Адамдар үш түрлі: Өткенде қалып қойғандар, болашаққа табынатындар және бұкүндіктер...
Адамдар үш түрлі: Өткенде қалып қойғандар, болашаққа табынатындар және бұкүндіктер...
25 күн бұрын 1607
Доктор Юсуф әл-Қардауи

Адамдардың өмір сүріп жатқан уақыты немесе заманы үш бөлімге бөлінеді. Олар: Өткен шақ, осы шақ және келер шақ. Басқаша айтқанда: Кеше, бүгін және ертең.

Адамдар да уақыт пен заманның осы бөліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді:

  1. Өткеннің құлы (яғни, өткенде қалып қойғандар)
  2. Бұкүннің табынушылары
  3. Келешектің табынушылары.
  4. Және төртінші топ тағы бар, олар – орта жолдағы, әр уақытты орнымен пайдаланатын, аспай-таспайтын тепе-теңдік иелері.  Бұлар – аз.

1. Өткенде қалып қойғандар  

Кейбір адамдар бар, өткеннен басқа білетіндері шамалы. Олар тек өткен шақта өмір сүреді. Одан басқасына көп мән бере бермейді. Өткеннің айтулы күндерін, өткеннің бақытты сәттерін аңсаумен болады.

Өткенде қалып қоюшылық әртүрлі бейнеде көрініс табуы мүмкін. Айталық:

  • Тек өткенді мақтан тұтып, өткеннің жетістігімен көкірек қағатындар. Бұндай адамдар өткен мен бұгінді байланыстыратын қосымша дүние немесе жаңа нәрселер ойлап табудан, яки жаңалық ұсынудан құдай аманат. Олардың тек айтатыны: Біздің әкелеріміз, аталарымыз анадай еді, мұндай еді... Араларында «біз былай істедік, біз ананы жасадық» дейтіндер табыла бермейді.  Осындай адамдарға қатысты Мүтәнәбби дейтін шайырдың мынадай өлең жолдары бар: 
    «Текті ата-бабаңмен мақтансаң, оның шындық,
     Бірақ, олар неткен жаман ұрпақ қалдырған...»...
    Өткеннің жетістігін, ата-бабаларымыздың мұрасын мақтан тұтқан жақсы, ұнамды нәрсе, егер олардың бастағандарын тәмәмдасақ және олардың істеген жақсы істерін әрі қарай жалғастырсақ. Ал, солардың жетістігін паш етумен ғана тоқтап қалу – қоғамды құруда алға жылжытпайтын пассивтік тәсілдің бір түрі...
  • Бұл топтағылардың тағы бір бейнесі «атамұрашыларда» (әсіре дәстүршілерде –ауд.) көрініс табады. Яғни, атадан қалған мұраның (дәстүрдің, әдет-ғұрыптың т.б.) жақсысы мен жаманын, дұрысы мен бұрысын, маңыздысы мен маңызсызын бөліп-жармастан бәрін қасиет тұтатындар, бәріне киелілік, қасиеттілік беретіндер. Олардың көзқарасы бойынша, өткен кезең қазіргі кезеңнен әрдайым жақсы. Әуелгілер ақырғыларға істейтін еш нәрсе қалдырмаған...
  • Сондай-ақ, өткенде қалып қоюшылардың қатарына «өткенмен өмір сүретіндерді» жатқызсақ болады. Мұндайлардың өмірі өткенде өтіп жатады. Өткенге өкініп, өткен кезеңдерінде жоғалтқандарына қасырет шегумен болады. Үнемі өкініш пен қайғы сөздерін қайталаумен болады: Әттең оны жасағанымда; Әттең бұлай еткенімде; Әттең ол нәрсені істемеуім керек еді; Әттең ерте қамдануым керек еді т.б... Мұндай пікірдің қате екендігін айтқан Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:  "Қуатты мүмин әлсіз мүминге қарағанда анағұрлым Аллаға сүйкімді, әрі ардақты. Дегенмен әрқайсысына да (немесе әрқайсысында) жақсылық бар. Сен өзіңе пайдалы нәрсеге ұмтыл. Алладан жәрдем сұра. Әлсіздік танытпа. Қиындыққа тап болған сәтте: "Әттеген-ай, (басқаша) істегенімде, бұлай болмас еді", - деп өкініш білдірме. Ондай жағдайда: "Алланың жазғаны осы, Ол не қаласа, сол болады", - де (сабырлық таныт)! Өйткені "әттегене" шайтанға жол ашады". («Сахих Мүслім»).

