ИСЛАМДА САУДАНЫҢ ШАРТТАРЫ
ИСЛАМДА САУДАНЫҢ ШАРТТАРЫ
4 жыл бұрын 7856
Абдусамат Қасым

 САУДА КЕЛІСІМІНІҢ РҮКНІ

Ханафи мәзхабында сауданың рүкні - біреу. Ол – екеу ара айырбас жасауды білдіретін ижәб және қабыл сөздерінің болуы. Яғни, екі жақты ризалықты білдіретін саттым-алдым принципі. Ижәб – ұсыныс. Қабыл – ұсынысты қабыл ету. Немесе ол екеуінің (ижап пен қабыл) орнына жүретін «муъата» қағидасы. Муъата деп – алушы мен сатушының ауызша айтпай, іс жүзінде айырбас жасаулары немесе біреуінен сөз жүзінде ұсыныс келіп, екіншісі іс жүзінде оның ұсынысын қабыл еткендігін білдіруі. Мысалы, базарда азық-түлік т.б. алып жүргенде көбіне осы "муъата" қағидаты негізінде сауда жасалып жатады.

САУДА КЕЛІСІМІНІҢ ШАРТТАРЫ

Сауданың төрт шарты бар:

  • Инъиқад шарттары. 
  • Сиххат шарттары.  
  • Нифаз шарттары.
  • Лүзум шарттары.

ИНЪИҚАД ШАРТТАРЫ 

1). Сауда келісімін жасаушыларда (алушы мен сатушыда) болуы керек шарттар:

  • Ханафи және Мәлики мәзхабы бойынша, келісім жасаушылардың ақыл-есі дұрыс әрі ең жоқ дегенде ақ пен қараны ажырата алатындай жаста болулары тиіс, мүны «мүмәйиз» жас дейді. Жындының немесе кішкене сәбидің саудасы есептелмейді. Мүмәйиз жастағы жас баланың өзіне зияны жоқ, керісінше пайда әкелер келісімдері жүзеге асады. Ал, шығыны да, пайдасы да бар келісімдердің заңды күшіне енуі үшін қамқоршысының рұқсаты керек. Мүмәйиз жастағы баланың тек залал (шығын) әкелер келісімшарттары жүзеге аспайды.
  • Келісім жасаушының жалғыз болмауы керек. Сауда келісімі жалғыз адаммен жүзеге аспайды. (Алушы және сатушының болуы шарт).  

2). Ижәб және қабульдың (келісім сөздерінің) шарттары:

  • Келісім жасаушылар келісім барысында бірі екіншісінің келісім сөздерін естіген болулары керек.
  • Келісім сөздерінің (Ижәб пен қабуль сөздерінің) бір-бірімен сәйкестігі. Мысалы, алушы басқа баға айтса, сатушы басқа бағаға берем деп тұрса, бұл жерде келісім сөздерінде сәйкессіздік бар. Сондықтан да, келісім шарт жүзеге аспайды.  
  • Ижәб та, қабуль да, яғни, екі жақты келісім сөздері бір мәжілісте (бір сәтте), араға үзіліс салынбай айтылған болулары керек. Ал, егер бірі ұсыныс жасағанда, келесісі орнынан тұрып кетсе, яки, жауап бермей басқа нәрсемен шұғылданып жүрсе, сауда келісім шарты жүзеге аспайды.

3. Келісім жасалатын нәрсеге қатысты шарттар, басқаша айтқанда, саудаға салынған затқа қатысты шарттар:

  • Сатылатын зат пайдаға асатын мал-дүние болуы тиіс. Мысалы, өлексені сатуға болмайды немесе бір-екі бидай түйірі сияқты құны жоқ, болмайтын нәрселерді сатуға болмайды. Өйткені бұлар мал-дүние түсінігіне жатпайды.
  • Сатылатын зат шариғатта пайдалануға рұқсат етілген зат түрінен болуы керек. Фиқһ тілімен айтқанда: «әл-Мәлуль Мүтәқәууим» болуы шарт. Мысалы, шарап немесе доңыз етіне сауда келісім шарты жүзеге аспайды. Өйткені, шариғатта бұларды пайдалану харам.  
  • Сатылатын зат өз меншігіндегі зат болуы керек. Өз меншігіндегі емес затты сатуға болмайды. Мысалы, теңіздегі балықты сата алмайды, өйткені меншігінде емес. Аулап сатса, болады.
  • Сатылатын зат келісім шарт барысында бар болған болуы керек. Жоқ нәрсеге келісім жасалмайды. Мысалы, малдың әлі туылмаған төлі, малдың әлі сауылмаған сүті т.б.
  • Сатылатын зат келісім барысында қолға берілетіндей күйде (қолжетімді) болуы керек. Мысалы, судағы балық немесе ауадағы ұшып жүрген құс сатылмайды, өйткені, олар келісім барысында қолға берілетіндей қолжетімді емес.

4. Айырбас жасалатын заттың шарты (заттың орнына берілетін зат). Мұның бір шарты бар:

  • Шариғатта руқсат етілген зат болуы керек. Мысалы, бір бөлке нан бір шыны шарапқа сатылмайды, өйткені, шарап шариғатта харам зат болып есептеледі. Бүгінде көбіне ақша қолданылады.

