Құрандағы ең кішкентай сүренің құпиясы
Құрандағы ең кішкентай сүренің құпиясы
4 жыл бұрын 19104
Аударған: Меруерт Бақдәулетқызы

Біз Құранның терең құпиясы жайында не білеміз? 1400 жылдан бері адамзаттың озық ойлы санасын таң қалдырған Алла сөзінің хикметі мен тұңғиық теңіздей терең мағынасын түсінеміз бе? Ендеше, қасиетті Құранның ең кішкентай сүресі- «Кәусар» сүресінің құпиясын ашайық.

Құранның үйлесімділігі мен кемелдігі-бұл ешкім теріске шығара алмайтын талассыз дәлел. Жаратушы Иеміз осы жайында былай дейді: «Ал сонда олар Құранды түсінбей ме? Егер Алладан басқаның қасынан болса еді, әрине, онда олар көптеген қайшылықтар табар еді» (Ниса, 82).

/«Шынында, онда барлық ойлар, өсиеттер, ілімдер, түзетулер, заңдар нақты дәйектілікпен берілген және бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл Құранның Алла Тағаладан түсірілгендігінің дәлелі. Егер ол Құдайдан болмаса, онда көптеген қарама-қайшылықтар және оның заңдарындағы үлкен қайшылықтар болар еді»/ «Ниса» сүресінің 82-аятына  «Әль-Мунтахаб» тәпсірі)/.

Кейде тіпті оның ең кішкентай сүресі де Құранның бірегейлігін айғақтайды. Бұл үш аяттан тұратын Меккеде түсірілген «Кәусар» сүресі. «Кәусар» сөзін арабтар бір нәрсені арттыру мағынасында қолданады. Бұл туралы имам әл-Куртуби тәпсірінде айтылған. Алла Тағала осы сүреде былай дейді: «(Мұхаммед ғ.с.) Шын мәнінде саған кәусәрді бердік».

Бірақ ғалымдар Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға берілген «Кәусар» сөзінің мағынасы туралы бірнеше пікірлер білдіреді.

1. Жәннаттағы бұлақ. Бұл жайында имамдар Бұхари мен әт-Тирмизи Әнас бин Мәлік (р.а.) жеткізген.

2. «Хауыз»  атанған Пайғамбар бұлағы. Имам Атаилла жеткізген.

3. Пайғамбарлық және Құран. Осы жайында сахаба Икрима баяндаған.

4. Құран. Хасан әл-Басри жеткізген.

5. Ислам.

6. Құран және Исламды ұстанудың жеңілдігі

7. Алла оның жүрегіне нұр салады.

8. Шапағат.

9. Исламның көркеюі т.б. көптеген көзқарастар бар.

Олардың ішіндегі ең сенімдісі - бірінші және екінші мағынада баяндалғандары, себебі,  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көптеген хадистерде бұл жұмақтағы бұлақ  деп айтылған. 

«Кәусар» сүресінің математикалық үйлесімі

Аталмыш сүре Құрандағы ең қысқа сүрелердің бірі. Оның сөз көлемі барлығы-10 сөз. Сүренің бірінші аяты 10 әріптен тұрады. Екінші аяты да 10 әріптен құралған. Сүренің үшінші аяты да 10 әріптен тұрады. Айтылмыш сүреде «Алиф» әрпі 10 рет қайталанады, әріптер осы сүреде бір-бірден келген. Әрбір аяты Р әрпімен аяқталған әрі ол да әліпбиде реттік саны бойынша 10-шы қатарда орналасқан.

Құрандағы Р әрпімен аяқталған сүрелердің саны 10, олардың соңғысы- «Кәусар» сүресі. Бұл сүренің ішінде 10 санының белгісі де бар, бұл Зул-Хижжа айының 10-шы күні - құрбандық шалу күні.

Мұның бәрі үш жолдан тұратын ең қысқа сүреде жазылған болса,  қалған үлкен сүрелерде  тұнып тұрған қандай сыр  жатыр деп ойлайсыз?!

«Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де сол құсаған бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса»  (Бақара, 23).

 

«Кәусар» сүресін «Мағун» сүресімен салыстыру

Имам Фахруддин ар-Рази: «Алла Тағала осы сүреде алдыңғы «әл-Мағун» сүресінде айтылғандарға қарама-қайшы келетін нәрселерді айтқан. «Мағун» сүресінде екіжүзділіктің төрт белгісі бар: сараңдық, намаз оқымау, намаздағы немқұрайлылық әрі көрсету үшін оқу, зекет беруден бас тарту.

«Кәусар» сүресінде де төрт түрлі белгі баяндалған:

  1. Сараңдыққа қарама-қайшылық: «Шын мәнінде саған кәусәрді бердік» (1-аят).
  2. Намаз оқымауға қарама-қарсы әрекет, амал: «Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы» (2-аят), яғни, намазды тұрақты, ұдайы оқу.
  3. Намазды көрсету үшін оқуға қарама-қайшылық: «Сондықтан Раббың үшін» (2-аят),  яғни Жаратушының разылығы үшін ғана оқы, оның жаратылыстары үшін емес деген мағынаға саяды.
  4. Зекет беруден бас тартуға қарама-қарсы әрекет: «Құрбан шал» (2-аят), яғни садақа ретінде тарату.

     Ұлы Жаратушы бізге содан кейін ешқашан шөлдемейтін Кәусар бұлағынан қанып су ішуді нәсіп етсін!

 

 Дереккөз: islam.ru

0 пікір