Ашуланғанда сабыр сақтаудың үш пайдасы бар, ал сабырсыздық танытудың үш зияны бар
Ашуланғанда сабыр сақтаудың үш пайдасы бар, ал сабырсыздық танытудың үш зияны бар
1 жыл бұрын 6427

Имам Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай дейді:

«Ашуланғанда сабыр сақтаңыздар, ал ашуланғанда керісінше асығыстық танытып, сабырсыздық танытудан сақтаныңыздар. Шынында ашуланғанда сабырсыздық танытудың үш зияны бар, ал сабыр сақтаудың үш пайдасы бар.

Сабырсыздық танытудың үш зиянын айтар болсам: 

  • 1. Артынан іштей өкінеді. 
  • 2. Адамдардың сөгісіне тап болады. 
  • 3. Алланың құзырында жазаланады. 

Ал сабыр сақтаудың үш пайдасы келесідегідей: 

  • 1. Дер кезінде сабыр сақтағаны үшін іштей қуаныш сезімі туады. 
  • 2. Адамдардың мақтауын алады. 
  • 3. Алла Тағаланың құзырында сауапқа кенеледі. 

Ашу кезінде жұмсақтық танытудың басы ащы, бірақ соңы балдан тәтті.

Бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларымен тас көтеріп жарысып жатқан бір қауымның қасынан өтіп бара жатыпты. Сонда Пайғамбар (с.а.у.):

- Тасты көтерудің қандай қиын екенін білесіңдер ме? Сендер үшін одан да қиынын айтайын ба? - деп сұрайды.

- Әрине, уа Расулалла! - дейді сахабалары.

- Тұла бойы ашуға толғанда, сабыр сақтауы, - дейді.

Лұқман Хәкім баласына былай депті:

«Уа, Ұлым! Үш адам тек үш жерде белгілі болады:

  • 1. Сабырлы адам ашуланғанда. 
  • 2. Батыр соғыста, 
  • 3. Бауыр (немесе дос) басыңа іс түкенде». 

Былай айтылады:

«Үш ерекшелік — пейіш иелерінің мінезінен, бұлар тек керім адамдарда ғана болады, олар:

  • 1. Саған әділетсіздік жасаған адамды кешіруің. 
  • 2. Саған бермегенге беруің.
  • 3. Саған жамандық жасағанға жақсылық жасауың. 

Алла Тағала Құранда: «Кешірімділікті ұстан. Жақсылықты бұйыр. Надандардан бет бұр» - деп бұйырады. («Ағраф» сүресі). Риуаяттарға қарағанда осы аят түскенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жебірейіл періштеден аяттың мәнін сұрапты. Сонда періште «Білгірден сұрап білейін» деп кетеді. Кейін оралып оның тәпсірін былай айтқан екен:

- «Уа, Мұхаммед! Сенің Раббың саған: сенімен қарым-қатынасты үзгенмен қарым-қатынас сақтауыңды, саған бермегенге беруіңді және саған зұлымдық қылғанды кешіруіңді бұйрды» - дейді.

Бір күні бір әулие кісі шайтаннан сұрапты:

- Адам баласын адастыру үшін не нәрселерді қолданасың, айтшы! - депті. Сонда Ібіліс шайтан:

- Үш нәрсені: Сараңдықты, ашуды және мастықты. Адам сараңдық танытқан кезде біз оның назарында малын аз қылып көрсетеміз, сонда ол малының ақысын беруден тыйылады (зекет, садақа бермейді) және өзге адамдардың дүниесіне көз тіге бастайды.

Адам ашуға бой алдырған кезінде біз оны өз арамызда шыр айналдырамыз, құдды кішкене балалар допты өз араларында айналдырғандары сияқты.

Адам ішімдік ішіп мас болғанда, біз оны кез-келген жамандыққа бастаймыз, құдды қойдың құлағынан тартып, қалаған жағымызға жетелегеніміздей», - депті. 

Демек, ашуланған кісі шайтанның қолында балалардың қолындағы доп сияқты болады екен. Ендеше, ашу келген кезде шайтанның тұтқынына айналмас үшін және істеген амалдары босқа кетпес үшін сабыр сақтап, байсалдылық танытқаны дұрыс екен1.


 1Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль ғофилин».

0 пікір