Қазақ топырағының талай ойшыл тұлғалары Шығыс пен Батыс мәдениетін тең меңгеріп, өз еңбектерін көпке ортақ тілде жазып, кейінгі ұрпақтарына қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бәрімізге танымал ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби. Оның шығармалары қадім заманнан күні бүгінге дейін латын, испан, иврит, неміс, ағылшын, француз, орыс, қазақ және де басқа тілдерге аударылып, адамзат игілігіне айналып отыр. Сондықтан әл-Фараби сынды тамаша да ерекше тұлға туралы, оның дүниежүзілік мәдениетке қалдырған мұрасы туралы студент жастарға қашанда айтып, оны зерттеу нысанасына айналдырып отыру біздердің парызымыз. Бұл мұраның рөлі туралы сөз болғанда, тарихи перспективаны сақтаудың маңызы аса зор.
Айта кететін бір мәселе – қазақ халқының ежелгі рухани мәдениеті мен мұраларын, дүниетанымын танытып білдіретін оқу процесі. Өкінішке орай, біз жоғары оқу орындарында студенттерге философиядан дәріс бергенде, үнді, қытай, грек, араб-парсы, орыс философиясы тарихына көп көңіл бөліп (әрине, ол да керек) қазақтың рухани мәдениеті мен төл философиясы туралы ештеңе айта алмай келдік. Ал қазір заман өзгерді, еліміз – Қазақстан Республикасы өз алдына дербес егеменді мемлекет. Сондықтан да халқымыздың асыл қымбат мұраларын қай салада болмасын жалтақтамай, алаңдамай жастарға айтқанымыз жөн. Әсіресе, қазақ философиясының тарихын, оның ұғымдық категорияларын зерттейтін уақыт жетті. Әркім әр жерде халық даналығы туралы сөз, пікір айтып жүргенімен, маман философтар бұл мәселеге әлі де болса тікелей атсалыса алмай келеді. Дегенмен, соңғы жылдары біраз ғылыми дүниелер жарыққа шықты бұл бір жағынан қуантарлық та жағдай.
Тани білсек, этникалық-рухани жағынан мың жылдан аса мәдениеті, философиясы, әдебиеті, тарихы бар халықпыз. Біз тарихқа XV ғасырдан бастап «қазақ» деген атпен енсек те ойлау мәдениетіміз, философиямыз тым әріде жатыр. Біз түркі, қыпшақ мәдениетінің төл мұрагерлерінің біріміз. Әл-Фарабиден басталған рухани сабақтастық Абай, Шәкәрімдерге жалғасып, рухани дәстүр жалғастығы одан әрі жалғасып келеді. Қарап отырсақ IX-XX ғасырлар аралығында қазақ топырағынан қаншама ғұлама ойшылдар шыққан! Мұның бәрі ашылмаған кітаптың беттері сияқты. Біздің міндетіміз осыларды танып білу. Себебі ұлттық ойлаудың бастауы, түп-тамыры осында жатыр.
Әл-Фараби дәуірінің қоғамдық ойын сараласақ, ол – ғылыми және философиялық ойдың айрықша кезеңін құрайды. Нақ осы дәуірде қазақ территориясын мекендеген халықтар өздерінен бұрын өткен дәуірлердегі рухани мәдениет пен мұраның тәжірибелерін байыптай бастады, нәтижесінде философиялық ілімнің алғашқы тұжырымдамалары мен жүйелері, танымның қағидалары мен әдістері пайда болды.
Қазақтың тұңғыш маман философы деп біз бірінші әл-Фарабиді ауызға аламыз. Оның шығармаларының құндылығы сонда, әл-Фараби Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» немесе «Шығыс Аристотелі» деп саналады.
Ислам философиясының ең биік өкілдерінің бірі әл-Фарабиден бастау алған қазақ топырағынан шыққан түркі тілдес исламдық философияның ірі өкілдері Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иассауи, Махмұд Қашқари және т.б. өзінен кейін ұрпаққа философиялық мол мұралар қалдырды.
Ал Абай, Шәкәрім салған жол арқылы әлемдік философия Еуропа мәдениеті нәрінен сусындап қазақ философиясын өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен таза кәсіби философия дәрежесіне көтере білді.
Ал біз өз тіршілігіміздің тарихы екендігін есімізге түсірсек, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргені, қалай ойлап, қалай күн кешкенін білуге деген құмарлығымыз қарапайым таңсықтық шеңберінен шығып кетеді. Ендеше бізге Аристотельден басталып, әл-Фараби, Абай, Шәкәрім жалғастырған қуатты мәдени-философиялық дәстүр туралы білмей болмайды. Біздің ұлттық ой-санамыздың төл бастауы да осылар ғой.
