Әбу Ханифаның сабақ беру әдісі
Әбу Ханифаның сабақ беру әдісі
4 жыл бұрын 4075

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оны рахымына бөлесін) өзіне ұсынылған кейбір шешімі қажет фиқһи мәселелерді ілім алқасындағы шәкірттеріне ұсынып, ортаға салатын. Шәкірттері ұсынылған мәселеге қатысты әрқайсысы өз көзқарасын білдіріп, одан соң білдірілген көзқарас төңірегінде пікір таластырып, ұстаз-шәкірт болып, өзара көлденең тартылған уәжді талқылайтын. Соңында, егер ұстаз бен шәкірттері бір тоқтамға келген болса, оны оларға жаздыртатын немесе шәкірттердің бірі "байламды" жазып қоятын.

Ал егер, ол мәселенің үкімі жөнінде Ұстаз (Әбу Ханифа) бен шәкірттері арасында келіспеушілік туындап, өзара бір тоқтамға келе алмағандай болса, ұстазының тұжырымымен қатар, сол мәжілісте көлденең тартылған өзге де тұжырымдар қағаз бетіне түсірілетін болған.

Міне, осылайша, Әбу Ханифаның мәзхабы* - о баста кеңесу мен пікір алмасу және талқылау қағидатына негізделген «ұжымдық мазхаб» түрінде басталған етін. 

Мәселен, бұл тәсіл - замандасы Имам Мәліктің (Алла оны рахымына бөлесін) дәріс беру әдісіне ұқсамайды. Имам Мәлік әлдебір мәселе мен оның үкімін шәкірттеріне жаздырар болса, Әбу Ханифаның тәсілі секілді, оны ортаға салып, шәкірттері ұстаздарының (Имам Мәліктің) айтқан үкімін талқылап, ол төңірегінде пікір таласып жатпайтын.

Әбу Ханифаның өмірі мен оның өмірлік ұстанымы аясында шәкірттерінің де даралық және тұлғалық ерекшеліктері қалыптасқан еді. Әбу Ханифа әлдебір мәселені шәкірттерімен талқылау арқылы, оларды зерттеп-зерделеуге баулып, олардың көкейлеріне әлі тәлімгер шақтарында «ижтиһәд»* дәнін еккен етін.

Доктор Абдуль Кәрим Зайдан.
«әл-Мәдхал лидиросатиш шариъатиль Исләмия»
атты кітабынан. 
Аударған: А. Қасым. 


*Мәзһәб - Ислами құқық институты. Мектеп. Тілдік мағынасы: жол, ұстаным деген мағыналарға саяды.
*Ижтиһәд – үкім шығару әдістемелерін қолдана отырып аят пен хадистерден үкім шығару жүйесі. Мүжтәһид - шариғи ғылымның ең жоғарғы деңгейіне жеткен ғұлама - (ауд).

 

0 пікір