Әлсіз хадистерге қатысты 10 негізгі ереже (1 бөлім)
Әлсіз хадистерге қатысты 10 негізгі ереже (1 бөлім)
7 сағаттан соң 56 islam.kz/
Лұқман Абдуссалам, хадис ғылымдарының докторы

Әрбір мұсылман үшін әлсіз хадистерді ажырата білу — өте маңызды. Өйткені бұл мәселенің ақида мен құлшылықтың дұрыстығына тікелей әсері бар. Мүмін-мұсылман баласы тарататын мәліметке, әсіресе ол Пайғамбарымыздың хадистеріне қатысты болса, аса жауапкершілікпен қарап, оны таратпас бұрын анық-қанығына көз жеткізіп, сақтық танытқаны жөн. Шариғи сауаттылықты арттыру мақсатында әлсіз хадиске қатысты білуіміз қажет он негізгі ережемен таныстырып өтсек деп отырмыз.

Бұл тақырыптың негізгі тіректерін төмендегіше жинақтауға болады:

1. Бірінші ереже: «Әлсіз хадис» деген не?

Хадистанушы ғалымдардың (мухаддистердің) «әлсіз хадис» деген сөзі — сол хадистің қабыл болу шарттарының бірін, әсіресе рауидің (жеткізушінің) жадысының (жаттау қабілетінің) мықты болу (дабт) шартын жоғалтқанын білдіреді. Алайда, хадиске «әлсіз» деп сипаттама берілуі — Пайғамбарымыздың ол сөзді айтпаған деп нақты кесіп айту емес. Бұндай үкім сыртқы белгілер мен ойдың басымдылығы негізінде (ғалабатут-занн) сүйеніп жасалады. Өйткені біз сыртқы көрініске қарап үкім беруге міндеттіміз, ал істің ақиқаты Аллаға мәлім. Тіпті жады әлсіз деп танылған рауидің өзі кейде қателеспей, хадисті дәл жеткізуі мүмкін. Себебі адам баласы болған соң, әркімнің қателесетін де, дұрыс айтатын да кездері болады. Дегенмен, қатесі басым болған рауидің риуаяттарына жүрек орнықпағандықтан, оған «әлсіз» деген үкім беріледі.

Әлсіз хадистер қалай жеткізіледі?
Әлсіз хадисті айтқан адам оның әлсіздігін ескертуі қажет немесе «солай келтіріледі» (руия, юруа), «солай айтылады» (юхкә) сияқты белгісіздік қалыппен (сиғатут-тамрид) қолданғаны абзал.

2. Екінші қағида: «Әлсіз хадистің де дәрежелері бар»

Барлық әлсіз хадисті бір таразыға қоюға болмайды, олардың да өзара айырмашылықтары мен дәрежелері бар. Ибн Хиббан әлсіз хадистің қырық тоғыз түрін атап көрсеткен. Ал Ибн Хажар хадистің қабыл алынбауын екі негізгі себепке тірейді:

  • Біріншісі - Сәнадтағы үзік (жеткізушілердің есімдері орын алған тізбектегі бір рауидің түсіп қалуы) (мысалы: муалләқ, мурсал, мунқатиъ, муъдал, мудаллас хадистер).

  • Екіншісі - Рауидің сенімділігіне нұқсан келуі (мысалы: мәудуъ (ойдан шығарылған), мәтрук, мункәр, муъалләл хадистер).

Бұл түрлердің ішінде «сәнадында» сәл ғана үзік бар болуы немесе рауидің жады сәл нашарлау болған мурсал сияқты «әлсіздігі жеңіл» хадистер де, сондай-ақ уаһм (жаңылысу) мен шузуз (сенімді өзге хадисшілердің келтірген хадиске қайшы хадис риуаят ету) сияқты «әлсіздігі ауыр» хадистер де кездеседі.

3. Үшінші қағида: «Әрбір әлсіз хадис «хасан хадис» дәрежесіне көтеріле бермейді».

Әлсіз хадистердің ішінде басқа сахих хадистермен қуаттала отырып, «хасан» (жақсы) немесе «хасан ли-ғайриһи» (басқаның қуаттауымен хасан хадис) дәрежесіне көтерілуге жарайтындары болады. Сондай-ақ, мүлдем есепке алынбайтын, ешқашан күшейтуге келмейтін түрлері де бар.

