Ислам өркениетіндегі медреселер: түрлері, ерекшеліктері және ғылыми деңгейі
Ислам өркениетіндегі медреселер: түрлері, ерекшеліктері және ғылыми деңгейі
2 сағат бұрын 120

Авторы: Фатима Хафиз, гуманитарлық ғылымдар докторы, Исламтанушы

Ислам өркениетінде білім ошақтары мен ғылым ордаларының түрі өте көп болды. Бастапқыда мешіттерде ғылыми алқалар (халақа) құрылса, балаларға арналып сауат ашу мектептері (куттаб) ашылды. Кейінрек «Дар әл-хикма» сияқты ірі ғылым үйлері, кітапханалар мен сирек қорлар пайда болды. Одан соң Ислам әлемінің әр бұрышында мешіттен бөлек дербес медреселер бой көтеріп, ғылыми өмірдің жандануына зор үлес қосты. Төменде осы медреселердің қалай пайда болғаны, басты ерекшеліктері мен білім беру жүйесі сөз болады.

Медресенің пайда болуы

Медресе қашан және қалай пайда болды?

Көпшіліктің санасында «алғашқы медресе хижраның V ғасырының ортасында, Селжұқ уәзірі Низам әл-Мүліктің Бағдатта «Низамия» медресесін салған кезінен бастау алады» деген түсінік орныққан. Дегенмен, қазіргі зерттеулер бұл жүйенің одан әлдеқайда бұрын бар болғанын дәлелдеп отыр. Неміс шығыстанушысы Фердинанд Вюстенфельд бұған бірнеше бұлтартпас дерек келтіреді:

  • Атақты мухаддис Имам Әбу Хатим әл-Бусти (х. 345 ж.т.) өзінің туған қаласы Бустта жеке медресе («Дар») салып, ішіне кітапхана мен студенттерге арналған бөлмелер орнатқан. Шеттен келген шәкірттерге арнайы қаржылай көмек пен азық-түлік бөліп отырған. Әрі өзінің бүкіл еңбектерін осы ордаға уақып етіп қалдырған.

  • Нишапурда Шафиғи мазһабының ғалымы Имам ән-Нишапуридің (х. 349 ж.т.) шәкірттері ұстаздарына арнап медресе салып берген.

  • Тегеранның ақсүйектері Имам әл-Хатамиге (х. 362 ж.т.) арнап Шафиғи бағытындағы медресе тұрғызған.

  • Атақты мухаддис Әбу Әли әл-Хусейни (х. 393 ж.т.) хадис ғылымын үйрететін арнайы медресе ашқан. Онда әлемнің төрт бұрышынан келген мыңға жуық шәкірт білім алған.

Вюстенфельдтің бұл тұжырымын Имам әс-Субкидің «Табақат әш-Шафиғийя» еңбегіндегі мына сөздері қуаттай түседі:

«Нишапурдағы «Бәйһақийя» медресесі Низам әл-Мүлік тумай тұрып бар еді. Сондай-ақ Нишапурдағы «Сағидийя» медресесін Сұлтан Махмұттың бауыры, әмір Нәср ибн Себүкттегін қаланы басқарып тұрған кезінде салған. Үшінші медресені сопы, уағызшы Әбу Сағд Исмаил ибн Әли әл-Үстурабади тұрғызса, төртіншісі ұстаз Әбу Ғисхақ әл-Исфараиниге арнап салынды. Имам әл-Хаким «Исфараини» медресесі туралы: «Нишапурда бұдан бұрын мұндай ғимарат салынбаған» дейді. Яғни, Нишапурдан бұрын бұл жүйе өзге қалаларда бар еді».

Осы деректердің барлығы медресенің дербес институт ретінде хижраның IV ғасырының ортасында Ислам әлемінің шығысында — Нишапур мен Тегеранда пайда болғанын айғақтайды. Бұл жерде «Мешіттен бөлек, жеке медресе салуға не түрткі болды және оның мешіттен айырмашылығы неде еді?» деген заңды сұрақ туындайды.