«Шәкірт ғана емес, ұстаздық еткенімізді көрсететін тұсымыз» дегенде, өз кезегінде бұл үдерістің екі жақты жүргені белгілі. Алмасу, бір-бірінен үйрену болмай тұрмайды. Ол істерді жүзеге асыруда ислам әлемінің ірі рухани тұлғаларының алар орны ерекше. Мұсылман әлеміндегі рухани тектеріміз Ислам құндылықтарымен тығыз байланысты. Адамзат бойындағы бар руханилық, дүниетаным, ғылым мен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз де ұлт болғалы Ислам мәдениетімен біте қайнасып келеді. Оны халқымыздың бойынан, ойынан бөліп алып тастау мүмкін емес. Ислам дінінің өмірге келуі Ислам ілімі мен өркениетінің өркендеуіне үлкен жол ашты. Ислам діні мен оның рухани байлықтарын бойына сіңірген араб және түркі әлемі Ислам мәдениеті мен ғылымын, әдебиеті мен философиясын әлемге әйгілі етті. Мұсылман әлемінде ренессаныстық құбылыс – орта ғасырлық мұсылмандық өрлеу дәуірі басталды. Бұл «мұсылмандық алтын ғасыр» деген атауға ие болды. Осы тұста ислам дүниесі қаншама ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иасауи сынды ұлылар ислам өркениетін әлемге танытты.
Осы тұлғаларды бір-бірінен бөле-жара көрсетудің өзі қиын. Бұлардың бәрі де құрмет пен атаққа теңдей лайық. Тіпті олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, айтуға да болар еді. Әйтсе де, осынау ұлылардың ішінде өзіміз тереңірек таныған, басқаларға қарағанда жіті зерттеген адамымыз – Отырар қаласында дүниеге келген, бар түркі халқына ортақ, қазақ жерінің ұлы перзенті, ислам әлемінің ең биік шоқ жұлдызы, ұлы ғұлама, философ – Әбу Насыр Әл-Фараби. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Әл-Фараби орталығын басқара отырып, осы тақырыптың қазақ халқы үшін маңызды барлық талаптарға жауап беретініне көз жеткіздік. Біздің мұндағы айтарымыз, қазақ топырағына кіндік қаны тамған Ислам өркениеті мен философиясын, ғылымын әлемге әйгілі еткен жаһан ғалымдарының, оның ішінде еуропалық белгілі ғалымдардың екінші ұстазға деген үлкен құрмет көрсетуі біздер үшін үлкен мақтаныш, ұлы мәртебе. Иә, шындығында да әл-Фараби мұралары өз дәуірінен озып, бүгінгі күнде де адамзаттың игілігі үшін қызмет етуде. Әл-Фараби сынды ғылымдағы ірі тұлға арқылы қазақ халқы өзін мақтан тұтуы керек. Ол өзінің керемет діни-философиялық ілімдері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүниетаным мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екендігін Еуропаға паш етті. Әл-Фарабидің Еуропа ғылымына жасаған ықпалы Еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына алып келді. Әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының дамуына жасаған әсері еуропалық өркендеу дәуірінің бетін ашты.
Мұны ортағасырлық және XX-XXI ғасырлардағы Еуропа ғалымдарының да өз еңбектерінде зерттеп, қолдап отырғандарының куәсі болып отырмыз. Осының дәлелі ретінде 2010 жылдың соңында Францияда әл-Фараби мұраларының Еуропа мәдениеті мен өркениетінің дамуына қосқан үлесі жайлы халықаралық жиын өткенін атап өтуге болады. Сол жылдың 18 қарашасында Париж қаласындағы ЮНЕСКО Штаб пәтерінде «Әл-Фараби және Еуропалық ренессанс дәуірі» атты Бүкіләлемдік философия күні аясында халықаралық дөңгелек үстел болып өткендігі соның айғағы. Бұл жиында Франция, Италия, Испания, Швеция, Сирия, Иран, Сауд Арабиясы, Әзірбайжан, Қазақстан елдерінен келген фарабитанушы ғалымдар өз ойларын ортаға салып, әл-Фарабидің еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына ықпал жасаған ірі ғұламалардың бірі болғандығына көз жеткізді. Біздер, бірінші кезекте әл-Фарабиді тегі түркі, араб тілді танымал ислам философы ретінде танимыз. Ол Платонның, Аристотельдің көптеген еңбектерін араб тіліне аударды. Өзінің шығармаларында олардың идеяларын әрі қарай дамытты. X-XI ғасырларда мұсылмандық Шығыста Аристотельді «әлемнің бірінші ұстазы» деп атаса, Әл-Фараби «екінші ұстаз» деген атаққа ие болды.
