16].

14. Жуынатын жерлерге дәрет сындырмау керек. Бұл – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Ешкім шомылатын (және дәрет алатын) жеріне кіші дәрет сындырмасын. Ол жерге кейін жуынады ғой. Шындығында, күмәннің көбі содан туындайды (яғни, нәжіс тиіп кеткен жоқ па деген күмән туындайды)»[17].

15. Нәжіске қарамау.

16. Ер кісілер кіші дәреттен кейін қалған зәрден толық арылулары керек. Бұны шариғатта «истибра» дейді. Бойдағы зәр толығымен шығып кеткеніне сенімді болғанға дейін, белгілі бір қимылды істеу керек. Бұның үкімі – уәжіп. Мысалы, жүру, жөтелу, отырып тұру т.б.[18]. Пайғамбарымыз бір сөзінде былай дейді: «Зәрлеріңді толықтай шығарыңдар (Истәнзиһу). Шынында, қабірдегі азаптың көбі соның салдарынан болмақ»[19].

17. Көпшілік орындарға, жолға, көлеңкеге дәрет сындыруға тыйым салынады. Сахаба Муғаздың айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Лағынетке ұшырағандардан ұзақ тұрыңдар. Олар мына үш жерге дәрет сындыратындар: Тұрған суға (немесе адамдар жиналатын су жағалауларына), жол ортасына және көлеңке жерлерге»[20].

18. Әжетханадан оң аяғымен шығып, «Ғуфранәкә» деу – мұстахаб. Айша анамыз былай дейді: «Пайғамбар әжетханадан шығарда «Ғуфранакә» (кешіріміңді тілеймін) дейтін»[21].

19. Әжетханадан шыққаннан кейін мүмкін болса, қолды иіс сабынмен жуған абзал.

[1] Бадаиғ – 1/223 бет.
[2] Тирмизи, Китабут Тахарат, №16-баб/20-хадис.
[3] Әл-Бәһути, Кәшшәфуль Қинағ, Бәбуль Иститаба уә Әдәбут Тәхалли.
[4] Тирмизи, Китабуль Либас, №1746-хадис.
[5] Әл-Бәһути, Кәшшәфуль Қинағ, Бәбуль Иститаба уә Әдәбут Тәхалли.
[6] Әбу Дәуід, Китабут Тахарат, №6-хадис. (Сахих)
[7] Ибн Мәжә, Китабут Таһарат, 342-хадис.
[8] Алиуль Қари, Мирқатуль Масабих, «Бәбу әдәбуль Хала» – 2/48бет.
[9] Тирмизи, Китабут Тахарат, №6-баб/8-хадис.
[10]Байһақи - №418-хадис.
[11]Әл-Масули, әл-Ихтияр – 1/121 бет.
[12]Асғат Мухаммад Сағид ас Сағиржи, әл фиқһуль ханафи уә әдилләтуһу, 1-том, 40-41 беттер.
[13]Алиуль Қари, Мирқатуль Масабих – 2/49 бет.
[14]Әбу Дауід, Китабут Тахарат, 17-баб/33-хадис, 1/26бет.; Сахих Муслим, Китабут Тахарат, (267)-64 хадис, 137-бет.
[15]Тирмизи – №8-баб/12-хадис. 1/56-бет.
[16]Әбу Дәуід, «Бәбу әр-Ражүлу иәтәбәууәу  либәулиһи», №3-хадис. Ғаунуль Мағбуд - Әбу Дәуід шархы.
[17]Әбу Дәуід, Китабут Тахарат, №27-хадис.
[18]Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар, «Бабуль Әнжәс».
[19]Сүнәну Даруқутни,  Китабут Тахарат- (7) -457-хадис.
[20]Әбу Дәуід және Ибн Мәжә риуаят еткен; Алиуль Қари, Мирқатуль Масабих – 2/67 бет
[21]Әбу Дәуід – 11-баб/30-хадис.

0 пікір