Батыстың «шығыстану» (ориентализм) мектептері сан түрлі болғанымен, олардың көбінде ортақ бір сипат бар еді: ол — Ислам діні мен Мұхаммед пайғамбарға ﷺ деген астыртын теріс көзқарас. Отаршылдық саясаты мен діни араздықты ту еткен бұл мектептер Ислам өркениетін зерттегенімен, көбіне ақиқатты емес, өздерінің алдын ала дайындап қойған теріс пікірлерін дәлелдеуге тырысты.
Осы ориентализм мектептерінен Ислам ғылымы мен мәдениетін, мұсылман өркениетінің жетістіктерін бүге-шігесіне дейін зерттеген көптеген энциклопедиялық білімді ғалымдар шықты. Олар Құранның қайнар көзін, Пайғамбардың ﷺ хақтығы мен уахидың табиғатын өздерінің зерттеу нысанына айналдырды. Өкінішке орай, бұл зерттеушілердің басым бөлігі ғылыми бейтараптықты емес, өздерінің діни және саяси көзқарастарын дәлелдеуді көздеді. Шындықты іздеуден бұрын, алдын ала пішіп қойған көзқарастарына сендіруге тырысты.
Десе де, осы қалың топтың ішінде ғылыми әділдіктен аттамаған, ақиқатқа жақын келуге тырысқан саусақпен санарлық тұлғалар да болды. Солардың бірегейі — француздың көрнекті ғалымы, тарихшы әрі әлеуметтанушы Гюстав Лебон (1841–1931). Ол өзінің зерттеулерінде Пайғамбарымыздың ﷺ тұлғасына ғылыми бейтараптықпен қарап, шындықтың шымылдығын ашуға тырысты.
Гюстав Лебон: Батыстың біртуар ойшылы
Гюстав Лебон — мамандығы бойынша дәрігер болғанымен, тарих, археология және антропология саласында өшпес із қалдырған тұлға. Ол Еуропаны, Азияны және Солтүстік Африканы шарлап, адамзат өркениетінің тамырын зерттеді. Оның «Араб өркениеті», «Үнді өркениеті», «Мысыр өркениеті», «Ұлттардың психологиялық заңдылықтары» және «Көпшілік психологиясы» сияқты еңбектері әлемдік ғылымның алтын қорына енді.
«Европаны қараңғылықтан шығарған Ислам өркениеті еді». Г. Лебон.
Лебон Батыстың көптеген шығыстанушылары сияқты мұсылман әлеміне жоғарыдан қарамады. Керісінше, ол қазіргі Батыс өркениетінің қалыптасуына Ислам өркениетінің тигізген орасан зор ықпалын мойындады. Ол Ислам әлеміндегі әлеуметтік құрылымдарды өз көзімен көріп, мұсылмандардың Еуропаны қараңғылықтан құтқарып, өркениетке бастағанына кәміл сенді.
Лебонның «Араб өркениетінің тарихы» атты іргелі еңбегіндегі ең басты тұжырымдарының бірі: Еуропаны ғылым-білімге, пәлсапа мен жалпы өркениет көшіне баулығандар — осы арабтар болған. Орта ғасырларда жартылай жабайы күйде жатқан Еуропаны Қайта өрлеу (Ренессанс) дәуіріне жеткізіп, бүгінгі заманғы мәдениет биігіне алып шыққан — тек қана ислам өркениетінің шуағы еді дейді Ол. Бүгінгі бақуатты Еуропа өзінің қазіргі дәрежесі мен гүлденуі үшін арабтарға қарыздар. Лебонның пайымдауынша, арабтар (немесе мұсылмандар) өзге халықтардың тұрмыс-салтына толықтай ықпал етсе, Еуропа жұртына негізінен интеллектуалдық қазынасымен, яғни нақты ғылымдар, тарих және пәлсапа саласындағы теңдессіз жетістіктерімен жол көрсетіп, бағдар берді.
Мәдина кезеңі жайында
Лебон өзінің «Араб өркениеті» атты кітабында Пайғамбарымыздың ﷺ Мәдинаға қоныс аударғаннан кейінгі кезеңін жеке тарау ретінде қарастырады. Ол бұл кезеңді «Мұхаммедтің һижреттен кейінгі өмірі» деп атап, Пайғамбардың ﷺ алып ислам мемлекетінің іргетасын қалаудағы саяси және әлеуметтік данышпандығына ерекше тоқталады.
Автор Ислам шариғатының қоғам өмірінің барлық саласын қамтитынын айта келіп, бұл жүйенің қайнар көзі — Құран екенін баса айтады. Мұхаммед пайғамбардың ﷺ өміріндегі әрбір кішігірім істен бастап, үлкен мемлекеттік мәселелерге дейін уахи арқылы бағытталып отырғанын жазады. Лебон Құранның: «Бүгін Мен сендердің діндеріңді кемеліне келтірдім және сендерге деген нығметімді аяқтадым...» (Мәида сүресі, 3-аят) деген сөзін негізге ала отырып, Исламның толыққанды өмір салты екенін мойындайды.
Лебон Исламдағы құлшылықтар мен үкімдердің бірден емес, біртіндеп, адамдардың психологиясына сәйкес енгізілгенін үлкен көрегендік деп бағалайды. Ол азанның шақырылуы, бес уақыт намаздың бекітілуі, Рамазан оразасының парыз етілуі және мұқтаждарға көмек ретінде зекеттің енгізілуін қоғамды тәрбиелеудің ең тиімді жолы ретінде сипаттайды.
Майдан даласындағы батырлық пен кешірім
Пайғамбарымыздың ﷺ әскери қолбасшылығы туралы жазғанда, Лебон оның ержүректігіне таңғалысын жасырмайды. Әсіресе, Бәдір шайқасындағы ерлігін ерекше атайды.
