Жүнейд Бағдадиді түсінде көрген шәкірті
Жүнейд Бағдадиді түсінде көрген шәкірті
10 сағаттан соң 77
islam.kz

Атақты сопы, Жүнәйд әл-Бағдади хазірет дүниеден өткеннен кейін, оның үлкен шәкірттерінің бірі оны түсінде көріпті. Шәкірті түсінде одан:

- «Алла Тағала сізге қандай мәміледе болды?» – деп сұрапты (яғни, Алла Тағала сізді қандай сый-сыйяпатқа бөледі?). Сонда ол:

- «Әлгі ишаралы, астарлы сөздердің бәрі желге ұшты. Ділмәрлығым де ғайып болды. Сол бір ілімдердің бәрі түгесілді, сыртқы жол-жоралғылардың да күші жойылды. Тек қана, түн ортасында оқыған бірнеше рәкәғаттық намаздарымыз ғана пайда берді...» – деп жауап берген екен.

Имам Ахмет пен әл-Бәйһақи Мансұр ибн Зазаннан жеткізген риуаятта былай делінеді:

«Бізге жеткен дерегіміз бойынша, егер ғалым өз білімін кәдесіне жаратпай, амал етпесе, тозақ жұрты оның сүйек пен етті сасытқан сұмдық иісінен тұншығып, айқайға басады екен. Олар оған: «Әй, лас! Не істеп едің мұншалықты? Өзіміздің мына тартқан азабымыз бен қасіретіміз аз болғандай, енді сұмдық сасық иісіңмен тынысымызды тарылтып, жанымызды көзімізге көрсеттің-ау!» – деп шағымданады екен. Сонда ол ғалым: «Мен кезінде ғылым иесі едім, бірақ білгеніммен амал етіп, оның пайдасын көре алмадым», – деп мұңын шағады екен».

Уа, балақай!Тіршілігіңде игі амалдардан жұрдай болып, рухани бостыққа ұшырап, биік те арлы мән-мағынадан құралақан қалмағайсың. Анық біліп ал, құрғақ білімнің өзі ғана Қиямет күні сенің қолыңнан ұстап, жәрдемге жете алмайды, (сол іліміңе амал етсең ғана қияметте пайдасы болады)...1

1Имам Ғазали, «Хұләсәтут Тасаниф..».

0 пікір