2. Келешекке табынатындар.

Адамдардың арасындағы екінші топ, ол – келешекшілер. Бұлар - «Өткеншілерге» қарама-қарсы ұстанымды ұстанатын, шамадан тыс келешекке жармасып қалған топ. Өткенге теріс айналып, тарихынан, үмбетінің тарихынынан, адамзаттың тарихынан түбегейлі бас тартатындар. Салт-дәстүрлерінің, мәдени мұраларының, діндерінің, мәдениеттерінің ақ-қарасын, адал-арамын, пайдалы-пайдасызын айырмай, бәрін бірдей жоққа шығаратындар. Бұлардың ұстанымдары да қате...

Осы тұрғыда келешегінен мүлдем үмітсіз жандар да баршылық. Болашағынан түңілген, көздеріне үнемі үмітсіздік пен қаратүнек көзілдірігін тағып алушылар бар. Өмірге, тіршілікке, заманға, мекенге көздеріндегі үмітсіздік көзілдірігі арқылы қарайтындар. Болашаққа деген сенімдерін жоқалтып, жетістікке жететіндерінен қол үзгендер... Мұндай кісілердің ойында «істер тек құлдырауға бет алуда. Өмірді қара түнек басты, оның атар таңы жоқ» деген пессимистік пікірлер орнығып алған.

Сөзсіз бұндай пессимистік көзқарас – жоюшы. Ең алдымен, адамның өзін жояды, сосын өмірді жояды, айналасындағыларды жояды... Көкейінде үміті жоқ үмітсіз қоғам – рухы жоқ, қимылы жоқ жансыз дене іспетті. Үміт болмағанда құрылысшы биік-биік ғимараттар соқпас еді. Үміті болмаса бақташы ағаштың көшетін отырғызбас еді. Үміт болмаса ғылым-білім алға қарай ілгерілемес еді. Шындығында, дін де, тарих та, өткен-кеткен де, бәрінің бізге үйреткені: үмітсіздік жайласа өмірдің мәні қалмайды дегендік. Күмәнсіз әр қиындықпен бірге, екі есе жеңілдік бар. Күмәнсіз батар күннің, атар таңы бар. Яғни, бір жағдай үнемі өзгеріссіз айналып тұруы мүмкін емес. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алланың рахымынан тек кәпір қауымы ғана үмітін үзеді», - дейді. («Юсуф» сересі, 87 аят). Басқа бір аятында: «Кім Алланың рахымынан үміт үзетіндер, тек адасқандар». («Хижр» сүресі, 56 аят)...

Осы тұрғыда, болашағынан түңілгендермен қатар, керісінше болашағына бейғам қарайтын жандар да баршылық. Болашағына ілім-білім үйренбестен, жұмыс істеместен, жоспар құрмастан, құр бос қиялмен, бейғамдылықпен қарайтындар.

Құран Кәрім "бейғамдылық" пен "бос сенімділікті" құп көрмейді. Бірақ, үміт етуді жоққа шығармайды. Бос сенімділік пен үміттің айырмашылығы бар. Үміт, ол – әрекет етумен бірге болады. Ал әрекетсіз құр сенімділік, ол басқа (ол «бейғамдылық» деп аталады-ауд.).

Хасан Басрый былай деген: «Кешірімге қол жеткізуге деген сенімділік көп адамды алдады, олар бұ дүниеден жақсы амалсыз өтіп кетті. Олардың кейбірі: «Мен Раббыма деген жақсы ойда боламын» дейді. Онысы өтірік. Егер, Раббысына деген жақсы ойда болғанда, жақсы амалдар жасайтын еді», дейді де мына аятты оқиды: «Бұл сендердің Раббыларыңа қарасты ойлаған ойларың – сендердің түбіне жетті. Осылайша ұтылғандардан болдыңдар». («Фуссыйләт» сүресі, 23 аят)...

3. Қазіргі сәттің ғашықтары.

Адамдардың арасында тағы бір топ бар, ол топ – өткеніне қарамайтын және болашағын ойламайтын, тек қана бүгінгі күнмен өмір сүретін топ. Олар үшін өткен өтті. Өткен - өлгенмен тең. Өлген нәрсемен ойымызды, миымызды мәшғұл етудің қажеті жоқ. Ал болашақ – ғайыб. Ғайыб – белгісіз. Шынайы адам белгісіз нәрсеге байланбау керек. Өйткені, ол нәрсе құмға үй соққанмен тең. Ауаға жазу жазғанмен тең дейді олар.