Медресе мен мешіттің аражігі

Исламның алғашқы дәуірінде халықтың білімге деген ынтасы ерекше еді. Жылдар өте келе бұл ынтызарлық арта түсіп, мешіттер білім алқаларына лық толды. Бір жақтан ұстаздың дәрісі, екінші жақтан шәкірттердің пікірталасы мен сұрақтары қатар шығып, мешіт іші айғай-шуға толатын. Бұл құлшылықтың толыққанды орындалуына кедергі келтірді. Тіпті уақыт өте келе Әл-Азхар мешіті тек дәріс орнына айналып, онда тек жума намазы ғана оқылатын деңгейге жеткен. Алайда бұл табиғи шешім емес еді, өйткені мешіттің басты міндеті — намаз оқу, ал ғылым қаншалықты ардақты болғанымен, екінші орында тұрады.

Бұған қоса, ғылым салалары дамып, калам (ақида), логика, дебат пен дискуссия сияқты ақыл-ойды талап ететін, дау-дамайы мол пәндер пайда болды. Бұл пәндерді мешітте оқыту тақуалық пен тазалықты ту еткен мешіт әдебіне сай келмейтін.

Сонымен қатар, алғашқы ғасырлардағыдай білімге деген құштарлық хижраның V ғасырына қарай сәл де болса бәсеңдеген еді. Сондықтан мемлекет ғылым мен ғалымдарға арнайы қамқорлық жасап, білім алушыларға жағдай жасауды өз мойнына алуға мәжбүр болды.

Медресенің мешіттен басты айырмашылықтары:

  • Дәрісхана: Қазіргі тілмен айтқанда — лекция залы. Медресе бұл сарайсыз болмайтын, оның басты құрылымы еді.

  • Шәкірттер мен ұстаздар жатақханасы: Олар тұрмыстық жиһаздармен, ыдыс-аяқ, дастарқан, шырақ сияқты барлық қажетті бұйымдармен толық қамтамасыз етілді.

  • Арнайы тағайындалған ұстаздар: Мешіттегідей өз еркімен, сауап үшін сабақ беру емес, мұнда ұстаздарды медресе қожайыны немесе билеуші арнайы тағайындап, еңбекақы төлеген.

  • Шәкірт санының шектеулі болуы: Мешітке қарағанда медреседе студенттер саны аз, әрі олар көбіне арнайы уақып (қор) есебінен білім алған.

Десе де, бұл айырмашылықтар мешіт пен медресе арасындағы ұқсастықтарды жоққа шығармайды. Кейде мешіт ұстазы медресеге шақырылса, медресенің азаншысы мешітте қызмет етуі мүмкін еді.

Медресе түрлері

Ислам әлемінде тараған медреселер бірқалыпты болған жоқ. Егер бүгінгі күні мектептер бастауыш, орта, орта арнаулы және жоғары болып бөлінсе, ол заманда медреселер ғылыми бағыты мен мамандануына қарай жіктелген:

1) Фиқһ (заңнама) медреселері: Фиқһ пен оның әдістемесін (ұсул) оқытуға арналған. Ең кең тараған түрі осы болды, өйткені фиқһ күнделікті өмірдің барлық саласымен тығыз байланысты еді. Бұл медреселер де өз ішінен бөлінді: 

  • Бір мазһабты: Бағдаттағы Әбу Ханифа медресесі (тек ханафи фиқһы). 
  • Екі мазһабты: Мединадағы «Шехабия» медресесі (шафиғи мен ханбали мазһабы). 
  • Үш мазһабты: Дамаскідегі «Фахрия» медресесі (х. 821 ж. салынған, ханафи, малики, ханбали дәрістері өткен). 
  • Төрт мазһабты: Бағдаттағы атақты «Мустансирия» медресесі (төрт мазһаб қатар оқытылған). 

