Бір жігітке «Зорлады» деп айып таққан әйелдің өтірігін Әзіреті Әли қалай әшкере етті?
Бір жігітке «Зорлады» деп айып таққан әйелдің өтірігін Әзіреті Әли қалай әшкере етті?
7 ай бұрын 12189
Абдусамат Қасым

Мәліметтерге қарағанда, халифа Әзіреті Омардың құзырына шағымданып бір әйел келеді. Ол әйел Медине қаласындағы Аңсарлық бір жігітке ғашық болып қалған екен. Жігітке басы кетіп, оны айналдырып, зинаға шақырады. Алайда жігіт ондай істен бас тартып әйелдің ырығына көнбей қояды.

Дегеніне жете алмай, жігітке ызаланған әйел оны жазаландырмақшы болып, қулыққа барады. Ол шикі жұмыртқаның ішіндегі сарысын алып тастайды да, жұмыртқаның ағын киіміне және санына жағады. Сөйтеді де, халифаға, яғни, Әзіреті Омарға келіп:

- Пәлен деген жігіт менің ықтиярымсыз, етегімді көтеріп, арымды былғады, отбасыма қара бет қылды, оның дәлелі міне, - деп киіміндегі және денесіндегі жұмыртқаның ағын «жігіттің ұрығы» деп көрсетеді.

Әзіреті Омар жігіттің зорлағаны рас болса, оны қандай жаза күтіп тұрғанын айтады. Сөйтіп, жігітті шақыртып, жігітті сұраққа алады. Жігіт өлердегісін айтып:

- Уа, мүміндердің әміршісі, маған сеніңіз! Аллаға ант етейін, ешқандай арсыз тірлікке бармадым, ол әйелге бөтен ойым болған емес. Ол мені айналдырды, алайда мен бас тарттым, - дейді ақталып.

Әзіреті Омар ойланып, қасындағы кеңесшісі, өзінің парасаттығымен және даналығымен танылған сахаба Әзіреті Әлиге қарап:

- Уа, Хасанның әкесі! Олардың мәселесіне не дейсің? - деп, пікірін сұрайды. 

Әзіреті Әли әйелдің киіміне жағылған ақ затқа қарайды. Сөйтеді де, қайнаған су сұратады. Сол жердегілер сақырлап, қайнап тұрған су алып келеді. Әзіреті Әли киімге жағылған ақ заттың үстіне қайнаған суды құяды. Қайнаған суды құйғаны сол екен, киімдегі жағылған ақ зат жиіріліп, ұйып, қатады да қалады.

Сол жердегі жиналған жұртқа, киімді көрсетіп тұрып Әзіреті Әли: «Егер адамның ұрығы болса, бұлай етпес еді, мына киімге жағылған ақ зат - ұрық емес, жұмыртқаның ағы» дейді сенімді түрде. Әйел болса айқайлап жібереді. Артынан қулығын мойындайды. Осылайша, Әзіреті Әлидің парасаттылығының арқасында жазықсыз жас жігіт ауыр жазадан аман қалған екен1. Осындайда қазақтың: "Қатынға жола ма, қарасы жұғады, балаға жола ма, бәлесі жұғады!" - деген аталы сөзі ойға оралады. Радияллаһу анһум! 


1Ибн Қаюм: «ат-Туруқуль Хукмия фи саясәтиш шәръия».

0 пікір