Ата Заң – ел ынтымағының ұйытқысы
Ата Заң – ел ынтымағының ұйытқысы
9 жыл бұрын 5974
Алдаберген Үсен

Бүгінгі күні бейбітшіліктің белдеуіне айналған Қазақстан республикасы – демократиялы, құқықтық әрі зайырлы мемлекет. Құшағына сан тағдырлы ұлтты сыйғызып отырған жұртымыздағы ынтымақтың ұйытқысы – ол Ата Заң. Ата Заң азаттығымыз бен егеменді ел екенімізді, дербес мемлекеттігімізді көрсететін құнды да қастерлі құжат. Ел азаматтарының арқа сүйер алтын арқауы. Ол аталар аманаты ретінде кешегі Қасымның «қасқа жолы», Есімнің «ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысының» жалғасы, тәуелсіздіктің тірегі. Кез келген мемлекет өзінің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын осы негізгі құжат - Конституция арқылы айқындайды. Бұл құжатта мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстанның төл алғашқы Ата Заңы қолданысқа енді. Араға екі жыл салып тағы да толыға түсті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен байланысты екенін былай деп атап көрсетті: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі ұстанымдарын баянды етуге тиіс болатын».

Тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық және әлеуметтік саладағы дамуға бағытталған реформалардың барлығының жемісті нәтижесін біз бүгін көріп отырмыз. Мемлекеттік биліктің біртұтастығының бекуі, оны шашыраңқы күйден, жинақы жүйеге айналуы, мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігінің күшеюі, халық пен мемлекет арасындағы байланыстың күшеюі – бәрі де осы Конституциямен тікелей қатысты жүрді. Біз бүгін елдегі дін саласындағы оң өзгерістерді де Ата заңмен байланыстырамыз. Ата заң бойынша демократиялық қоғамның бір талабы ретінде әр адамға наным-сенім еркіндігі берілген. Ендеше, әр елдің қастерлі күні болып табылатын Ата Заң қабылданған күнді айрықша мереке етіп, заңдарымызды құрметтеу - әрбіріміздің азаматтық міндетіміз. Елбасымыз қадап айтқандай: «Конституцияны қатаң ұстану  - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ».

Ата Заң күні құтты болсын!

Алла елімізге амандық, жерімізге тыныштығын берсін!

0 пікір