Руми: Аюдың достығы
Руми: Аюдың достығы
1 сағат бұрын 98 islam.kz/
Мәснәуи шәрифтен хикая

Аш айдаһар алып аюды бұрап алып, жалмауға айналған еді. Дәл осы сәтте жолдан өтіп бара жатқан бір батыр жігіт аюдың ащы айқайын естіп қалады. Батыр ойланбастан аюды құтқаруға ұмтылды. Айдаһар қанша жерден қауқарлы болғанымен, жігіттің бойында қара күші де, тапқыр айласы да бар еді — айдаһарды жайратып салып, аюды ажалдан арашалап алды.

Ажалдан аман қалған аю, Асхаб-и Кахфтың иті сияқты, құтқарушысының соңынан бір елі қалмай еріп алды. Бірде әлгі жігіт сырқаттанып, жол бойында қисайып тыныққанда, аю да жанынан ажырамай, басын бағып отырып алды. Осы көріністі көрген бір жолаушы таңырқап: – Әй, бауырым! Мына аюмен қайдан жүрсің? – деп сұрайды. Жігіт айдаһармен болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап береді. Соны естіген жолаушы:

– Аюға сенбе, – дейді, – ақымақтың достығы қас душпанның қастығынан да жаман.

– Сен мұны іштің тарлығынан, күншілдіктен айтып тұрсың. Аюдың хайуандығына емес, маған деген адал сүйіспеншілігіне қара!

– Ақымақтың сүйіспеншілігі – алдамшы сағым. Егер мені күншіл десең, мұндай күншілдіктің өзі ол аюдың махаббатынан мың есе қайырлы. Жүр, маған ілес де, мына аюды жаныңнан аулақтат!

– Аулақ жүр, күншіл бейшара, өз шаруаңды қыл!

– Менің қадірім мына аюдан кем болғаны ма? Басыңа бір пәле төне ме деп жүрегім ұшып тұр. Мұндай аюды қасыңа алып, орман аралап жүрме!

Жігіт бұл сөзге құлақ аспады:

– Жөніңе кет! – деп қысқа қайырды.

– Мен саған жау емеспін. Артымнан ерсең, өзіңе жақсылық етер едің.

– Көзім ілініп барады, мені жайыма қалдыр да, жолыңа түс!

– Онда мендей досқа сен де, менің панама ықтаулап ұйықта.

Жігіт іштей: «Мұнысы несі, кісі өлтіргіш біреу ме? Ұйықтап кетсем, бауыздап кетер. Я болмаса, бірдеңе дәметіп жүрген тіленші ме екен?» – деп күдіктенді.

Ақылға көнбейтінін ұққан ақылшы кісі іштей «Лә хаулә…» деп, ренжіген күйі бұрылып жүре берді: «Оған шын жанашырлықпен ақыл айтып едім, ол болса мені жаманға жорып, күмәнданғанын қарашы! – деп кейіді.

Көп ұзамай жігіт те терең ұйқыға кетті. Осы кезде оның жүзіне бір шыбын келіп қонды. Аю оны қорқытып қуғанымен, шыбын айналып келіп, қайтадан әлгі жерге қона берді. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Ызаға булыққан аю шетте жатқан дәу тасты көтеріп алып келді де, жігіттің бетіне қонған шыбынды көздеп, тасты бар пәрменімен періп қалды. Дәу тас ұйықтап жатқан байғұстың жүзін талқандап кетті.

Ақымақтың достығы – осы аюдың достығы сияқты. Оның өкпесі де, сүйіспеншілігі де бірдей қауіпті. Серті бос, сөзі дардай болғанымен, уәдесінде өре де, сой да жоқ.

0 пікір