Туыстармен араластығыңыз қалай?
Туыстармен араластығыңыз қалай?
8 жыл бұрын 5886
Алдаберген Үсен
Мұсылмандар үшін маңызды жауапкершіліктердің бірі – туыстар мен достарды ұмытпай қалын сұрап тұру. Әр мүмкіншілікте достар мен туыстарға қалын сұрап бару, батасын алу, арадағы сыйластық пен жылы сезімді жаңалап отыру керек. 
Туыстарға бармау, араластықты үзу – ол үлкен күнә істеумен бара-бар, дос, туысқа опасыздық жасағанмен тең. Ал шынтуайтында Раббымыз мұсылманның маңызды құлшылықтарын атағанда, туыстарына көрсетуі қажетті көңіл бөлуін дереу үшінші кезекке қойып былай деген: 
– Әуелі Аллаға құлшылық жасаңдар, содан кейін ата-анаға бағыныңдар, үшінші ретте туыстарға жақындық көрсетіңдер, араластықты үзіп жат болып кетпеңдер!..
Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жақындарымен араластықты үзгендерге мешітінде өткір ескерту жасап былай деген:  
– Егер бір жиында туыстарымен араластықты үзгендер бар болса, ол жиынға рақым періштелері түспейді!
Осы ескертуді тыңдағандардың бірі дереу үндемей орнынан тұрып, сыртқа шығып, көптен бері араластығы үзіліп қалған туысының қалын сұрауға асығады. Біраздан кейін қайтып келіп орнына үндемей отырғанда Пайғамбарымыз сұрайды: 
– Әлгінде туыстармен араластықты үзбеу туралы айтқанбыз, солай ма? Сонда әлгі кісінің берген жауабы айтарлықтай:
– Менімен араластығын үзген бір туыс әпкем бар еді. Сіздің ескертуіңізден кейін барып сол кісінің қалын сұрап үйіне бас сұқтым. Менің келгенімді көргенде, таңырқап әрі қуанып «Сен оңайлықпен келмеуші едің, қалай келіп қалдың?» деп сұрады. Мен туыстықты үзбеу керектігі туралы сіздің ескертуіңізді айтқанымда, сол мезет қолын жайып дұға оқыды. Мен әмин деп, ол кісімен арадағы ренішті кешірісіп осында қайтып келдім.
Бұны естігенде Пайғамбарымыз (с.а.у.): 
– Мынаны ұмытпаңдар, туыстарымен араластығын үзген адам бар жиынға Раббымыздың рақым періштелері түспейді. Сен осы үлгілі ісіңмен әрі жиынымызға рақым періштелерінің келуіне жол аштың, әрі өзіңнің опалы, жанашыр екеніңді байқаттың. Аз іспен көп сауапқа баттың.
Дәл осы кезде мынандай бір сұрақ қойылады: 
– Мен туысыма барамын, алайда ол келмейді, мен кешіремін, алайда ол кешірмейді. Мен де енді онымен қасарысқым келмейді.
Сонда бұл жағдайды да кең түсіндіріп былай деді: 
– Туысыңның саған жасаған қателігін сен де оған көрсетсең, қателікке қателік жасап, онымен тең жағдайға түсесің. Онда араларыңда не айырмашылық болады? Сен қателікке туралық көрсет, сонда қате іске ортақтаспайсың. Мынаны ұмытпа, сен туыстарыңмен жақсы сыйласқан сайын жұмаққа жақындай түсесің. 
Айналып келгенде бұл ескертулерден мынаны түсінеміз: туыстармен, жақындармен, достармен араластықты үзудің кесір-кесепаты үлкен.  Мәселен, «Адамды тозақтан алыстатып, жұмаққа жақындататын амалдар қандай?» деп сұраған сахабаға пайғамбарымыз былай деп жауап берген: 
– Намазын оқыған, оразасын ұстаған, күнәлі істерге жуымаған, туыстарымен байланысын үзбеген адам тозақтан алыстап, жұмаққа жақындататын істермен шұғылданатын адамдар қатарында саналады. 
Демек, намаз, ораза секілді маңызды құлшылықтарымыздың арасында туыстардың қалын сұрап барып тұру да орын алуда. Осы себепті кітаптарда былай делінеді:
– Жаяу жүріп барып туысының қалын сұрауға шамасы келгендер әр қадамына алатын сауабының көптігін ойлап, жаяу болса да баруға ниет етуі керек. Ол мүмкін болмаса, көлікке мініп баруы керек, алыстықты сылтау етпегені дұрыс, қолына қарапайым сыйлық ұстап барса да туыстық араластықты ұстап отыруға әрекет жасағаны мақұл. Реті келгенде телефон соғып, сәлем беріп болса да арадағы сыйластықты сақтаған дұрыс.
2 пікір
  • Керемет мақала! Негізі, туыстық қатынас деген ең мықты қатынастардың бірі. Қазақтар "ағайын бір өлі, бір тіріде..." деуші еді. Демек, той-томалағыңда сенімен бірге олардай ешкім қуанып, қуанышыңа ортақтаспайды. Ал өлім-жытымда олардай ешкімнің қабырғасы қайысып, ренішіңді бөліспейді. Тойда да солар жүгіріп қызмет етеді. Жиындарда да солар қатарға тұрып, қайғыны бірге бөліседі. Дегенмен, бір ақын айтқандай: "бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ екен...". Әркім өз жолын таңдап, өз отбасын құрып, өз тіршілігін жасайды. Арасы ұзап кетсе де, біріне бірі тілекші, тілеуқор болады екен. Сыртынан дұға етіп, бірінің бірі тілеуін тілейді. Әсілінде, нағыз бақыт деген осы шығар. Тілеуіңді тілейтін адам барда, сен ең бақытты адамсың. Алла разы болсын!
    8 жыл бұрын
  • "– Мен туысыма барамын, алайда ол келмейді, мен кешіремін, алайда ол кешірмейді. Мен де енді онымен қасарысқым келмейді."
    Сүймегенге сүйкенбе деген бар емес па?
    Кешіруден де шаршайсың, кешіре берген сайын қадіріңді түсінбей, басына беретін де туыстар болады, олармен қоян -қолтық араласпай, алыстан сыйласу керек па, деп те ойлаймын.
    Сыйлағанның мен де құлымын.
    8 жыл бұрын