Құрандағы отбасының түпкі мақсаттары
Құрандағы отбасының түпкі мақсаттары
18 сағат бұрын 382 islam.kz/

Авторы: Фатима Хафиз, исламтанушы, доктор, Мысыр.

Құран Кәрім отбасы мәселесіне айрықша мән беріп, оны Жаратқанның пендесіне берген ұлық нығметі, Оның барлығы мен құдіретін айғақтайтын белгі-аяттың бірі ретінде қарастырады. Құранда бұл хақында: «Сендердің оларға тұрақтап, тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жубайлар жаратуы әрі араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят) делінген. Құран өзге ешбір ұйым мен мекемеде кездеспейтіндей етіп, отбасылық үкімдерді инеге жіп саптағандай егжей-тегжейлі баяндайды. Кейін бұл шариғи үкімдерді иман негіздерімен (ақидамен) байланыстырып, тек заңдық тыйымдармен шектелмей, отбасының түпкі мәні мен мұраттарын кеңінен толғайды.

Белгілі болғандай, Құранда «отбасы» сөзі тікелей ұшыраспайды, оның орнына ер азаматтың төңірегін, ата-жұртын сипаттайтын «Әәл» (әулет) және «Әһл» (шаңырақ, үй іші) ұғымдары қолданылған. Осыдан-ақ отбасының негізі ер мен әйелдің адал некеленуінен басталып, соңы ұрпақ сүюмен өрістейтінін аңғарамыз.

Ал отбасының түпкі мақсаттары – бұл Құран Кәрім бекіткен, ошақ басындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі бағдарлар мен ізгі мұраттар. Фиқһ негіздерін зерттеуші ғалымдар бұл ұғымды әртүрлі атаған: бірі «ұрпақты сақтау» десе, екіншісі «текті сақтау» деген. Тағы бір тобы «абыройды сақтау» немесе «ар-уятты сақтау» деген сөздерді қолданған. Бұл, бір жағынан, ғалымдардың мәселеге икемділікпен қарағанын көрсетсе, екінші жағынан, осы ұғымдардың бір-бірімен тығыз сабақтас екенін білдіреді.

Тілдік тұрғыдан алғанда, неке – абыройды сақтайтын қалқан, ал Шариғат талап ететін адал ұрпақ тек некелі қатынастан туады. Бұл ұғымдардың арасында ажырамас байлам болғандықтан, ғалымдар оларды бір-бірінің орнына қолдана берген.

Сонымен қатар, ғалымдар (әсіресе қазіргі дәуір зерттеушілері) отбасын сақтауда бұл мақсаттардың қайсысы ең негізгі (зәрурият), ал қайсысы толықтырушы (хажият) дәрежеде екеніне қатысты әртүрлі пікір айтқан. Ибн Ашур, Әл-Райсуни және Әл-Зухайли сияқты ғалымдар «ұрпақты сақтауды» басты зәрурі мақсат деп санап, ал тектілік пен ар-ұятты сақтауды соған жеткізетін қажеттіліктер ретінде қарастырады. Ал Нұреддин әл-Хадими сияқты ғалымдар бұл үшеуін де (ұрпақ, тек, ар-ұят) бірдей негізгі зәрурі мақсатқа жатқызады.

Құрандағы отбасы мақсаттарының жіктелуі

Ғалымдардың отбасы мақсаттарын жүйелеудегі бұл аздаған айырмашылықтары үлкен байлыққа жол ашты. Профессор Мухаммад Шейх бұл саладағы зерттеулерді жинақтай келе, ғалымдардың отбасына қатысты 20-дан астам мақсатты бөліп көрсеткенін анықтаған. Олардың кейбірі Құранның жалпы жалпы адамзаттық мақсаттарына, ал кейбірі шариғат үкімдерінің терең мәніне қатысты. Бұл ұқсас мақсаттарды төмендегідей негізгі топтарға жинақтауға болады:

1. Адамзат баласын және оның болмысын сақтау

Бұл – тұтас Шариғаттың ең басты әрі негізгі мақсаты. Бұл мақсат өзінен кейінгі үш түрлі қорғанысты қамтиды:

  • Адамның биологиялық болмысын сақтау: Ұрпақ өрбіту және адам тегінің үзілмеуін қамтамасыз ету.