Бұлай ойлаушыларды – бұгінгі күннің елесі алдап, ертеңін ойлауға кедергі жасады. Кешегісін пайдалануға кедергі жасады.

Бұндайлар – осы күннің, қазіргі сәттің ғана адамы. Олардың ақыретпен ісі жоқ. Өйткені ақырет – болашақтың ісі. Олар қарызға зат сатпайды, қазіргіні ертеңгіге айырбастамайды, тарихпен шұғылданбайды, дәстүрін, атамұрасын танымайды. Өйткені олардың бәрі өткен шақ.

Егер, адам үшін осы сәті ғана маңызды болса, ол не жоғалтады? Құдайға итағат етіп, оның айтқанын істеудің не керегі бар? Ақиқатқа жақтасып, ізгі істер істеудің, ізгілікті жаюдың қажеті қанша?!

Ақиқатында, «қазіргі сәт» дегеніміз, ойлап қарасақ, тек өткен мен келешектің ортасындағы бір сәт қана. Мына шайырдың айтқаныдай:

«Заман тек екі сәттен тұрады: 
 Өткенге ой жүгірту және Қалғанды пікірлеу»....

4. Дұрыс көзқарас.

Уақыт пен заманға қарасты ең дұрыс көзқарас – Исламның көзқарасы. Ол өткенді де, қазірді де, болашақты да ішіне қамтиды.

Өткенге көз жүгірту керек. Өткен жағдайлардан, болған оқиғалардан сабақ алу үшін және бізден алдын өмір сүрген халықтың жағдаяттарынан үгіт алу үшін, Алланың заңдылығынан үгіт алу үшін, өткенге көз жүгірту керекпіз. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Жербетіңде жүріңдер. Өтіріксінгендердің соңы не болғанын қараңдар». («Әли Имран» 137 аят).

Басқа бір аятта: «Олар жер бетін шарламай ма?! Осылайша ақыл жүгіртетін жүректері, еститің құлақтары болсын. Шынында көздер көр болмайды. Көр болатын – көкіректегі жүректер». («Әли Имран» сүресі, 146 аят).  

Әзіреті  Омар бір сөзінде: «Өздеріңді есепке алынбай тұрып, есепке алып отырыңдар. Істеріңді таразға тартылмай тұрып, таразылаңдар» деген...

Сондай-ақ, келешекке де қарау керек. Адамның табиғаты болашаққа қарай ұмтылады. Адам баласына өткенін ойлап, өткенді еске алу қабілеті берілгені сияқты, болашағын қиялдап, болашағында не боларын ойлайтын қабілет те берілген.  

Ақылды адам болашаққа әзірлігін жасайды. Әлдебір іске боларынан бұрын қамданады. Құран Кәрімде Алла Тағала былай деп бұйырған: «Ей, иман еткендер! Алладан қорқыңдар және әрбір жан ертеңге не дайындады, бір қарасын». («Хашр» сүресі, 18 аят)....

Осы орайда, дін адамды артқа сүйрелейді деп ойлайтындар қателеседі. Дініміздің ең басты маңыз аударған нәрсесі – болашақтағы мәңгі өмірге адамды дайындау. Яғни, болашаққа, мәңгі өмірге, бұ дүниеден де қайырлы болған өмірге дайындау. Болашаққа қараудың негізі – дінде жатыр.  (Мұсылман адам тек ақыретін ғана ойлап, бұ дүниеден қол үзбейді. Мұсылман осы дүниедегі өмірі арқылы о дүниесіне дайындалады-ауд.)...

Қазіргі сәтке маңыз аудару.

Мұсылман адам өткенінен сабақ алып, болашағына әзірлік жасаумен қатар, қазіргі сәтін де ұмыт қалдырмай, аса ұқыптылықпен мән беруі тиіс. Қазіргі сәтті бос жіберіп алмас үшін, оны ғанимет білуі керек. Қазіргі сәтті ғанимет біліп, дұрыс пайдаланып қалудың маңыздылығын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына сөзінен артық түсіндіре алмаспыз. Ол (с.а.у.) былай деген: «Егер кімде-кімнің қолында құрманың көшеті болып, сол сәтте қиямет қайым болып кетсе, қолындағы көшетін егіп үлгере алса, ексін!»... 

 

«әл-Уақту филь Хаятиль Муслим» («Уақыттың мұсылман өміріндегі орны»)
атты кітаптан ықшамдап алынды. 

Ықшамдап аударған: А. Қасым. (islam.kz) 

0 пікір