  • Күшейтуге келетін әлсіз хадистер: Рауидің жадына қатысты кемшілік немесе сәнадтың үзік болуы себепті кемшілікті деп табылған хадистер. Мысалы: жады нашар рауидің, хадистері араласып кеткен (мұхталат) адамның, аты-жөні белгісіз (мәжһул) рауидің риуаяттары немесе сәнадында біреуі түсіп қалған (мудаллас, мурсал) хадистер. Егер бұл хадистерді қуаттайтын басқа да сенімді жолдар (шәуәһид пен мутәбәъат) табылса, олардың дәрежесі өсіп, «хасан ли-ғайриһи» деңгейіне жетеді.

  • Күшейтуге келмейтін әлсіз хадистер: Рауидің әділдігі (тақуалығы), өтірікшілігі немесе өрескел қателігі себепті кемшілікті деп табылған хадистер. Мысалы: мәудуъ (ойдан шығарылған жалған хадистер), мәтрук (тасталған), мункәр хадистер. Бұл хадистер қанша жерден қуаттайтын өзге мағыналас сахих риуаяттар жетсе де, ешқашан дәрежесі «хасан ли ғойриһи» деңгейіне көтерілмейді. Сол себепті хадис ғалымдары мұндай риуаяттарды мүлдем қабылдамауға бір ауыздан ымыраласқан.

4. Төртінші қағида: «Сәнадтың сахих болуы — мәтіннің сахих болуын білдіре бермейді»

Хадисті жеткізуші рауилердің есімдері орын алған тізбегі (сәнад) дұрыс болса, оның мәтіні де міндетті түрде дұрыс болады деген сөз емес. Сәнад пен мәтін арасында тікелей байланыс жоқ. Кейде сәнад сахих болғанымен, мәтіндегі бір кемшіліктен (илләт) уақытша әлсіз болуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар: «Бұл хадистің сәнады сахих», «рауилері сенімді» немесе «Бухаридің рауилері» деп тек тізбекке ғана үкім береді.

Керісінше, сәнад әлсіз болып, бірақ мәтіні басқа сахих жолдармен келгендіктен дұрыс болуы да ғажап емес. Ондай кезде «Бұл сәнад әлсіз» деп айтылады, бірақ бұл хадистің мәтіні де толықтай жарамсыз дегенді білдірмейді. Тек басқа сахих жолдарының бар-жоғын тексеру қажет.

5. Бесінші қағида: «Мәтінге ең қуатты сәнадына қарап үкім беріледі»

Хадистің қабыл болу-болмауы оның ең сау, ең дұрыс сәнадына қарап анықталады және оның көптеген жолдармен келуі оны күшейте түседі. Егер бір ғана сахих сәнад табылса, хадис «сахих» деп үкім етіледі. Ал тек «хасан» сәнад болып, оны қуаттайтын басқа дәлелдер болса, ол «сахих ли-ғайриһи» дәрежесіне көтеріледі.

Яғни, бір хадис екі түрлі сәнадпен жетсе — бірі сахих, бірі хасан болса — үкім «сахих» деп беріледі. Бірі хасан, екіншісі әлсіз болса — үкім «хасан» болады. Үкім әрдайым ең қуатты тарапқа қарай бұрылады.

Сәнадқа оның ішіндегі ең әлсіз рауиіне қарап үкім беріледі: Сәнадты шынжыр десек, оның бір ғана буыны үзілсе, бүкіл шынжыр үзіледі. Сол сияқты, жеке тұрған сәнадтың үкімі оның ішіндегі ең әлсіз рауиге байланысты болады. Себебі хадистің сахих болуы үшін сәнадтың басынан аяғына дейінгі барлық рауилердің үзілмей жалғасуы, әділ әрі жады (жаттау қабілеті) мықты болуы шарт. Егер арасынан бір әлсіз рауи шықса, шарт бұзылып, сол сәнад әлсіз деп танылады.

Жалғасы:  Әлсіз хадистерге қатысты 10 негізгі ереже (2 бөлім)


Дереккөз: islamonline.net, араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz

 

0 пікір