Әлсіз хадистерге қатысты 10 негізгі ереже (2 бөлім)
Әлсіз хадистерге қатысты 10 негізгі ереже (2 бөлім)
8 сағаттан соң 41
Лұқман Абдуссәләм, хадис ғылымдарының докторы.

(Басы алдыңғы жазбада).

6. Алтыншы қағида: «Үмбеттің әлсіз хадисті қабылдауы»

Егер ислам үмбеті (ғалымдар) бір әлсіз хадисті негізге алып, амал еткен болса, ол қабылданатын хадистер қатарына кіреді. Мұндай жағдайда хадис ғалымдарының арасында ешқандай қарсылықсыз кең тарағаны жеткілікті саналып, сәнадын (риуатшылар тізбегін) тереңірек зерттеу талап етілмейді.

  • Ибн әл-Уазир: «Ғалымдар үмбеттің қабыл етуі себепті талай хадистің сахихтығына баға берген», — деген.

  • Ибн әл-Қаййим әлсіз хадис туралы: «Ондай хадиспен (әлсіз хадиспен) барлық аймақтар мен ғасырларда ешбір қарсылықсыз амал етілуі — ол хадиске сүйенуге болатындығына толық жеткілікті дәлел», — дейді.

  • Тіпті кейбір ғалымдар мұндай хадисті «мүтәуәтир» дәрежесіне дейін көтерген. Ибн Хажар да мұндай хадиспен амал ету уәжіп (міндет) екенін алға тартады.

Мысалы, Имам Ибн әл-Мунзир мен Нәуәуи «Су таза, оны ештеңе нәжіс қылмайды» деген хадистегі «тек түсі, дәмі не иісі бұзылса ғана» деген қосымша бөліктің сәнады әлсіз екеніне ғалымдардың бір ауыздан келіскенін (ижмаъ) айтқан. Алайда, Имам Нәуәуи бүкіл ислам ғалымдарының осы мағынаны қабыл алып, іс жүзінде қолданғанын жеткізген.

7. Жетінші қағида: «Хадистің әлсіздігі мен оның мағынасымен амал етудің арасын ажырату»

Кейбір хадистер сәнады жағынан әлсіз әрі қабылданбаған хадис болса да, оның мағынасы басқа себептерге байланысты дұрыс деп танылуы мүмкін. Мысалы, оның мағынасы Құран аятына, ижмаъқа (ғалымдардың бірлігіне), шариғаттың жалпы қағидалары мен мақсаттарына сай келуі ықтимал. Мұндай кезде ол хадиске сыртқы басқа бір негізге сүйеніп амал етіледі. Бірақ хадистің өзі әлсіз күйінде қала береді және оны Пайғамбарымызға нақты теліп айтуға болмайды.

Имам әт-Тирмизи өзінің хадистер жинағында хадисті «әлсіз» деп атап, артынан: «Ғалымдар осыған сүйеніп амал етеді», — деп жиі айтады. Бұл хадистің өзі амалдың арқасында күшейді деген сөз емес, тек оның мазмұны өзге шариғи негіздерге сай келгендіктен қолданысқа ие болғанын білдіреді.

8. Сегізінші қағида: «Әлсіз хадис дін негіздерінде дәлел ретінде жүрмейді»

Ғайып әлемге қатысты мәселелерде немесе діннің іргелі негізгі тіректерінде (усулуд-дин) әлсіз хадиске иек артуға болмайды. Кейбір хадис ғалымдары ізгі амалдардың артықшылықтарында (фазаилул-аъмал) әлсіз хадисті қолдануға рұқсат бергенімен, бұл ереже ақида (сенім) тақырыптарына және шариғи үкімдерге (халал-харам) жүрмейді.

Мысалы, Алла Тағаланың сипаттарын әлсіз немесе күмәнді хадиске сүйеніп бекіте алмаймыз. Ол үшін міндетті түрде Құран Кәрімнен нақты аят немесе сахих хадис болуы шарт.

Абдуррахман ибн Мәһди сияқты ұлы ғұламалар былай деген:

«Егер біз сауап, күнә және ізгі амалдардың артықшылығы туралы хадистерді риуаят етсек, сәнадтарға жеңіл қарап, рауилерге кеңшілік жасаймыз. Ал егер халал мен харам және шариғи үкімдерге қатысты хадис риуаят етсек, сәнадтарды қатты қадағалап, рауилерді қатаң сыннан өткіземіз».

9. Тоғызыншы қағида: «Сәнадта өтірікші деген атаққа лайықты риуаятшының болуы — хадистің міндетті түрде «жалған хадис» екенін білдірмейді»

Сәнадта хадис ойдан шығарушы (уаддаъ) немесе өтірікші адамның болуына ғана қарап, хадисті дереу «мәудуъ» (жалған хадис) деп үкім кесуге асықпау керек. Ол үшін өзге де айғақтар мен дәлелдер қажет. Өйткені сол хадистегі мәтіннің (мәтн) басқа бір сенімді, қабыл болатын жолмен жеткен нұсқасы болуы мүмкін. Сондықтан, сәнадта жалған сөйлеумен айыпталған адам болса да, хадисті бірден «ойдан шығарылған» деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен, мұндай хадистің сәнады бәрібір «өте әлсіз» деген дәрежеден жоғары көтерілмейді.

10. Оныншы қағида: «Ойдан шығарылған (мәудуъ) хадисті жеткізуге тыйым салынады»

Жалған, ойдан шығарылған хадистерді мейлі ол халал-харам, амалдардың артықшылығы, қисса-хикаялар, пайғамбарлар өмірбаяны немесе тарих болсын — қандай да шариғи салада қолдануға және келтіруге мүлдем рұқсат жоқ. Бұл — харам іс. Мұндай хадисті біле тұра, әріптерін әдейі бұрмалап таратқан адам үлкен күнә арқалайды және ол Пайғамбарымыздың атынан өтірік айтушылардың қатарына қосылып, тозақ отымен ескертіледі. Тіпті кейбір ғалымдар мұндай әрекетті күпірлікке теңеген.

Жалған хадисті атауға рұқсат берілген тек бір ғана жағдай бар: ол — адамдарға насихат айтып, оның ойдан шығарылғанын ескерту, одан сақтандыру және таралуына тыйым салу мақсатында ғана айту.(1).


(1) Лұқман Абдуссәләм, хадис ғылымдарының докторы, islamonline.net. (араб тілінде, қазақшалаған islam.kz)

0 пікір