Құранды түсініп оқу
Құранды түсініп оқу
8 жыл бұрын 5297
Бердібек Мәсенов

Әркімнің үйінде Құран бар, дегенмен оны аз адамдардың ғана түсінетіні өкінішті. Кей аяттарда: «Біз оны жақсы түсінерсіңдер деп араб тіліндегі Құран еттік» (Юсуф сүресі, 2-аят), «Жақсы түсінерсіңдер деп біз оны араб тілінде Құран еттік» (Зухруф сүресі, 3-аят) деп айтылғандай, Алла біздің Құранды оқып түсінуімізді әрі құлшылығымызды Құранда көрсетілгендей етіп орындауымызды қалауда. Ұлы Алла құлдары арасында толық әділеттілік иесі. Ешбір құлына әділетсіздік жасамайды. Құранды тек белгілі бір көпшілікке емес, барша адамзатқа түсірген әрі оған араб тілін таңдаған.

Құранды түсінбестен тек араб тіліндегі мәтінді оқып, хикметтерін толықтай біліп, өмірде ұстану қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз? Айталық, күнделікті өмірімізде және оқыған намаздарымыздың әр рәкатында Фатиха сүресін оқимыз. Ал оқығанда, мағынасын біліп оқимыз ба?! Намазда Фатиханы оқығанда күллі әлемнің иелігі Аллаға тән екендігін, Алланың Рахман әрі Рахим екенін, есеп күнінің иесі екенін, тек соған ғана құлшылық жасап, тек өзінен ғана көмек сұрайтынымызды, бізді адасқандардың жолына емес, тура жолға салуды қалайтынымызды ойлап, оқимыз ба? Намазымызды оқығанда, оқыған сүрелердің мағынасын білмей немесе рукуға немесе сәждеге барғанда, Аллаға қалай дұға жасайтынымызды білмей намазды беріліп оқу қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз?! Әрине, намазда негізгі мәселе, құлшылықты саналы түрде жасау, дегенмен жоқ дегенде үйренген сүрелеріміздің мағыналарын білуге тырысу және бұл тақырыпта талпыныс білдіру қажет. Ол үшін оқитын сүренің намаздан бұрын мағынасын оқып, намазда Құран оқығанда осы мағына мен мазмұнды ойлау керек. Сонда шайтан азғырмайтын болады.

Құлшылығымызды толықтай орындау үшін Құрандағы үкімдерді білуіміз керек. Құранды білместен құлшылықты толықтай атқару мүмкін емес. Алла бізге ненің адал, ненің харам екенін, нені істеп, нені істемеу әрі құлшылықты қалай атқару керектігін бәрін де бізге Құран арқылы білдірген. Бұлардың бәрін біліп, өмірде ұстана алсақ, құлшылығымызды кемелдендіре түсер едік.

Құран бізге ақиқат пен жалғанды ажыратып, тура жолды табу үшін жол көрсетуге түскен. Қазір қарасақ, Құран көбіне өлгендердің рухына бағыштау, біреудің дұғалауынан қорғану, көзден сақтану, ауруларымызға шипа, намазға қажетті болғандықтан оқылуда. Құранды тек бұл үшін емес, бізге айтылғандарды білу, Құран арқылы өмірімізді дұрыстау үшін оқуымыз қажет. 

Құранды араб тілінде оқу әрі тыңдау да ғибадатқа жатады. Дегенмен аудармалар арқылы да Құранда айтылған үкімдерді үйренуге тырысу керек. Көбіміз арапша оқығанда қиналатындықтан, тек аздап жаттағандарымызды жеткілікті санаймыз. Дегенмен Құранда белгіленген үкімдерді шын үйренуге, ұғынуға қайткенде де талпыну керек.

0 пікір