Дохадағы «Симпозиумдар маусымының» IV шығарылымы аясында Қатар университетімен серіктестікте Мәдениет министрлігі «Бүгінгі әлемдегі Ислам өркениетінің ықпалын қалай түсінеміз?» деген тақырыпта танымдық жиын ұйымдастырды. Баяндаманы Техас университетінің (Остин) саясаттану профессоры, америкалық ғалым, доктор Рой Касагранда жасап, мұсылман ғұламаларының рөлі мен олардың әртүрлі ғылым салаларындағы ашылуларына кеңінен тоқталды.
Батыс өркениетінің бағытын түбегейлі өзгерткен ғылыми серпілістің сыры неде деп ойланып көрдіңіз бе? Бүгінгі біз қолданып жүрген әрбір күрделі математикалық формула мен заманауи медициналық жаңалықтың түп-тамырында өз білімі мен озық ойы арқылы әлемге сәуле шашқан Ислам өркениеті тұр.
Оптика ғылымына төңкеріс жасаған Ибн ал-Хайсамнан бастап, алгебраның негізін қалаған әл-Хорезмиге дейін, еңбектері еуропалық медицинаға ғасырлар бойы бағыт-бағдар берген данышпан шипагер Ибн Синаға дейін... Бұл ғалымдар бұрынғы өркениеттердің білімін жай ғана сақтап қойған жоқ, оны әрі қарай дамытып, жаңа белеске көтерді. Олар қалдырған өшпес мұраның іздері бүгінгі күнге дейін айқын көрініп тұр.
Еуропа түнек құшағында мүлгіп жатқан шақта, мұсылман ғалымдарының заманауи ғылымның негізгі іргетасын қалай қалағанын бұл жиын айшықтап берді. Батыс өркениетін тоқыраудан құтқарып, даму мен инновацияның даңғыл жолына түсірген де — осы теңдессіз үлес еді.
Доктор Касагранда: Ислам өркениеті Батыс мәдениетінде өшпес із қалдырды
Симпозиумға парасатты пікірлерімен салмақ қосқан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен академиктер көптеп қатысты. Алқалы жиында Ислам өркениетінің ғылым мен адамзаттық ой-сана саласында Батыс өркениетіне берген зор демеуі, сондай-ақ адамзат дамуының өрлеу жолын қалыптастырудағы өзекті рөлі жан-жақты сөз болды.
Доктор Касагранда өз сөзінде Ислам өркениетінің ғылым мен философияны сақтау және дамытудағы рөлі шешуші болғанын атап өтті. Бұған қоса, б.з. 750 жылдан 1258 жылға дейінгі Исламның Алтын ғасыры дәуірінде өмір сүрген мұсылман ғалымдарының сан алуан саладағы жаңашыл ізденістеріне тоқталып, бұл еңбектердің заманауи және қазіргі ғылымдардың дамуына қосқан үлесін баяндап берді.
Ол сөзін ары қарай жалғастырып, Ислам өркениеті математика саласында айтарлықтай серпіліске қол жеткізгенін тілге тиек етті. Бұл салада математика, астрономия және информатика тарихындағы ең көрнекті тұлғалардың бірі — Мухаммад ибн Муса әл-Хорезмиді ерекше атады. Ол алгебра ғылымының негізін қалап, геометрия мен тригонометрияны дамытуға үлес қосты, сондай-ақ заманауи математикалық ұғымдардың іргетасын қалады. Профессор Ислам өркениетінің тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында өшпес із қалдырғанын және оның ықпалы бүгінге дейін созылып жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ислам әлемінде астрономия ғылымына ерекше көңіл бөлініп, обсерваториялар салынғанын, олардың жетілдірілгенін және көптеген жұлдыздар мен планеталардың ашылғанын айтты.
Техас университетінің (Остин) саясаттану профессоры сөзін одан әрі сабақтап, мұсылман философы әрі қазысы Әбу Насыр әл-Фараби өзінің терең идеяларымен ғарыштық философияны байытқанын, оның Батыс ой-санасы мен философиясындағы ықпалы өте зор болғанын, тіпті Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атағын алғанын айтып өтті.
Ислам өркениетінің ұлы үлесі
Доктор Касагранда Орта ғасырларда Ислам өркениетінің Батыс өркениетіне, әсіресе ғылым мен медицина салаларында қосқан орасан зор үлесін саралап берді. Бұл ықпалдың салмағы бүгінгі таңда да айқын байқалады. Мәселен, қазіргі таңда қолданыста жүрген көптеген медициналық терминдердің түп-төркіні араб тілінен бастау алады. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін қолданылатын хирургиялық әдістердің көбі, соның ішінде жараны тігу тәсілі де мұсылмандар ойлап тапқан хирургиялық технологиялардан бастау алады.
Ислам өркениеті мен оның Батысқа тигізген әсері төңірегіндегі сөзін одан әрі тереңдеткен баяндамашы Орта ғасырдағы ең танымал әрі ықпалды мұсылман шипагері мен философы, «Медицина атасы» атанған Әбу Әли әл-Хусейн ибн Абдуллаһ ибн Синаға арнайы тоқталды. Ибн Сина Шығыс пен Батыстың кітапханаларында сақталған, өз заманында латын тіліне, ал соңғы кезеңде француз, қытай және ирланд тілдеріне аударылған орасан зор мұра қалдырды. Баяндамашы оның ауқымды философиялық әрі ғылыми энциклопедия болып табылатын «Шипа» (Әш-Шифа) кітабы мен медицина тарихындағы ең әйгілі еңбектердің бірі «Медицина каноны» (Әл-Қанун фит-тибб) еңбегін ерекше жоғары бағалады.
Сонымен қатар, Басра қаласында дүниеге келген араб ғалымы Ибн ал-Хайсамның (Әбу Әли Мухаммад ибн әл-Хасан ибн әл-Хусейн әл-Басри) еңбегіне тоқталды. Ол оптика, физика, геометрия, сан теориясы, арифметика, астрономия, философия, логика және медицина салаларында өзін көрсете білген жан-жақты энциклопедист ғалым болған әрі осы ғылымдардың әрқайсысы бойынша іргелі еңбектер жазған.
Ғалым Ибн ал-Хайсамның оптика ғылымында ерекше дараланып, бұл саланы түбегейлі дамытқанын түсіндірді. Оның «Оптика кітабы» (Әл-Маназир) заманауи оптиканың ядросына айналған су жаңа теорияларды тұжырымдап, бұл салада шынайы төңкеріс жасады. Сондай-ақ ол линзалардың үлкейту қуатын зерттеп, әлемдегі ең алғашқы көзілдірік идеясының негізін қалаушы әрі оны ойлап табушы жаңашыл болды.
Батыстың Ислам өркениетінің Батыс әлемі мен оның мәдениетіне тигізген рөлін жоққа шығаруы туралы қойылған сұраққа жауап бере отырып, доктор Касагранда Ислам өркениетінің Батысқа ықпалы бұлтартпас әрі дау тудырмайтын тарихи шындық екенін айтты. Бұл ықпал Ислам өркениеті гүлденген дәуірде — VIII ғасырдың ортасынан XV ғасырға дейінгі ислам әлемінің кең-байтақ аймақтарын қамтыған «Исламның Алтын ғасыры» кезеңінде өмірдің барлық саласында көрініс тапты.
islamonline.net