Имам Әбу Ханифаның саудагерлік өмірінен бір ғибрат
Имам Әбу Ханифаның саудагерлік өмірінен бір ғибрат
4 жыл бұрын 4835

Ұлық Имам Әбу Ханифаның кәсібі саудагерлік еді. Оның Бәшір есімді серіктесі бар тұғын (партнер). Бір күні, серіктесі Бәшір іс сапармен Мысырда жүргенде Әбу Ханифа оған Куфа қаласынан (Ирак) жетпіс бума киім тігуге арналған маталардың әртүрінен беріп жібереді. Бірақ, маталармен бірге Бәшірге хат жазып жіберуді де ұмытпайды. Хатында: «Пәлен матаның мынадай кемшілігі бар, түген матаның анадай айыбы бар, мынау сапалы, анау сапасыз» деп маталардың ішіндегі кемшілігі барларын нақты білдіріп, соңында: «Ескертемін! Кемшілікті маталардың кемшілігін айтпай ешкімге сатпағын» деп ескертіп жазады.

Арадан бір-екі ай өткеннен кейін Әзіреті Әбу Ханифа, серіктесі Бәшірге, Мысырға келеді. Келсе, серіктесі жіберген маталарын түгел сатып, жақсы табыс түсіріпті. Есебін алғаннан кейін Әбу Ханифа:

-Алла берекетін берсін. Ал, енді білгім келгені, өткенде хатымда маталардың кемшіліктерін жазып жіберген едім. Сол маталарды алушыға сатар кезде кемшіліктерін айттың ба? – деп сұрайды.

- Ай, Құдай-ай, ұмытып кеттіппін. Матаның кемшіліктерін айтуды мүлдем есімнен шығарып алыппын, - деп, Бәшір ұялып төмен қарайды.

Сонда Әбу Ханифа дереу дүкендегі тауарларды, ақшаларды бөліп, өзінің пайын алады да: «Бұл ақшаларға күмән араласты (адал ма, арам ба, күмәнді). Маған адал-арамдығы күмәнді дүние керек емес» деп, маталардан түскен отыз мың күміс ақшаны кедей-кепшіктерге садақа етіп таратып жіберген екен. Отыз мың дирһам күміс, қазіргімен шаққанда, өте көп ақша.

Жалпы Имам Әбу Ханифа саудасында өте адал жан болған. Оның саудадағы адалдығы мен сенімділігі ауыздан ауызға тарап, халық арасында дастанға айналған еді. Радияллаһу анһ!

 А. Қасым.

0 пікір