  • Тектік тегін сақтау: Перзенттің өз ата-бабасын, шыққан тегін нақты білуін қамтамасыз ету (тектілік).

  • Рухани-ахлақтық болмысын сақтау (Тәзқия): Адам тек денеден емес, рухани, моральдық құндылықтардан тұратындықтан, оның имандылық келбетін сақтау.

Құран Кәрімде осының әрқайсысы өз көрінісін тапқан.

Адам тегін сақтау мәселесінде Құран адамзаттың амандығы мен көбеюінің жалғыз жолы – неке екенін бекітеді: «Әй, адамдар! Сендерді бір кісіден жаратқан және одан оның жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» («Ниса» сүресі, 1-аят). Сол себепті Ислам адамның табиғи болмысына шектеу қоятын, ұрпақ сүю бақытынан айыратын тәркі дүниелікті (рохбания) құптамайды. Сол сияқты, жатырдағы шарананы зәру себепсіз алдыруға (аборт) тыйым салып, оны адамзат ұрпағының жалғасуына жасалған қиянат деп бағалайды.

Тектілікті сақтауда Ислам адамның тегін қорғап, оған қандай да бір нұқсан келуін қылмыс деп таныған. Осыған орай зинаға тыйым салу, жақын туыстармен некелесуге тыйым салу, бала асырап алғанда оның тегін өзгертпеу (табанни), сүт бауырластық пен идда мерзімін сақтау, жатырдағы баланы жасырмау сияқты көптеген шариғи үкімдер бекітілген. Бұның бәрі – тектің шатасуынан сақтаудың амалдары.

Ал рухани-ахлақтық болмысты (Тәзқия мен тәрбие) сақтау – тек адам баласына ғана тән қасиет. Жануарлар әлемі моральдық нормаларсыз-ақ өмір сүре береді, ал адам баласы рухын тәрбиелемей өмір сүре алмайды. Бұл орайда отбасынан артық тәрбие мектебі жоқ. Сол себепті де дінімізде бала тәрбиесіне, оны бағып-қағуға, нәпақа беруге, білім беріп, денсаулығын күтуге қатысты арнайы үкімдер бекітілген.

2. Ихсан (احصان - Ар-ұятты қорғау және адалдық қорғаны)

«Ихсан» сөзі тілдік тұрғыдан «қорғану», «берік қорғанмен қоршалу» деген мағынаны білдіреді. Араб тілінде «ахсана» – отау құрды, ал «хисн» – ішіне бөгде жан өте алмайтын биік, берік қамал дегенге саяды.

Құранда бұл сөз негізінен әйел затқа қатысты бірнеше мағынада қолданылады:

  • Некені білдіреді: «Күйеуі бар әйелдер де (сендерге арам етілді)...» («Ниса» сүресі, 24-аят).

  • Ар-ұяттылық пен инабаттылықты білдіреді: «Арлы әйелдерге жала жапқандар...» («Нұр» сүресі, 23-аят).

  • Азаттықты (еркіндікті) білдіреді.

Бұл мағыналар бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі отбасы – ар-ұяттың қорғаны, ал неке мен азаттық – осы арлылыққа жеткізетін басты себептер.

Шариғатта осы «Ихсан» мақсатын жүзеге асыру үшін үйленуге үндеу, шарттарымен көп әйелділікке рұқсат беру, некеден тыс бұрыс қатынастардан (зина, гомосексуализм) сақтандыру, оған апаратын жолдарды бөгеттеу (оңаша қалмау, орамал тағу т.б.) сияқты қаншама үкімдер бар. Ал отау құрғаннан кейін біреудің ар-ұятына тиісіп, жала жапқандарға қатаң жаза (80 дүре) белгіленген.

3. «Сәкәнә» - Көңіл жайлылығы мен отбасылық тыныштық.

«Сәкәнә» – Құран бекіткен ең басты мақсаттардың бірі. Құранда: «Ол сендерді бір жаннан жаратты әрі оған тұрақтап, тыныштық табуы үшін одан жубайын жаратты» («Ағраф» сүресі, 189-аят) делінген.