«Мұхаммед Мәдинаға келген соң жорықтарға өзі бастап шықты. Бәдір шайқасында оның небары 314 сарбазы болса, жау жағы 1000 жауынгерден тұрды. Осы тең емес шайқастағы жеңіс Мұхаммедтің әскери даңқын аспандатты».
Дегенмен, Лебон үшін ең маңыздысы — Пайғамбарымыздың ﷺ жеңіске жеткен сәттегі мәрттігі. Ол Пайғамбардың ﷺ соғыс кезінде барынша ұстамдылық танытқанын, тек сертті бұзып, опасыздық жасағандарға ғана (Мәдинадағы кейбір яһуди тайпалары сияқты) тиісті жазасын бергенін айтады. Бұл — кек алу емес, мемлекеттік қауіпсіздік пен әділдікті орнату еді. Оның айтуынша, Мұхаммед ﷺ ауыр сәттерде сабырлы, ал жеңіс сәттерінде мейірімді болған. Бұл — тек ұлы көсемдерге ғана тән қасиет.
Меккенің алынуы және арабтардың таңғалысы
Меккені алу кезеңін баяндағанда, Лебон Пайғамбарымыздың ﷺ беделінің соншалықты өскенін, тіпті оның дұшпандарының өзі оған еріксіз бас игенін жазады. Құрайыштардың елшісі болып келген адамның: «Мен Парсы патшасы мен Рим императорының сарайында болдым, бірақ Мұхаммедтің сахабалары оны қалай құрметтесе, өз патшасын солай қастерлейтін бірде-бір халықты көрген емеспін» деген сөзін мысалға келтіреді.
Сабыр мен қарапайымдылық
Лебон араб тарихшыларының деректеріне сүйене отырып, Пайғамбарымыздың ﷺ күнделікті өмірдегі бейнесін былай суреттейді:
Ол өз-өзіне өте қатал, тәртіпті болған.
Көп ойланып, аз сөйлеген.
Мемлекет басшысы болып тұрғанда да өз жұмысын өзі атқаратын қарапайымдылығынан танбаған.
Батырлық пен сабырды тең ұстаған.
Әзірет Әлидің (р.а.): «Бәдір күні соғыс қызғанда біз Алла елшісін ﷺ паналап жүрдік, ол дұшпанға ең жақын жерде, ең қауіпті шепте тұрды» деген сөзі Лебонның еңбегінде оның асқан батырлығының дәлелі ретінде келтіріледі.
Жастық шақтағы даналық
Лебон Пайғамбарымыздың ﷺ пайғамбарлыққа дейінгі өмірінен де мысалдар келтіреді. Қағбаны жөндеу кезіндегі «Қара тасты» орнына қою мәселесінде араб тайпалары қырқысуға шақ қалғанда, жас Мұхаммедтің тапқан шешімі оның табиғи данышпандығын көрсетеді. Ол шапанын жайып, тасты ортасына қойып, әр тайпаның көсеміне шапанның шетінен ұстатты. Осылайша, ешкімнің көңілін қалдырмай, қантөгістің алдын алды. Лебон бұл оқиғаны Сүлеймен пайғамбардың даналығымен шендестіреді.
Жала мен ақиқат: Теодор Нёльдекеге жауап
Кейбір батыс шығыстанушылары, атап айтқанда Теодор Нельдеке, Пайғамбарымыздың ﷺ уахи алу сәттерін «аурудың белгісі» деп көрсетуге тырысты. Алайда Гюстав Лебон бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы шықты.
«Мен араб тарихынан бұл пікірді растайтын бірде-бір дерек таппадым. Керісінше, оны көрген замандастары Мұхаммедтің ойы ұшқыр, санасы сергек, өте парасатты адам болғанын айтады. Оның істері — ауру адамның емес, кемеңгер тұлғаның ісі еді» дейді ол.
Лебон кейде өз еңбектерінде «ес ауысқан» немесе «фанатик» деген сияқты батыстық терминдерді қолданғанымен, бұл оның шығыстанушылық ортадан шыққанын білдіреді. Алайда, ол бәрібір Мұхаммедтің ﷺ теңдессіз данышпан екенін мойындауға мәжбүр болды.
Лебонның арабтарды бір дін мен бір тудың астына біріктіруі туралы пікірлері әйгілі Ибн Халдунның «Мұқаддимасындағы» тұжырымдармен ұштасып жатыр. Ол: «Мұхаммедтің ең үлкен кереметі — өзара қырқысқан тайпалардан біртұтас ұлт жасап шығуы. Мұндай нәтижеге Исламға дейінгі ешбір дін (яһуди немесе христиан) жете алмаған» деп жазады Ол.
Мақаланың түйіні ретінде Гюстав Лебонның мына бір әділ үкімін келтіруге болады:
«Егер ер азаматтың қадір-қасиеті оның атқарған ұлы істерімен өлшенетін болса, онда Мұхаммед — тарихтағы ең ұлы тұлға».
Бұл — жай ғана мақтау емес, бұл — тарихи фактілерге сүйенген ғылыми қорытынды. Пайғамбарымыздың ﷺ нұрлы бейнесін ешқандай өшпенділік пен жала көлеңкелей алмайды. Гюстав Лебон сияқты ізденушілер бұл шындықты Батыс әлеміне паш етіп кетті. Әділдік таразысымен қараған кез келген адам Мұхаммедтің ﷺ адамзатқа жіберілген ең ұлы нығмет екенін түсінеді.
«Біз сені әлемдерге рахым шуағы ретінде жібердік!»
islamonline net. Араб тілінде. Қазақшаға ықшамдап аударылды. islam.kz