"Үмбетім мына 15 істі істеген кезде, бастарына бәле келеді...": Хадис тағылымы
"Үмбетім мына 15 істі істеген кезде, бастарына бәле келеді...": Хадис тағылымы
9 ай бұрын 8012
А. Қасым

"Үмбетім мына 15 істі істеген кезде, бастарына бәле келеді...": Хадис

Сахаба Әбу Һурайра мен Пайғамбарымыздың күйеу баласы Әзіреті Әлидің риуаят еткен хадисте, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ақырзаман таяғанда болатын келеңсіз істерден хабар берген. Анығырақ айтқанда мұсылман қауымының ауыр сынақтарға душар болатындықтарын айта келе, оған он бес әбес істің кең етек алуы себеп болатындығын білдіреді. Ол он бес әбес істер қандай? Ол жайында хадисте былай делінеді:

Хадистің Әзіреті Әлиден жеткен нұсқасында «менің үмбетім мына он бес әбес істі істеген кезде, оларға бәле енеді..» деп басталған хадистегі он бес әбестікті Әбу Һурайраның нұсқасында былай сайып өтіледі:

  1. «Олжа (немесе мемлекеттік кірістер) монополияға айналдырылса;
  2. Аманаттар олжа көрілсе (қолындағы аманат заттарды олжа көріп, өзіне иемденіп кету ісі кең етек алса);
  3. Зекет - айыппул сияқты көріле бастаса (адамдар зекетті ықыласпен емес, қиналып, бергісі келмей айыппұл төлегендей көре бастаса);
  4. Ілім - діннен өзге үшін оқылса (діни білімді Алланың дінін жаю үшін емес, дүние үшін, маңсап, атақ үшін үйреніле бастаса);
  5. Күйеуі әйелінің айтқанынан шықпай,
  6. анасына қарсы келсе (яғни, әйелінің әр айтқанын істеп, соны разы ету мақсатында шариғатқа қайшы істерге баруы және ата-анасына қарсы келуі);
  7. Досына жақын болып,
  8. Әкесінен ұзақтаса;
  9. Мешіттерде қатты дауыстар шыға бастаса (мешітте қатты дауыс шығарып, айқайлауға болмайды, зікір, тәспихаттың өзін бәсен дауыспен жасаған жөн);
  10. Тайпаны пасық, залымдар басқарса (ел басын, әкімдік т.б. ел тізгінін залым, парасатсыз адамдар ұстаса);
  11. Қауымның басына - ең тексіздері келсе;
  12. Кісі жамандығынан қорқылып сыйланса (халық қорыққанын сыйлайтын болса);
  13. Әнші әйелдер мен музыкалық аспаптар белең алса;
  14. Арақ-шарап ішілсе;
  15. Үмбеттің кейінгілері алдынғыларды сөге бастаса;
  16. (Жібек киілсе - еркектер жібек киім киюді әдеттенсе, бұл жері Әзіреті Әлиден жеткен нұсқасында келтірілген);
  17. Аталмыш тірліктер орын алған кезде - қызыл дауылды, зілзәлә-жер сілкінісін, жердің ойылуын, бейнелердің өзгеруін (мысалы, адамдардың бейнелерінің өзгерулері), тас борандарды және тағы сол сияқты жібі үзіліп бірінен-соң бірі түскен моншақтар тәрізді қиямет қайымның белгілерінің бірінен-соң бірінің келуін күтіңдер!»1

Қарап тұрсақ, құрметті оқырман, аталмыш әбес жағдайлардың бәрі біздің қоғамда көптен бері кең орын алып келе жатыр екен. Әсіресе, мемлекеттік кірістердің белгілі бір топ тарапынан талаң-таражға ұшырап, ел игілігіне жұмсалмауы және аманат ретінде табысталған қызметті өзінің жеке басының пайдасына пайдаланып олжа көруі, еркектердің әйелінің айтқанынан шыға алмай ата-анасын қараусыз қалдыруы сияқты келеңсіздіктердің бүгінде қоғамымызда анық болып жатқан құбылыстар екендігін айтпасақ та түсінікті шығар. Басқа бір хадистерде "іс лайықты адамына табысталмаса, қияметті күте бер!" дегендігін де ескерсек, бүгінде мұндай жағдайлардың орын алып жатқандығы да жасырын емес! Одан кейін келіп "су тасқыны, өрт, зілзала, жоқшылық, құрғақшылық, соғыс неге болып жатыр" деп таңданамыз. Алла ақырын берсін! 


1Имам Тирмизи: «Сүнән».

0 пікір