«Сәкән» – әбігерліктен арылу, тоқтау, тынышталу дегенді білдіреді. Құран ұғымында оның екі қыры бар:

  • Заттай/материалдық тыныштық: «Алла сендерге үйлеріңді тыныштық мекені етті» («Нахл» сүресі, 80-аят).

  • Рухани тыныштық: «Оларға дұға ет, расында сенің дұғаң – олар үшін көңіл жубанышы (сәкән)» («Тәубе» сүресі, 103-аят).

Осы отбасылық тыныштық орнау үшін Алла Тағала жубайларды бір жаннан жаратты. Себебі бұл бауырластыққа жақын, жатсынудан алыс. Сол сияқты, неке уақытша емес, өмірлік болуы тиіс. Сондықтан Исламда уақытша белгіленген некенің кез келген түрі (мысалы, мутға некесі) жарамсыз деп танылған.

Бұған қоса, ерлі-зайыптылардың бір-бірімен көркем қарым-қатынаста болуы бұйырылып, бұл үлкен жақсылық деп бағаланған: «Олармен көркем түрде өмір сүріңдер. Егер оларды жақтырмасаңдар, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген қайыры болуы мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят). Дұрыс, көркем қарым-қатынас болмаған жерде тек жамандық пен күнә орын алады.

4. Тәрахум (Өзара мейірімділік пен жанашырлық)

Шаңырақ туыстық қатынастар негізінде құрылып, қоғам болып кеңейеді. «Жатыр» (ар-рахм) – отбасының биологиялық негізі болса, «мейірім» (ар-рахма) – оның рухани-ахлақтық діңгегі. Шариғатта туыстық қатынас жай ғана биологиялық байланыс емес, некеден туындайтын әкелік, перзенттік, нағашы-жиендік, сүт бауырластық пен мұрагерлік сияқты үлкен құқықтық жүйе.

Өзара мейірімділік – Құранның негізгі мұраттарының бірі. Құранда бұл туралы: «...Өз тарапымыздан болған мейірім ретінде...» және «...араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салды...» делінген.

Мейірім отбасының әрбір буынын шарпиды: ерлі-зайыптылар арасындағы мейірім, ата-ана мен бала арасындағы мейірім (Нұх пайғамбар мен оның ұлы сияқты), бауырлар арасындағы мейірім (Мұса мен Һарун пайғамбарлар сияқты). Бұл мейірім – отбасылық ынтымақтың да, жалпы қоғамдық мейірімділіктің де негізгі кепілі.

5. Қоғамдық ынтымақтастық пен ынтымақ

Доктор Абдулмажид әл-Надджардың пікірінше, бұл – отбасын құрудағы ең басты мақсаттардың бірі. Себебі Шариғат отбасын тек екі адамның жеке шаруасы емес, бүкіл қоғамға қатысты маңызды іс деп қарастырады. Сол себепті де Құрандағы отбасына қатысты бұйрықтар көбіне көпше түрде келеді: «Араларыңдағы бойдақтарды... некелендіріңдер» («Нұр» сүресі, 32-аят) немесе «Егер екеуінің арасының бұзылуынан қорықсаңдар, еркектің жағынан бір төреші, әйелдің жағынан бір төреші жіберіңдер» («Ниса» сүресі, 35-аят).

Құда түсуден бастап ажырасуға дейінгі отбасылық үкімдерге көз жүгіртсек, бәрі де қоғам мүшелері арасындағы байланысты нығайтуға, өкпе-реніш пен араздықты жоюға бағытталғанын көреміз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өте жақын туыстармен некелесе беруді құптамай, алысырақпен отау құруға үндеуі де осы қоғамдық байланыстарды кеңейтуді көздейді. Сол сияқты некедегі уәлидің (қамқоршының) орны мен отбасылық реніште екі тараптан төреші сайлау үкімдері – отбасының қоғамдық маңызын айғақтайды.

Түйіндей айтқанда: Құран Кәрім отбасын тек құқықтық ережелермен шектеп қоймай, оның адамзат, қоғам және жеке тұлға өміріндегі түпкілікті терең мақсаттары мен ізгі мұраттарын кеңінен баяндайды.


islamonline.net, қазақшалаған islam.kz

 

0 пікір