Балиғат жасы қай жас?
Балиғат жасы қай жас?
10 жыл бұрын 37094
Айдар Манас

Исламда адам өміріндегі жас кезеңдері сәбилік, ес білмейтін балалық, тәмииз (ес білетін, оң, солын ажырату) және балиғат жасы деп көрсетіледі. Рүшд жасы да балиғатпен қатар я балиғаттан кейінгі есею ретінде белгілі. Алайда ғалымдар балиғатқа дейінгі рүшді (өз дүниесіне еге болатындай жас) есепке алмаған.

«Балиғат» деген сөз араб тілінде толысу, жету, ұйғарылған іс, мекен мен уақыттың шегіне жету деген мағыналарды білдіреді. Адам өмірінің кезеңдерінің бірі балалық шағының аяқталып, есею кезеңінің басталғанын білдіреді. Балиғат жасына толу ұғымы Құранда бірнеше жерде кездеседі:
Адамның дүние тіршілігінінің сатылары туралы қозғайтын аятта Алла тағала былай дейді: «..Қалағанымызды белгілі бір мерзімге дейін жатырда ұстаймыз, кейіннен сендерді сәби ретінде шығарамыз. Содан кейін күш толыстыру үшін (сендерді өсіреміз). Араларынан кейбірі (бала кезде) ажал құшады, өмірінің ең қиын шағына (кәрілікке) жетеді, бәрін білген күйден есінен алжасады... « (әл-Хаж, 22/5).

Аятта айтылғандай адам табиғи түрде ажал келмеген жағдайда балалық, есею және кәрілік кезеңдерін бастан кешеді. Құран әлі балиғат жасына толмаған балалардың шешіну әрі ұйқыға жату уақыты болған үш мезгілде жатын бөлмеге рұқсатсыз кірмеуін (Нұр, 24/58) білдіріп, балалық кезең туралы сөз етеді.

Адамның діндегі бұйрықтарға жауапты болуында балалықтан арылып, ақыл толыстыруы шарт. Исламда (афғали муакаллафун) жауаптылық жағдайында істеуге міндетті, істемеуі тиіс бірқатар бұйрықтар мен тыйымдар бар. Бұлар; парыз, уәжіп, сүннет, мүстахаб, халал, мүбах, макрух, харам. Мұсылмандар осылардың біразын істеуге, енді біразын істемеуге жауапты. Осы жауапкершіліктер балиғат деп аталған жасқа келгенде міндеттеледі. Осы себепті балиғат жасының исламдағы орны ерекше. Балиғат жасының басталуы қыздарда тоғыз, ер балаларда он екі жастың аяғы. Әбу Ханифаның көзқарасында соңғы шегі (суық климаттарда немесе қалыптас тыс жағдайларда) ұлдарда он сегіз, қыз балаларда он жеті жас. Ұлдар он сегіз, қыздар он жеті жасқан келгенде балиғат жасына толық кірген болып саналады. Алайда қыз бен ұл балиғат жасының шегіне жетпестен ұйқыда немесе ояу кезде ихтилам болса, ұрық келсе, не бірі жүкті етіп, екіншісі жүкті болу жасына келсе, балиғат жасына жеткен болып саналады. Жоғарыда аталған балиғатқа толудың ерекшеліктері жалпы алғанда қыздарда тоғыз, ұлдарда он екі жасында пайда болады. Климаты ыстық аймақтарда бұл ерекшеліктер одан да ертерек жастарда байқалуы мүмкін. Бұл ерекшеліктер байқалған уақыттан бастап мұсылмандық жауапкершілік басталады. Бұл жасқа келмегендерге ислами жауапкершілік артылмайды. Әбу Ханифаның шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің пікірінше, мейлі ұл, мейлі қыз болсын балиғат жасына толудың шегі он бес жас. Ханафи мазхабында пәтуа осы негізбен берілген. Шафиғи мен Ханбали мазхабында балиғат жасының соңғы шегі он бес, Малики мазхабында он сегіз жас ретінде белгіленген.
Балиғат жасының соңғы шегіне келместен әуелі қыз бен ұлда байқалған ихтилам болу, сперма келуі не хайыз болу жағдайлары балиғатқа толудың белгілері болып табылады. Балиғат жасындағы қыз бен ұл ғұсыл, дәрет, намаз, ораза, дәулеті жетсе қажылық пен зекет беруге, ерлер жұма мен айт намаздарына баруға, өз дәулетінен жұмсау құқын иеленіп, басқа да жауапкершіліктерді атқаруға міндеттеледі. Бұл жастағы жастар ата- аналарының не үлкен бауырларының шешінетін, жатын бөлмелеріне рұқсатсыз кірмейді, бұл жастағы бауырлар бір төсекте жата алмайды, некелесуге болатындармен оңаша қалуына болмайды.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Балаларыңыз жеті жасқа толғанда, оларға намаз оқуды бұйырыңдар» деген (Әбу Дәуіт, Салат, 26). 

0 пікір