СИХХАТ ШАРТТАРЫ

1. Сатылатын заты анық, айқын болуы тиіс, сондай-ақ, құны да анық, айқын болуы керек. Мысалы, «анау бір отар қойдан бір қойды саттым» десе, бұл жарамайды. Өйткені, қайсы қой екендігі айқын емес. (Немесе «мен бұл затты қолыңдағы бір дүниеге саттым» десе, бұл да жарамайды. Бағасы анық, айқын емес).

2. Сатылатын зат уақытша сатылған болмауы керек. (Мысалы, бір айға сатам деген сияқты). Өйткені, сауданың мақсаты – сатқан зат пен оған берілген құнын сатушы мен алушының иелігіне өмірлікке өткізу болып табылады. 

3. Пайдалы нәтижеге қол жеткізетін сауда болуы керек. (Мысалы, бір дирхамды, екінші тура сондай дирхамға сатудың мәні жоқ).   

4. Сауда келісімі орынсыз шарттан (Фәсид шарттан) ада болуы керек. Фәсид шарт деп, келісім шасаушы екі тараптын біріне артық пайда келтірер шарт түрін айтамыз. Дәлірек айтқанда  –  не шариғат бекітпеген, не жалпы халық арасында да ондай шарт қою әдеті жоқ, әрі келісім шарттың мазмұнына да сай емес шарт түрлері. Мысалы, сатушы алушыға сатқан затын белгілі уақыт өзі пайдалана тұру талабын қойса, бұл фәсид шарт т.б.

НИФАЗ ШАРТТАРЫ

Нифаз шарттары екеу:

1. Сатылатын зат сатушының иелігіндегі зат болуы керек немесе оның сол затқа билік жүргізе алу құқы болуы тиіс (сату-алу құзіреттілігі берілген болуы тиіс). Сатушының иелігіндегі емес басқа біреудің затын сату – мауқуф үкімінде, мұндай сауда келісімі толыққанды күшіне енбейді.

2. Сатылатын затта сатушыдан басқа тағы біреудің құқы бар болмауы керек. Мысалы, кепілдікке тастаған затын сату немесе жалға берген затын сату – "мауқуф" үкімінде (толыққанды заңды күшін иеленбейді). Өйткені, сатушы оның иесі саналса да, онда өзгенің де құқы бар. (Егер, олардың да рұқсаты болса, келісім күшіне енеді).

ЛҮЗУМ ШАРТЫ

Жасалған сауда келісімінің "келісімді бұза алу" құқықтарынан ада болуы. Мұны арабша «Хияр» дейді. (Хияр – сатушы мен алушыға келісім жасасқаннан кейін де келісімді қайта бұза алу мүмкіндігін тану дегенді білдіреді. Мысалы, бір затты көзбен көрмей сатып алған болса, мұның «көруді таңдау құқы» бар. Бұл дегеніміз, сатып алған затын көргеннен соң, егер келісімдегідей болмай шықса, келісімді қайта бұзуға құқылы. Тағы бір мысал келтірер болсақ, келісім жасасқан сәтте сатылған затты белгілі мерзім пайдаланып, байқап көру мүмкіндігі берілген болса, сол келісілген уақыт ішінде (мысалы үш күн ішінде) келісімді бұзуға құқылы. Осыны хияр шарты дейді. Немесе сатып алынған заттың бір айыбы табылса, оны қайтару құқы танылады. Мұны «хияруль айб» дейді т.б.).  

Сауда шарттары және нәтижелері

1. Инъиқад шарттарының бірі кем болса, сауда келісімі «батыл» болады, яғни, мүлдем жоққа есептеледі. (Мысалы, шарап саудасына келісім жасаған болса, ол келісім шариғи тұрғыда жоққа есеп). 

2. Сиххат шарттарының бірі кем болса, сауда келісімі «фәсид» үкімін алып (келісім шарт бұзылады).

3. Нифаз шарттарының бірі кем болса, сауда келісімі «мауқуф» үкімін алып, келісімнің күші уақытша тоқтатылады. Мысалы, біреудің затын сатқан болса, ол келісім шарт сол заттың иесінің рұқсатына байланысты, егер, иесі мақұл көрсе, келісім өз күшіне енеді, ал қарсы болса, келісім жойылады т.б.

4. Лүзум шартында, егер, таңдау құқықтарын тудырар жағдайлардың бірі сауда келісімінде туындаса, сауда келісімінің міндеттілігі тоқтап, келісімнің одан арғы сақталу не сақталмауы - таңдау құқына ие тарапқа байланысты. Мысалы, алған заты келісімдегідей болмай шықса, алушы тарап оны өзінде қалдырып, келісімді сол күйінше сақтауға құқылы, болмаса келісімді бұзуға құқылы т.б. 

«Мәусуъатуль Фиқһиль Исләми» атты
фиқһ кітабы негізінде әзірленді.  
Кітап авторы: Проф.Доктор Уаһбату аз-Зуһәйли.

0 пікір