Бірде Имам Ағзам Әбу Ханифаны біреу шапалақпен ұрады... (ғибрат-хикая)
Бірде Имам Ағзам Әбу Ханифаны біреу шапалақпен ұрады... (ғибрат-хикая)
8 ай бұрын 4446
Абдусамат Қасым

Ұлық Имам Әбу  Ханифаның терең ілімі мен тапқырлығына және парасаттылығына сүйсінетін адамдар көп еді. Алайда, оның біліктілігін және халық алдындағы беделін қызғанатын теріс ниетті адамдар да жоқ емес-тін. Лаж болса, қатесін әшкере етіп, масқара еткісі келетіндер бар тұғын.

Бірде Имам Ағзам Әбу Ханифаның тапқырлығы алдында жеңіліп қала берген бір адам, пікір талас сәтінде өзін ұстай алмай Ұлық Имамға қол көтереді. Ұрған шапалағы қатты болғаны сонша, ғұламаның мүбәрак бетінде қолының ізі қалып қояды. Сол кезде, Имам Ағзам Әбу Ханифа ашуланудың орнына, ол адамға: 

«Сенің бұл әрекетіңе мен де бір соққы жұмсап, жауап бере алатын едім. Бірақ олай істемеймін. Сені халифаға шағымдана алатын едім, бірақ оны да істемеймін. Сені Алла Тағалаға тапсырып, ақіретте, есеп-қисап күні даушы болып, ақымды даулауыма да болар еді, алайда бұлай да істемеймін. Оның есесіне, егер ақіретте менен осы мәселе жайында сұралатын болса, мен сенсіз пейішке кіргім келмейді деп айтар едім» депті.

Әбу Ханифаның мұндай мәрттігінен әсерленген әлгі адам істеген ісіне қатты өкініп, етегі жасқа толған күйі Ұлық имамның қолын сүйіпті. Имам Ағзам болса оған: «Жылауыңның қажеті жоқ, мен сені сол сәтте-ақ кешіріп қойғанмын» деген екен. Алла одан разы болсын! Мекені жәннәт болғай! 

 islam.kz

0 пікір