Әл-Фарабидің әлемдік өркениет алдындағы еңбегі орасан зор. Нақты ғылыми мәліметтерге сүйенсек, әл-Фарабидің аудармалары арқылы ғана араб әлемі Ұлы эллиндердің шығармаларын сақтап қалды. Айталық, әуелгі христиандар ежелгі грек мәдениетін құдайсыздар мәдениеті ретінде мойындағысы келмеді. Осыдан келіп, Еуропада біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың соңында ежелгі гректердің бірде-бір әдебиеті мен ғылыми еңбектері сақталмады. Сол шақта қанат жайған жаңа діндер де өз кезегінде өзге тілдерді үйренуге қарсы болды. Осы сүргіннің ішінде VII-VIII ғасырларда мұсылмандар да ежелгі парсылардың – авесталық, пехлевилік, соғдылық жазбаларын және де ежелгі түркілердің барлық жазба ескерткіштерін жойып жіберді. Бұл жазба ескерткіштер тек ислам ықпалы жетпеген Монғолия және Алтай аймақтарында ғана сақталып қалды. Осынау әрекеттер сол уақыт үшін жемісті болғанымен, мұражайлық тарих үшін аса залалды болғанын айта кету керек. Бірақ ислам әлемі батыс әлемімен салыстырғанда, әлгіндегі сүргіншіліктердің есесіне бұрынғыдан да сапалы, жаңаша сипаттағы әмбебап жаңа мәдени қалып жасап шықты. Міне, осы серпілістен кейін ғана, христиандар да ояна бастады.
Ертеректе, көне мұраны сақтап қалу мен жоюдағы діннің рөлі зор болғандығын айтар болсақ, бәрі де салыстырмалы түрде көрінеді. Сондықтан да нақты деректермен атап өткеніміз дұрыс. X-XI ғасырларда христиандық фундаментализм Еуропада әлі де өз күшінде болды. Бір қызығы, осыған қарама-қарсы мұсылмандық Шығыста араб-парсы-түркілік қайта өрлеу дәуірі басталды, зайырлы ғылымдар тездеп өмірге ене бастады, көркем шығармашылық биікке көтерілді. Сол уақытта Таяу Шығыста, Иран және Орталық Азияда тілдердің қолдану орындары белгілі болды. «Араб тілі – ғылым үшін, парсы тілі – поэзияға, түрік тілі – әскер үшін» қолданыс тапты. Жалпы, осы есептік нүктеден бастап, ислам мәдениетінің гүлденуі XIII ғасырға дейін жалғасты. Бұған дейін ислам мәдениеті Еуропа өркениетінің қарқындап дамуына шешуші ықпалын тигізіп үлгерді. Бұл үлес араб цифрларымен, алхимия, алгебрамен шектеліп қалмады. Ең бастысы, мұсылмандық Шығыс адамзатқа эллиндердің ұлы рухани мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. Платонның және Аристотельдің кітаптары Бағдаттағы халифтің кітапханасында ғана сақталып қалған еді. Осы жерде әл-Фараби бұл кітаптарды көріп, оқып, олардың араб тіліндегі аудармаларын жасады.
Бұл кейінгі ұрпақтар үшін маңызы үлкен рухани мұра болып қалды. Осы айғақтарды жас ұрпақ мектеп оқулықтарынан бастап білуі тиіс. XI ғасырда Кордовадағы Испанияның Араби ауданында Аристотель мен Платонның кітаптарын біреу сол араб тілінен латын тіліне аударды. Өкінішке орай оның есімі белгісіз. Олар құпия түрде бір-бірімен хат жазысып, аударманы Еуропаға таратады. Сөйтіп, кейінгі ұрпақта естен шыға бастаған эллиндердің рухани мәдениеті мен еркін ойлауға, өмірге деген сүйіспеншілік көзқарастар негізінде тәрбиеледі. Осы кітаптардан бастап ортағасырлық Еуропада ренессанс ұғымы дүниеге келді. Бұл латын терминін біздер өркендеу деп түсінеміз. Бірақ біздер осы бір әдемі сөздің түпкі мәніне бойлай бермейміз. Жуырда ЮНЕСКО ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде осы сұраққа жауап берілді: Ренессанс – бұл эллинизимнің Еуропадағы өркендеуі. Ол, Ежелгі Греция мен ислам әлемінде бастау алған генетикалық бай тұқым болды. Осыдан бастап Батыстық өркениеттің алып ағашы өсіп шықты.
Қазіргі таңда еуропалық бұқаралық санада ислам өркениеті Еуропа мәдениетіне қарама-қайшы деген пікірлер де белең алып тұр. Бұл орайда ислам әлемінің әл-Фараби сынды ірі тұлғаларының Еуропа ғылымы мен өркениетіне қаншалықты ықпал еткенін, осындай нақты дәлелдермен, қашанда еске салып отырғанымыз маңызды. Мәселен, әл-Ғазали, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушдтардың ілімін жалғастырушы еуропалық, мұсылман ойшылдығына жақын ойшылдар – Спиноза, Жильсон, Маритен, Хартман сияқты философтарды айтсақ та жеткілікті. Біздіңше, мұндай деректер жаңа айтып өткеніміздей, батыс пен ислам өркениетінің рухани сұхбаттасуының дәлелі.
"ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ИСЛАМ ФИЛОСОФИЯСЫ" атты еңбектен көшіріп алынды, кіріспе бөлімі. Авторлары: Ж. А. Алтаев, Ж.А. Әмірқұлова.