Мұсылман ғалымдары Исаак Ньютонның идеяларына қалай әсер етті?
Мұсылман ғалымдары Исаак Ньютонның идеяларына қалай әсер етті?
3 жыл бұрын 4159

Адамзат тарихындағы ұлы физиктердің бірі Исаак Ньютон бір сөзінде: «Егер мен басқалардан асып, алысты көре алған болсам, бұл - алыптардың иығында тұрғандығымнан» - деген екен. Біз Исаак Ньютонның өмірбаяны мен ғылыми зерттеулерімен жақсы таныспыз, бірақ Исаак Ньютонның айтқан сол «алыптар» кімдер еді?

Көбіміз Исаак Ньютонның жарыққа эксперимент жасап жатқан суретін көрген шығармыз (суреттегі бейне). Бірақ дәл осындай тәжірибені Ньютоннан 7 ғасыр бұрын мұсылман араб ғалымы Ибн әл-Хайсам жасағанын көпшілігіміз біле бермейміз. Сондай-ақ, мұсылман ғалымдары Сабит бин Курра және Ибн әл-Хайсам арифметика мен тартылыс күш жайында еңбектер жазғаның біріміз білсек, біріміз білмейміз.


Исаак Ньютонның жарықпен эксперимент жасап жатқан бейнесі. 

Сондай-ақ, Әбу Бәкір әл-Рази Ньютоннан бірнеше ғасыр бұрын абсолютті және салыстырмалы кеңістіктің шектерін дәл белгілеген ғалым. Ол абсолюттік кеңістіктің үш өлшемді екенін және оның ондағы денелерден тәуелсіз өмір сүретінін анықтап кетті. Ал, Ибн Сина, өз кезегінде, Ньютоннан көп бұрын дененің салмағы мен оның жылдамдығы арасындағы байланысты анық көрсетіп кеткен, оның бұл зерттеуі, кейінірек импульс теориясының шығуына түрткі болды.

Қазіргі ғылымда бұл теорияларды Ньютонға телиді. Әйтсе де, Ньютонның қозғалыс заңдарына біз көз жүгіртіп көретін болсақ, Ньютоннан көп бұрын өмір сүрген Ибн Сина мен Ибн әл-Хайсам және басқа да мұсылман араб ғалымдары инерция заңдарын алғаш сипаттап берген еді, олардың бұл зерттеулерінің нәтижесінде "қозғалыстың бірінші заңы" пайда болды.

Әбу әл-Баракат әл-Бағдади күштің үдеумен пропорционалды екенін жазған, бұл заңдылықты біз кейінірек Ньютонның екінші қозғалыс заңынан білдік. Ибн Бажа әрбір әрекеттің реакция тудыратынын жазған. Кейінірек Ньютон мұны «қозғалыстың үшінші заңы» деп ашты.

Әрине, бұл айтылғандар, Ньютонның ашқан барлық жаңалықтары емес. Ньютоннан көп бұрын мұсылман ғалымдары ашқан, бірақ кейіннен Ньютон қалыптастырған басқа да көптеген заңдылықтар бар.

Жоғарыда Ньютонның өзі айтқан «алыптарды», әдетте: Коперник, Кеплер, Декарт және Галилей деп жатады. Бірақ, бұл өзгелердің көзқарасы. Ньютонның өзі болса, «алыптар» деген сөзінің астарында - мұсылман ғалымдарын меңзеп тұрған болуы, әбден мүмкін.

Оның қолжазбаларынан Ньютонға араб ойшылы және философы Ибн Туфейлдің «Хай бин Якзан» атты философиялық трактатының үлкен ықпалы болғандығын байқауға болады. Бәріне белгілі болғандай, Ньютонның заманында Ибн Туфейлдің аталмыш трактаты латын және ағылшын тілдеріне аударылған-тын. Негізінде Ибн Туфейл әртүрлі кезеңдерде көптеген философ, ғалымдар мен жазушыларға елеулі ықпалын тигізіп отырған. Сондай-ақ Исаак Ньютонның жеке кітапханасында Ибн әл-Хайсамның «Китаб әл-Маназир» атты іргелі-негіздіі еңбегінің көшірмесі сақталғаны да белгілі. 

Көп адамдар Жәбир бин Хайянның «алхимиясын» жалған ғылым деп есептеп, әлі күнге дейін күледі. Жәбир бин Хайян әртүрлі металдардан алтын жасаудың жолын іздеуге талпынған жоқ, керісінше оның идеялары тәжірибе жүзінде дәлелденген жоғары деңгейде ғылыми болды.

Мүмкін сіздер таң қалатын шығарсыздар, бірақ Исаак Ньютон да «алхимиямен» айналысқан тұғын. Және ол Жәбир бин Хайянның ізімен жүріп, бұл саланың практикалық жөнінде табысты болды. Айтпақшы, ол Жәбир бин Хайянның шығармаларынан шабыт алатын. Ал 13 ғасырдағы алхимиктердің анықтамалығына келсек, «Summa Perfectionis» деген шығарма, шын мәнінде Жәбир бин Хайянның «Китаб әл-Мүлк» еңбегінің аудармасы мен бейімделуі болып табылады. Сол себепті, мүмкін, Ньютонның идеялары, оның атақты алмасы сияқты, оған жоғарыдан түспеген де болар. Керісінше, ондағы идеялар оған төбеден емес, өзінен бұрын өмір сүрген ұлы мұсылман ғұламаларының ой-тұжырымдамаларынан түскен болар.

Дереккөз: Islam-today
Қазақшалаған: islam.kz

0 пікір