Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) пақыр, кедейлер жиналып, уайымдарын айтыпты...
Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) пақыр, кедейлер жиналып, уайымдарын айтыпты...
2 жыл бұрын 5933

Әбу Ләйс әс-Сәмарқандидің (р.а.) «сәнәдімен» жеткізген риуаяттың бірінде сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Кедей мұсылмандар жиылып араларынан біреуін елші қылып Пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жіберді. Келген елші Пайғамбарға (с.а.у.):

- Уа, Расулалла! Мен – кедейлердің саған жіберген елшісімін, - деді.

Пайғамбар:

- Саған және сені жібергендерге мархабат! Сен – Алла жақсы көретін қауымнан келіп отырсың, - деді.

Ол (елші):

- Уа, Расулалла! Кедейлер айтады: «Байлар жақсылық жасау ісінде бізден бір көш ілгері кетті. Біздің олардың істеген игіліктерін істеуге шамамыз жетпейді – олар сияқты беріп жатқан садақамыз жоқ, садақа беруге күшіміз жоқ, соған ұяламыз. Ауырып, сырқаттанып қалғандай болсақ, байлар бізге артық жиған дүниелерінен жолдайды» деп айтып жатыр, - деді елші.  

Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған былай деді:

- Кедейлерге менің мына сөзімді жеткізгін: Кім сендерден сауап үміт ете отырып, кедейлігіне сабыр етсе, оған Алла Тағала байларға бермейтін үш ерекше дүние береді. Біріншісі – пейіште қызыл жақұттан бір бөлме бар. Оған пейіш иелері осы дүниеде аспандағы жұлдызға қарағандай қарайды. Оған тек кедей пайғамбар, кедей шейіт және кедей мүмін ғана кіреді. Екіншісі – қиямет күні кедейлер байларға қарағанда жарты күн бұрын пейішке кіреді, ол осы дүниенің уақытымен есептегенде бес жүз жыл. Олар пейіште қалағандарынша нығметке бөленеді. Сүлеймен ғалейһиссәләмға берілген патшалық себепті, Ол өзге пайғамбарлардан қырық жыл кейін пейішке кіреді. Үшіншісі – кедей кісі ықыласпен «сүбханаллаһи, уәлхамдулилләһи уә лә иләһә иллаллаһу уәллаһу әкбәр» десе, оған берілетін сауаптың мөлшеріне, бай мұсылман тура сол зікірді ықыласпен айтып, қосымша он мың дирхам садақа берсе де жете алмайды. Барлық сауапты істерде осылай» - деді. 

Пайғамбардың (с.а.у.) бұл сүйіншісін әлгі елші өзін жіберген кедей қауымға барып айна-қатесіз жеткізеді. Оны естіген олар: «Уа, Алла! Разымыз. Уа, Алла Разымыз»  - десті», - дейді сахаба[1].  

Әбу Ләйс әс-Самарқанди айтады:

«Пақыр адамның бес түрлі кереметтей артықшылығы бар:

  1. Намаз, садақа т.б. сауапты істерде кедейге берілетін сауаптың көлемі, байға берілетін сауаптан көбірек.
  2. Кедей кісі бір нәрсені көңілі қалап, алайда оған қол жеткізе алмаса, оның орнына оған бір сауап жазылады.
  3. Кедей кісілер пейішке бұрын кіреді.
  4. Ақыретте есеп-қисабы аз болады.
  5. Қиямет күні кедей кісілердің өкініші аз болады. Ол күні байлар «кедей болғанымда ғой» деп тілейтін болады. Ал кедей кісі о дүниеде «бай болғанымда ғой» деп өкінбейді. Мұның бәріне байланысты риуаяттар бар» - дейді ғұлама.

Табиғин Даххақ та былай деген:

«Кімде-кім базарға кіріп, онда көңілі қалаған бір нәрсе көрсе, алайда (оны ала алмай) сабырлық танытса, онысы ол үшін жүз мың динарды Алла жолында садақа етіп бергеннен қайырлы болады».

"Тәнбиһуль Ғофилин".

[1] Осы риуаятқа мағыналас риуаят Имам Бұхаридің хадистер жинағында, «Азан бабында» және «Намаздан соңғы зікір» бабында келтірілген.

0 пікір