«Асыр намазы қаза болған адам, бейне бір отбасынан және мал-дүниесінен айырылған адам сияқты» (Хадис)
«Асыр намазы қаза болған адам, бейне бір отбасынан және мал-дүниесінен айырылған адам сияқты» (Хадис)
3 жыл бұрын 10425

Сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте, Алла елшісі (ғалейһис саләту уә сәлләм) былай деген:

 الذي تَفُوتُهُ صَلَاةُ العَصْرِ، كَأنَّما وُتِرَ أهْلَهُ ومَالَهُ

«Асыр намазы қаза болған адам, бейне бір отбасынан және мал-дүниесінен айырылған адам сияқты». «Сахих Бұхари». 

Хадис түсіндірмесі: 

«Асыр намазы қаза болған адам...» - ешқандай шариғи немесе зәру бір себепсіз, асыр намазын уақытында оқымай, күн батқанша кешіктіріп, уақыты шығып кеткеннен кейін оқыған адам.

«Бейне бір отбасынан және мал-дүниесінен айырылған адам сияқты» - яғни, отбасынан да, мал-дүниесінен де айырылып, бәрін жоғалтқан адам іспетті. Не отбасы жоқ, не мал-мүлкі жоқ, үй-күйсіз қаңғыбасқа айналған адам тәрізді.

Хәдистің мәні:

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) "бейне бір отбасынан және мал-дүниесінен айырылған адам сияқты" деу арқылы, асыр намазын себепсіз қаза еткен кісінің істеген сауапты істері өшіп, құр алақан қалуы мүмкін екендігін астарлап білдіруде. Бұған қатысты сахаба Бұрайдадан жеткен басқа бір хадисте былай делінеді: «Кімде-кім асыр намазын оқымаса, оның амалы босқа кеткен болады». («Сахих Бұхари»).

Өзге бес уақыт намаздарды қазаға қалдырған болса, ол үшін де амалдары өшіп кете ме? - дегенге қатысты хадисші ғалымдар әртүрлі пікір баян еткен. Имам Нәуәуи және Имам Ибн Хажар әл-Асқалани сынды ғалымдар «бұл жазаның, тек асыр намазына ғана қатысты екендігін» білдірген. Өзге намаздарды да қаза ету ауыр күнә, әрі сұрауы бар іс болса да, істеген істері өшіп кетпейді дейді олар. 

Хадистен шығар үкімдер:

  1. Асырды қаза етуден және оны оқымаудан сақтану парыз.
  2. Асыр намазын зәру себепсіз қаза ету - ауыр күнә және харам іс.
  3. Асырды себепсіз қаза еткен адамның істеген амалдары босқа кетеді.
  4. Өзге бес уақыт намаздарды себепсіз қаза ету де ауыр күнә, харам іс.
  5. Хадистегі жаза – біле тұра әдейі жалқауланып қаза еткен кісіге қатысты, ал, ұмытып кеткен кісіге немесе шариғи үзір себепті қазаға қалдыруға мәжбүр болған кісілерге кешірім бары үміт етіледі.
Пайдаланған әдебиеттер:
  1. «Мәнаруль Қари шәрхи Мұхтәсари Сахих әл-Бұхари». Авторы: Хамза Мұхаммед  Қасым.
  2. «Фәтхуль Мүнъим Шәрху Сахихи Муслим». Авторы: Мұса Шәһин Лашын. 
А. Қасым.
 
0 пікір