Ұлы Ислам ғұламасы, орта ғасырда өмір сүрген шоқтығы биік мұсылман тұлғалардың бірі Абдуррахман ибн әл-Жәузидің «Сайдуль-Хатир» (Көңіл түкпіріндегі ойлар) атты атақты еңбегінен алынып отыр. Мұнда Ислами ілімдердің ішіндегі фиқһ саласының (шариғат заңдары мен үкімдерінің жиынтығы және үкім шығары әдістемесі) қадір-қасиеті сөз болады.
Фиқһ (шариғат үкімдері) — ғылымдардың төресі
1. Ғылымның қадірі — жемісінде
«Бір нәрсенің қаншалықты қадірлі әрі артық екенін білгің келсе, оның берер жемісіне қара. Ал кімде-кім фиқһ ғылымының жемісіне зер салса, оның барлық ілімнен шоқтығы биік екеніне көзі жетері хақ.
Кезінде үлкен мазһаб негізін салушы фиқһ ғұламалары осы ілімнің арқасында күллі жаратылыстан озып, мәңгілік құрметке ие болды. Тіпті олар өмір сүрген заманда Құранды, хадисті немесе тіл білімін олардан да артық меңгерген ғұламалар болғанымен, фиқһ иелерінің мәртебесі бәрібір үстем еді».
2. Өз заманымыздағы мысалдар
«Бұған көз жеткізгің келсе, өз заманымыздың адамдарына қарашы. Шариғат үкімдеріндегі таласты мәселелерді игерген жас жігіттің өзі осы ілімінің арқасында өзгеге (үкім сұрауға) мұқтаж емес. Ол өмірде кездесетін түрлі жаңа жағдайларға қатысты Алла Тағаланың үкімдерін жақсы біледі. Ал оның бұл білгенін басқа саланың мүйізі қарағайдай талантты ғұламалары біле бермейді».
«Біз өмірде Құран, хадис, тәпсір немесе тіл білімінде алдына жан салмаған небір дүлдүлдерді көрдік. Алайда олар пайғамбар жасына келіп, шашы ағарса да, шариғаттың кейбір нәзік үкімдерінен бейхабар болып жатады. Тіпті кейбірі намазда қалай ниет ету керектігі сияқты ең қарапайым нәрсенің өзін білмей, қателесіп жататындар кездеседі.
4. Нағыз заңгер (фақиһ) қандай болуы керек?
«Дегенмен, нағыз фақиһ (шариғат заңгері) өзге ілім салаларынан мақұрым, басқа ғылымға мүлдем жат адам болмауы тиіс. Керісінше, ол әрбір ілімнен өзіне қажетті несібесін алып, жан-жақты сусындауы керек. Осылайша өзге ғылымдардан алтын көпір салып барып, бүкіл зейінін, ынта-жігерін фиқһқа арнағаны жөн.
Өйткені бұл ілім — бұл дүниенің де, о дүниенің де ұлылығы мен абыройы (бақ-дәулеті)».