Бала тілінің уақытында шықпауының себебі неде?
Бала тілінің уақытында шықпауының себебі неде?
8 жыл бұрын 5168
Мейірмангүл АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Екінші баламның тілі кеш шықты. 1-ден асса да, "мама" деген сөзден басқа ештеңе айтпайтын. Дабыл қағып, қаламыздағы бүкіл невролог дәрігерлердің есігін тоздырдым. Кеш сөйлеуіне бірден-бір себеп уақытынан бұрын 34-аптада дүниеге келуі еді. Қазір, Аллаға шүкір, қазір жасы 5-тен асты. Үйде ең көп сөйлейтін сол.

⠀
Негізі баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп:
 
  •  Бала құрсақта жатқанда анасының түрлі аурулармен ауыруы;
  • Көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы;
  • Шошынудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіліп кете береді.
  • Телефон, теледидарға телмірген баланың да тілі кеш шығатынын мамандар айтудай-ақ айтып жүр.

Бала тілінің уақытында шығуына ата-ана тәрбиесінің маңызы зор.
⠀
1. Біздер бүгінде балаға ойдағыдай көңіл бөлмейміз, күнкөріс қамымен жұмысбасты болу, одан қала берді күнделікті бітпейтін күйбең тірлік біздің балаға мойын бұруымызға мұрша бермейді.
⠀

  • Бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болу қажет екен.
  • 2 жаста 300-дей сөзді айта алу керек.
  • 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы қажет. ⠀

Ал бізде не дейді? 3-4 жастан асып кетсе де, сөйлемеген баланы «ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелігі ғой» деп, мән бермейді. Жалпы мамандар бала құрсақта жатқанда-ақ баламен сөйлесуді бастау керек дейді.  Дәстүріміздегі бесік жырын айту дәстүрі де текке болмаса керек.
⠀
2. Баламен кішкентайынан жиі сөйлесу керек. Тілі шықпаған бала түсінбейді ғой деп ойлаймыз. Орыстарды көресіз бе, бала түгіл итімен тілдесіп бара жатады. Кіп-кішкентай балалары пысық боп тұрады ғой. Бала түсінбесе де, үлкендердің айтқанын қайталап жаттығады. Соған ұқсас дыбыстар шығара бастайды.
⠀
3. Балаға сөзін толық айтуға, ойын анық жеткізуге мүмкіндік бермейміз. "А-а-а" деп жатса, "алма ма, мә" деп бере қоямыз. Өйткені арыға шыдамымыз жетпейді. Күтіп, тыңдап отырғымыз келмейді. Уақытымыз тапшы ғой.
⠀
Бала тәрбиесімен айналысатын бір үлкен кісінің: "Бүгіннің балалары ет жемейді, сүйек мүжімейді. Бір қарағанға, күлкілі көрінер, бірақ сүйек мүжудің тілдің шығуына үлкен септігі бар. Бұл кезде ауыз қуысының бұлшық еттері шира
п, баланың артикуляциясы жаттығады", - деп айтқанын оқығаным бар еді. Сөзінің жаны бар сияқты. 

4-5 жасқа шыққан баланың физикалық сөйлеу қателіктері толығымен жойылады екен. Дегенмен баланың тілі кешуілдеп жатса, оған жайбарақат қарамай, көбірек көңіл бөліп, мамандарға көрсеткен артық етпейді.

0 пікір