А. Уақыт – Алланың берген ұлы нығметі
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі нығмет бар, адамдардың көбі оның қадірін білмей, алданып қалады: ол – денсаулық пен бос уақыт» – деп ескерткен.
Яғни уақытын тиімді пайдаланатындар өте аз, ал басым көпшілігі алтын уақытын босқа сарп етіп, өкініште қалады. Саудада «алдану» деген не? Ол – затты өз құнынан тым қымбатқа сатып алу немесе өз бағасынан су тегінге сатып жіберу. Бос уақыты бола тұра ақыретін түзеуге ұмтылмаған адам – дәл осы саудада алданып, тақырға отырған сорлы сияқты.
Өйткені бұл дүние – ақыреттің егістігі. Бақидағы пайдасы ертең көрінетін негізгі сауда осы жерде жүреді. Кімде-кім бос уақыты мен денсаулығын Алланың әміріне арнаса, Алланың қалауымен шынайы жеңіске жетеді.
Таңғажайып ғибратты мысалдар
-
Имам Хаммад ибн Салама: Шәкірті Әбдірахман ибн Маһди ол кісі туралы: «Егер Хаммадқа "ертең өлесің" деп айтса да, оның құлшылығына қосар ештеңесі болмас еді (себебі уақытының бәрі ғибадатпен өтетін)» – деген. Сол себепті де Алла Тағала оның осы еңбегін бағалап, намаз үстінде жанын алды.
-
Мәждүддин Абул-Баракат: Әжетханаға кірерінде қасындағы серігіне: « Мына кітапты дауыстап оқып тұр, әрбір секундым бос кетпесін, дауысың маған естіліп тұрсын» – дейді екен.
-
Үбәйд ибн Яғиш әл-Куфи (Имам Бұхари мен Муслимнің ұстазы): Ол өзі туралы: «Отыз жыл бойы түнде өз қолыммен тамақ жеп көрмеппін. Мен хадис жазып отырғанда, қарындасым аузыма тамақ салып отыратын» – деген.
-
Яхья ибн Маъин: «Өз қолыммен миллион хадис жаздым» – деген. Оның білімі мен еңбекқорлығына сүйсінген Имам Ахмад: «Яхья ибн Мағин білмейтін хадис – хадис емес» – деп баға берген.
-
Әбу Осман әл-Бақиләни: «Ауыз ашар сәтте, тамақ ішіп Алланы зикір етуден тоқтап қаламын ба деп, жаным шығып кете жаздайды» – дейді екен.
Ибн әл-Джаузи ұлына өсиет айтып былай деген екен:
«Балам, біліп қой! Күндер сағаттардан, сағаттар әрбір тыныс-тіршілігіңнен тұрады. Әрбір тынысың – қазына сандығы. Қияметте сандығыңды бос көріп, өкініштен өртенбеу үшін, бірде-бір тынысыңды босқа жіберме. Әр сәтіңнің қайда кетіп жатқанына қара, оны ең қайырлы іске ғана арна. Өзіңді босаңсытпай, жаныңды ең игі істерге баулы. Раббыңа қарай барар жолда қабірге өзіңді қуантатын жақсы амалдар жинап жібер».
Ә. Уақыттың соры
Ал уақытты Жаратқанға қарсы келіп, тозақтың отын сатып алуға, жәннатты су тегінге сатуға жұмсасаң – ол саған зауал болады. Сондықтан: «Алланың бір пендеге деген ашуының белгісі – оны Алланы еске алуды ұмыттырып, уақытын босқа өткізіп қоюы» – дескен. Алланың қаһарына ұшыраған адам Жаратушысын ұмытып, уақытын сорлайды.
Бауырым!
Еріншектік – ең жаман жолдас. Уақытты босқа өткізу – Қияметте өкінішке, Сират көпірінде сүрінуге, Тозақта өкініштен бармақ тістеуге әкеледі.
Есіңді жи! Білімді ғалым бол, білім іздеген шәкірт бол, кітап оқы, тыңдаушы бол немесе зикір етіп, құлшылық қыл. Уақытыңның қанішері болма! Деміңді тұншықтырушысы болма! Сәттеріңді босқа шашушы кісі болма! Жәннат пен сауапты тәрк етіп, жайлылық пен еріншектікке салынба.
Жастарға үндеу
Табиғиндерден болған парасатты анамыз Хафса бинт Сирин жастарға былай деп үндей жолдаған екен: «Жастық шақтарыңда бойларыңдағы қуатты пайдаланып калыңдар! Мен шынайы еңбек пен амалды тек жастық шақта ғана көріп тұрмын».
Ал уақыттың жасын жарқ еткендей тез өтетінін сезген Имам Ахмад: «Жастық шақты, мен түсіп кеткен жеңімдегі бір нәрсеге ғана ұқсатамын» – деген екен.
Ендеше, ей жастар! Басқа кәрілік түсіп, белің бүгілмей, ораза ұстаудан қалып, өкініште қалмай тұрғанда әрекет етіңдер. Белгілі ақын Әбу Осман әл-Джахиз қартайғанда өкініп былай деген екен:
«Шал болғанда жас күнгідей боламын деп үміттенемісің? Өзіңді алдама, ескі киім жаңа киімдей болмайды».
Жастық шақтың қайта айналып келмейтінін білген ақылды адам бұл кезеңді Аллаға бағынумен өткізеді. Жастайынан жақсылыққа әдеттенген адам қартайғанда да сол ізгілігін жалғастырады. Ал нәпсісіне ерген адам қартайғанда өкінеді, бірақ ол кезде өкініштен пайда жоқ.
Жас бауырым!
Жастық шағыңды мүмкіндік деп біл. Ізгілерге ілесуден, жақсылармен дос болудан және түнде көз жасыңды төгіп дұға етуден қашпа.
Жаздың ыстығы, күздің сызы, қыстың аязы қинаса, Көктемнің сұлулығы көңіліңді арбаса, Айтшы онда, білімді қашан аласың?
Жастарға үлгі – Сағд ибн Муғаз
Ансарлардың жас көшбасшысы Сағд ибн Муғаз (р.а.) хижрадан бір жыл бұрын Исламды қабылдап, хижраның 5-жылы шаһид болды. Яғни ол бары-жоғы 6-ақ жыл мұсылман болып өмір сүрді. Осы қысқа 6 жыл ішінде уақытты соншалықты тиімді әрі берекелі пайдаланғаны сондай – ол қайтыс болғанда Алланың Аршысы тербелді, жаназасына мыңдаған періштелер түсті. Мұсылмандар жібек матаның жұмсақтығына таңғалғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұхаммедтің жаны қолында болған Аллаға ант етейін! Сағд ибн Муғаздың жәннаттағы орамалы бұдан да артық» – деген.
Міне, жастар! Үлгі алар тұлға – осы. Басар жол – осы.
Сөз соңында...
Бауырым, Алланың берген нығметіне шүкір етпесең, ол қолыңнан сусып кетеді. Өте маңызды нығметтің бірі – мал-мүліктің шүкірі: Мал-мүлкіңнің зекетін бер, зекекке жетпесе – садақа бер. Ол садақа қанша кішкентай болса да, Тозақ отынан қалқан болады. («Жарты құрма берсеңдер де Тозақ отынан сақтаныңдар»).
Студент өз қалта ақшасынан, кедей өзінен де кедейге, мұқтаж адам мүлдем жоқ-жітікке көмектессін. Ал бай адамдардың бұл жолда сараңдық қылмауы – бәрінен де бұрын керек!
kalemtayeb.com, араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz