Бүгінгі қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық, ашуға беріліп, жақынына қол көтеру мәселесі жиі айтылып жүр. Бір үйдің берекесін бір сәттік ашу бұзып, ерлі-зайыптылардың арасына сызат түсіп жатады. Кейде адам ашуын ақтау үшін түрлі себеп іздейді. Бірақ мұсылман үшін ең үлкен өлшемнің бірі – Алла елшісінің (с.а.у.) өнегелі өмірі.
Әзіреті Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мінезі жайлы былай деген:
«Алла елшісі (с.а.у.) ешқашан қызметшіге де, әйелге де қол көтерген емес. Ол ешбір адам баласын ұрмаған». (Ибн Мәжа, «Сүнән»).
Бұл – жай ғана тарихи дерек емес. Бұл – мұсылман ер-азаматына үлкен сабақ.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолында билігі болды, сөзіне бүкіл сахаба құлақ асты. Бірақ ол ешқашан өз күшін әлсіз адамға көрсетуге тырыспады. Үйінде де, қоғамда да адамның ар-намысын таптамады. Қызметшісіне де, жұбайына да қол көтермеді.
Адамның шынайы мінезі көпшілік алдында емес, үйінде көрінеді. Сырт көзге сыпайы, сабырлы болып көрінгенімен, үйіне келгенде ашуын әйелінен немесе баласынан алатын адамның мінезінде үлкен мәселе бар. Өйткені әлсізге күш көрсету – ерлік емес.
Күштілік – біреуді ұруда емес, ашу келген кезде өзіңді ұстай білуде. Хадисте айтылғандай: «Күресте жеңген палуан емес, өз нәпсісін жеңген палуан!».
Алла елшісі (с.а.у.) ашуға берілмеудің ең көркем үлгісін көрсетті. Біреудің қателігіне бола бірден жазалауға ұмтылмады. Кешірді, сабыр етті, түсіндірді. Өйткені жүрекке жететін тәрбие айқаймен емес, жақсы мінезбен беріледі. Сахаба Әнес ибн Мәлік (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.у.) он жыл бойы қызмет еткенін айта келе, осы жылдар ішінде Алла елшісінің бірде-бір рет «уһ» деп кейімегенін, істеген ісі үшін «бұны неге былай істедің?», ал істемеген ісі үшін «неге істемедің?» деп ұрыспағанын жеткізеді.
Бір қызығы, кейбір адамдар ер адамның отбасында тым қатал болуын оның беделімен байланыстырады. «Еркек болған соң әйелін жөнге салуы керек» деген түсінікпен ашуын ақтағысы келеді. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміріне қарасақ, ер азаматтың беделі қол көтерумен өлшенбегенін көреміз.
Керісінше, оның ұлылығы – адамдарға деген мейірімінен, сабырынан, кешірімінен көрінді.
Әйел – ер адамның ашуын шығаратын нысана емес. Ол – аманат. Бала – әкесінің қаталдығын сынайтын адам емес. Ол – аманат. Үйдегі қызметші де – қорлық көрсетуге болатын әлсіз адам емес. Оның да қадір-қасиеті бар.
Сондықтан ер адам өзінен: «Мен сырт адамдарға емес, өз үйімдегілерге қандаймын?» деп сұрауы керек.
Жұрттың алдында жақсы сөйлеу оңай. Қонақ келгенде күлімдеу де қиын емес. Ал шаршаған кезде, ашуланған кезде, өзіңді ренжіткен адамның алдында сабыр сақтау – нағыз мінездің көрінісі.
Айша анамыздың (р.а.) осы бір ауыз сөзі бізге Пайғамбарымыздың (с.а.у.) отбасындағы қарым-қатынасы қандай болғанын анық көрсетеді. Ол кісі әйеліне де, қызметшісіне де, ешбір адам баласына да қол көтермеген.
Ендеше, Пайғамбарымызды (с.а.у.) жақсы көреміз десек, оның тек сөздерін айтып қана қоймай, мінезінен де үлгі алуымыз керек. Үйіндегі әйел өзін қауіпсіз сезінсе, баласы әкесінен қорықпай, құрметтесе, жанындағы адам оның ашуынан емес, жақсы мінезінен тыныштық тапса – сол үйде береке бар. Ал ер азаматтың нағыз күші – біреуді өзіне бағындыруында емес, өз нәпсісін бағындыруында. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі бізге осыны үйретеді.