СЕНДЕ БІЛІМ БАР МА, ӘЛДЕ ЖАЙ ҒАНА КРУГОЗОР МА?
СЕНДЕ БІЛІМ БАР МА, ӘЛДЕ ЖАЙ ҒАНА КРУГОЗОР МА?
4 жыл бұрын 4557

  БІЛІМ – ол қараңғылықты жарық қылады, бізді алға жетелейді деп айтамыз.

Қазіргі заманның дерті – адамдар тренингтен тренингке баруға, ақпарат жинауға құмар, көп кітап оқиды. Бірақ, оны қолданбайды.

Жалпы, бұл ойға мені өмірдегі бір оқиға жетеледі. Бірде жұмыс бабымен бір ғимаратқа кіріп барғанымда, күзетші жігіттің бизнеске қатысты, қабылдауы ауырлау болып келетін, кәсіпкерлерге негізделген кітапты оқып отырғанын байқадым. Сол кезде, осындай мықты кітаптың бұл жігітке неліктен көмегі болмады екен деп ойландым. Кейін түсіндім, білім мен кругозор екеуі екі бөлек нәрсе екен. Қолыңа кітап алған кезде, «бұл ақпарат маған білім бола ма, әлде менің кругозорыма кетеді ме?» - деп өзіңе сұрақ қой.

Егер оқыған кітабыңды пайдалансаң, ол сенің бір сұрағыңа жауап тауып берсе, мәселеңді шешсе, бұл – білім. Ал егер де әр түрлі ақпаратқа басымызды толтыра берсек, үйренуге, білуге құмар болып, оны шынайы өмірде қолданбасақ, ол жай ғана кругозор болып қалады.

Мысалы, PR-директорымыз Айна ханымға Астана қаласынан ашылатын мейрамхананың басы-қасында болып, оның салтанатты түрде өтуіне тапсырма бердім. Айнаның көздерінен тапсырған жұмыстың қолынан келіңкіремейтінін байқадым. Мен оған кітаптар тізімін беріп, оқып шығып, содан сұрақтарға жауап табатынын айттым. Айна ханым болса: «Қуаныш мырза, мен ол кітаптарды оқып қойғанмын», - деді. Ал менің оған:

"Сіз бұл кітаптарды кругозор үшін оқығансыз, ал қазір алдыңызда нақты тапсырма тұр. Ал оның шешімін сіз нақ осы кітаптан тауып аласыз, сол кезде ол сізге мүлде басқаша көрінеді", - деп жауап бергенім бар, одан кейін баяғы оқылған кітаптар кругозор емес, білімге айналды.

Тағы бір мысал ретінде, «Versus» академиясындағы сату бөлімінің басшысы Ардақ ханымды айтқым келеді. Жұмыс барысында ол маркетинг бойынша келген лидтарды саудаға айналдыруға қатысты кітап оқып жүр екен. Ол кітаптың Ардақ ханымға пайдасы тиеді, себебі, оның қазіргі таңда алдында үлкен проблема тұр. Оқыған-білгенін қолданса, ол проблемасын шешеді және өзіне пайдалы білім алады.

«Rumi»-ді бастағанда Йона Бергердің «Заразительный» деген кітабын оқып, содан білім алғанмын. «Rumi»-дің философиясын құруда ол кітаптың маған үлкен пайдасы тиді. Бір жігіт маған: «Екеуіміз бірдей кітап оқимыз. Неге ол кітаптың пайдасы саған тиеді, ал маған тимейді» дейді. Өйткені мен кітапты сұрағыма жауап алу үшін оқимын. Бұл өте маңызды мәселе. Қолың кітап алған кезде немесе Googl-дан ақпарат іздеп, YouTube-тан видео көрген кезде, оның білім бе, әлде кругозор екенін ажырата білу керек. Шымбұлақта шаңғы тебуді үйренгенім бар. Сол уақытта YouTube-тан шаңғы тебудің техникаларын үйрену туралы видеосабақтар қарадым. Егер де мен оны Шымбұлаққа шаңғы тебуге барған кезде емес, жазда көрген болсам, ол мен үшін жай ғана кругозор болып қалатын еді. Ал алдымда нақты мәселе туындағандықтан, шаңғы тебуді үйрену мен үшін білім болды.

Қолыңа кез келген кітапты алғанда, «бұл маған білім бола ма, әлде оқыған он кітабымның тағы біреуі бола ма?»- деп ойлан. Сондықтан кругозорыңды үлкейте бермей, нағыз білім жина.

«Екінші болма» атты кітаптан алынды.
Авторы: Қуаныш Шонбай.

0 пікір