2) Құран медреселері («Дар әл-Құран»): Мұсылмандар Құранды мешіттерде де, жеке үйлерде де оқыған. Хижраның IV ғасырынан бастап Дамаскідегі «Рашаийя» сияқты мешіттен бөлек дербес Құран орталықтары ашыла бастады.

3) Хадис медреселері («Дар әл-хадис»): Бұл жүйені ең алғаш Нұреддин Зәнги енгізген. Ол хадис орталықтарын салып, оған мол уақып бөлді. Кейін Каирде Мәлік Камиль «Камилия» медресесін тұрғызды. Бұл орталықтар кейде Құран медреселерімен бірігіп, фиқһ медреселерінен бөлек жұмыс істеді. 

4) Медицина медреселері: Медицина бастапқыда мешітте, кейін ауруханаларда (бимаристан) оқытылды. Алғашқы аурухананы х. 88 жылы Уәлид ибн Әбділмәлік салдырған. Уақыт өте келе аурухана жанынан медициналық мектептер ашылып, студенттер теорияны бірден практикамен ұштастыруға мүмкіндік алды. Халифа Мустансир мен Сұлтан Мансұр Қалауын сияқты билеушілер медицина мен шариғат ғылымдарын қатар оқытатын кешенді ордалар тұрғызды. 

Дегенмен, мешіттер де медицинадан қол үзген жоқ. Мысалы, Әл-Азхарда түс мезгілінде медицинадан дәріс өтетін. Бұл дәрігер дайындау үшін емес, шариғат студенттеріне сот-медициналық немесе фиқһи мәселелерде қажет болатын бастапқы білімді беру үшін жүргізілген.

Ғылыми деңгейдің биігі: «Мустансирия» медресесі

Ислам медреселерінің ғылыми деңгейін түсіну үшін Бағдаттағы Аббаси халифасы Әл-Мустансир х. 631 жылы салдырған «Мустансирия» медресесін мысалға алуға болады. Мұнда фиқһ, Құран, хадис және медицина мектептері толық тоғысқан еді.

«Мустансирия» — жабық типтегі интернат-медресе болды. Студенттер онда жатып оқыды. Медресе әкімшілігі шәкірттерді баспана, киім-кешек, тамақ және айына 2 динар шәкіртақымен қамтамасыз етті. Бұдан бөлек жеміс-жидек, тәттілер, сабын мен май сияқты тұрмыстық заттар тегін берілді. Ғимаратта шәкірттерге арналған 78 бөлме (әр бөлмеде 4 студенттен), еңселі аула, үлкен сағат, дәрісханалар және мыңдаған кітабы бар бай кітапхана болды.

Оқу жүйесі төрт мазһабқа негізделді. Әр мазһабқа елге танымал бас ұстаз бен 4 ассистент (мұғийд) бөлінді. Оларды халифаның өзі таңдайтын. Ұстазға айына 12 динар жалақы төленіп, тұрмыстық өтемақылар берілді. Оқытушылар зейнетке шықпайтын, қауқары жеткенше сабақ бере беретін.

Студенттер екі топқа бөлінді: тысқары жерде оқитын балалар және медресе ішінде жатып шариғат, тіл, медицина, математика ғылымдарын меңгеретін ересек шәкірттер. Медресе ашылғанда 248 студентке 20 ұстаз бен ассистенттен келген (шамамен 1 ұстазға 12 шәкірттен). Бұл — білім сапасына берілген жоғары көңілдің дәлелі. Бұған 80 мың томдық кітапхана мен ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған аурухананы қосыңыз.

Осы бір «Мустансирия» медресесінің өзі-ақ Ислам өркениетіндегі білім беру деңгейінің қаншалықты биік болғанын және медреселердің қоғамдағы ағартушылық орнын айқын көрсетіп береді.


islamonline.net

 

0 пікір