Ата-анасының көңілін тапқан адамның дұғасы қабыл
Ата-анасының көңілін тапқан адамның дұғасы қабыл
9 жыл бұрын 5202
Әкім Алымуддинұлы

Абдулла ибн Омардың (р.а.) жеткізген хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бағзы замандардағы үш кісінің басынан өткен мына бір оқиғаны баяндау арқылы бізге аса маңызды ақиқатты білдірген: «Сендерден бұрын өмір сүрген үмбеттердің арасында үш кісі жолға шықты. Кеш түсіп кеткендіктен бір үңгірге барып түнеуге мәжбүр болды. Таудан домалап түскен үлкен бір жартас үңгірдің аузын бітеп қалады. Араларындағы біреуі «бізді бұл жағдайдан жақсы амалдарымызды шапағатшы ете отырып, Аллаға жасаған дұғаларымыз құтқаруы мүмкін», – дейді. Сол кезде бірінші адам: «Менің әбден қартайған әке-шешем бар еді. Мен оларға қатты қамқорлық жасайтынмын. Кеш болса, олардың қарнын тойдырмай тұрып бала-шағама да, малдарыма да ешнәрсе бермейтінмін. Бір күні отын алып келу үшін алыс жолға шығуға мәжбүр болдым. Үйге қайтып келгенімде екеуі де ұйықтап қалған екен. Сүт сауып әкелдім, қарасам әлі оянбапты. Олардан бұрын ешкімге ішкізіп-жегізуді қаламадым. Кеш болып кеткендіктен бала-шағам аштықтан аяғыма оратылып жатты. Мен болса сүт құйылған ыдысымды ұстаған күйі олардың оянғанын күттім. Өстіп жүргенде таң да атты. «Уа, Жаратқан Ием! Бұны Өзіңнің разылығың үшін жасағанымды білесің, үңгіріміздің аузын жауып қалған мына жартастың аузын аша гөр!» – деді. Тас шамалы жылжыды.

Бірақ денелері сыярлықтай емес еді..»[1]. Бұл хадистің ары қарай жалғасы бар. Бірақ біз тақырыбымызға қатысты бөлігін ғана алып отырмыз. Бұл жерден біздің ұғарымыз – ата-анаға жасаған жақсылығымыз үшін Аллаyың да бізге жақсылық жіберетіні және ата-анасының ақ батасын алған адамдардың жасаған дұғасының қабыл болатындығы.

[1] Бухари. Әнбиә. 53, Харс. 13, Әдәб. 5; Муслим. Зикр. 100

1 пікір
  • Я мысал ма, я хадис па, анық-қанығын білмедім, кешірерсіздер. Есімде бары – оқиғаның негізгі желісі ғана. Бір адам (сахаба, я өмірде болаған тақуа жан болса керек) анасының айтқан үй шаруашылығына қатысты бір тапсырмасын есінен шығарып алады, яғни қандай жұмыс бергенін есінде сақтай алмайды, тек әйтеуір бір жұмысты тапсырғанын ғана ұмытпайды. Осыған байланысты анасының мазасын алып қайталап сұрауды жөн көрмей, үйдегі орындалуы тиіс деген барлық жұмыстарды, шаруа біткенді істеп тастаған екен. Бұл да ата-ананың разылығын алудың бір жарқын көрінісі болар.
    9 жыл бұрын