Әзіреті Омар және сүт сатушының қызы (ғибрат оқиға)
Әзіреті Омар және сүт сатушының қызы (ғибрат оқиға)
3 жыл бұрын 7542

 Түн уақыты болатын. Хазірет Омар (радиаллаһу анһу) әдеті бойынша мұсылмандардың хал-жағдайын бақылау ниетімен Мәдина аралап жүрді. Кенеттен тоқтай қалды. Қасынан өтіп бара жатқан үйден құлағына жеткен дауыс оның назарын аударды. Бір ана қызына:

– Қызым, ертең сататын сүтімізге кішкене су араластыр! - деді.

Қыз анасына:

– Анашым! Халифа сүтке су араластыруға тыйым салған жоқ па? - деп жауап қайырды.

Анасы қызына ашуланып:

– Қызым, түннің жарымында халифа сүтке су араластырғанымызды қайдан біледі?! - деді.

Алайда, жүрегі Аллаһқа деген сүйіспеншілікке әрі қорқынышқа толы тақуа қыз анасының айлакерлігін қабыл етпей:

– Анашым! Айталық, халифа бізді көрмеді, ал Аллаһ ше? Ол да бізді көрмей тұр ма? Бұл айланы адамдардан жасыру оңай. Бірақ, әрнәрсені көріп, білуші Әлемнің жаратушысы Аллаһтан жасыру мүмкін бе? - деді.

Тәңірлік хақиқаттарға қанық және ар-ожданы таза әлгі тақуа қыздың Алладан шынайы қорқу сезімімен анасына қайтарған жауабы Хазірет Омарды (радиаллаһу анһу) қатты тебірентеді. Мүминдердің әміршісі оны қарапайым сүт сатушы әйелдің қызы деместен, жүрегіндегі тақуалығына қарап, таптырмас нәсіп деп білді де, өзінің ұлына айттырып, үйлендіреді. Бесінші халифа болып саналатын әйгілі Омар бин Абдулазиз осы таза ұрпақтан дүниеге келген. (Ибн Жаузи, Сыйфатус-Сафуа ІІ, 203-204)[1].


[1] Осман Нұри Топпаш: Өркениет шыңындағы жауһарлар.

0 пікір