Әш-Шәкур (Амалға шексіз сауап Беруші)
Әш-Шәкур – аз ғана ғибадат үшін дәрежелерді биіктетіп, аз күндік амалға Ақыреттің шексіз нығметін сыйлайтын Егеміз. Істелген жақсылықтың қарымын бірнеше есе асырып қайтарған кісіге де «шүкір етті» делінеді және игілік жасаушыны мақтаған жанға да "шүкір етті" делінеді.
Егер сауапты еселеу мағынасына үңілсек, нағыз Әш-Шакур – тек Ұлы Алла. Өйткені Оның қайтаратын қарымында шек те, шет те жоқ. Жәннаттың рахаты мәңгілік. Жаратқан Иеміз: «Өткен күнде істеген игі амалдарың үшін жеңіңдер, ішіңдер, сіңімді болсын!» дейді. («Хаққа» сүресі, 24-аят).
Ал егер мақтау-мадақ мағынасы тұрғысынан қарасақ, қарапайым пенде мақтағанда, өзгенің істеген ісін мақтайды. Ал Ұлы Раббымыз өз құлдарының ізгі істерін мақтағанда, Негізінен, Өзінің жаратқанын мақтаған болады. Өйткені құлдың амалы – Алланың жаратуымен жүзеге асады. Ендеше, егер біреуге сый беріп, одан соң оны мақтаған жан "шүкір етуші" деп танылса, сыйды да беріп, сол сыйды алған адамды да мақтаған Зат бәрінен де бұл сипатқа лайық!
Алла Тағаланың құлдарын мақтауына мына аяттар дәлел:
-
«...Алланы көп еске алушы ерлер мен Алланы көп еске алушы әйелдер...» («Ахзаб» сүресі, 35-аят)
-
«Ол қандай жақсы құл еді! Расында, ол Аллаға өте көп бет бұрушы еді» («Сад» сүресі, 30-аят).
Осы тектес мақтаулардың барлығы – Оның ұлы сыйы.
Ғибратты түйін (Тәнбиһ)
Пенденің басқа бір пендеге алғыс айтуы (шүкір етуі) кейде оның жасаған жақсылығын мақтап, мадақтаумен, ал кейде оған жасаған жақсылығынан да артықпен қайтарумен жүзеге асады. Бұл — мақтауға лайық көркем мінез-құлықтардың бірі. Алла елшісі (саллаллаһу аләйхи уә сәлләм): «Адамдарға алғыс айтпаған адам Аллаға да шүкір етпейді», — деген.
Ал оның (құлдың) Ұлы әрі шексіз құдірет иесі Аллаға шүкір етуіне келер болсақ, бұл тек ауыспалы (мәжәзи) әрі жалпылама мағынада ғана болады. Өйткені ол (құл Алланы) толық мадақтағысы келсе де, оның мадағы шектеулі, себебі ол Аллаға лайықты түрде мадақты есептеп жеткізе алмайды. Ал егер Оған бойұсынса, оның ол бойұсынуының өзі — Алланың оған берген өз алдына бір нығметі. Тіпті оның шүкір етуінің өзі шүкір етілген нығметтен бөлек тағы бір өз алдына нығмет болып табылады.
Ұлы Алланың нығметтеріне шүкір етудің ең көркем жолы — ол нығметтерді Аллаға күнә жасауға емес, керісінше Оған бойұсыну жолында қолдану. Алайда құлдың өз Раббысына шүкір етуші болуының өзі де Алланың жәрдемімен (тәуфиғымен) әрі жеңілдетуімен ғана жүзеге асады.
Бұны толық түсіну — өте нәзік те терең сөз. Бұл тақырыпты біз «Ихйа улумид-дин» («Дін ғылымдарының қайта жандануы») кітабының «Шүкір» бөлімінде егжей-тегжейлі атап өттік, сондықтан оны сол жерден іздеу керек, себебі мына кітап бұл (терең тақырыпты) көтере алмайды1.
1Имам Ғазали: «Мәқсадуль Әснә». Әш-Шәкур.