"Аят-хадис тұрғанда, ақылға сүйеніп үкім шығарады екенсің" деген кісіге Әбу Ханифаның жауабы
"Аят-хадис тұрғанда, ақылға сүйеніп үкім шығарады екенсің" деген кісіге Әбу Ханифаның жауабы
4 жыл бұрын 8559
Абдусамат Қасым

Сахабаның көзін көрген атақты табиғиндердің бірі өзінің замандасы Имам Ағзам Әбу Ханифа жайында, аят-хадистердегі айтылған үкімдерді алмай, өз ойымен қияс жасап, Исламның іргелі-негіздеріне қайшы келіп жатыр деген кәуесет естиді. Күндердің күнінде Әбу Ханифамен Медине қаласында кездесіп қалған ол, Имам Ағзамнан:

- Сені қияспен (қисын) амал етіп, Пайғамбарымыздың сүннетіне қайшы келіп жатыр деп естідім, солай ма? – деп сұрайды.

- Мұндай жаладан Аллаға сыйынамын! Менің дінді ақылға тәуелді қылам ба екен, әлде керісінше ақылды дінге тәуелді қылам ба екен, оны анықтауымыз үшін сізге үш сұрақ қояйын, рұқсат болса, - дейді Әбу Ханифа. Әлгі табиғин рұқсатын бергеннен кейін Әбу Ханифа оған:

- Еркек әлсіз бе, әлде әйел әлсіз бе? – деп бірінші сауалын қояды.

- Әйел әлсіз.

- Ислам шариғатында ер кісінің мұрадағы пайы көп пе, әйелдікі ме?

- Еркектің мұрадағы пайы көп. Әйел затының пайы оның жарымы (Өйткені, Құран Кәрімде солай бекітілген).

- Олай болса, өзіңіз айтқандай, мен егер ақылға сүйеніп үкім шығарар болсам, керісінше әйелдің мұрадағы пайын көбейтіп, ер кісіге оның пайының жарымын берер едім. Өйткені, әйел еркектен әлсіз (әлсіз болғандықтан, мұрадағы пайы да көп болуы керек еді, егер ақылмен ойлап қарасақ), - деп ашық Құран аяты тұрғанда, қияс арқылы үкім бермейтіндігін ұғындырыпты.

- Екінші сұрағым: Намаз ұлық па, ораза ұлық па? – деп сұрапты Имам Ағзам.

- Намаз - ұлық, - деп жауап береді әлгі адам.

- Әйел адам хайызы тоқтағаннан кейін оқымаған намаздарының қазасын өтей ме, әлде ұстамаған оразасының қазасын өтей ме? – деп сұрайды Ұлық Имам.

- Хайызы тоқтаған әйел, сол аралықта ұстамаған оразаның қазасын өтеуі тиіс.

- Олай болса, бұл мәселені де ақылмен айтар болсам, керісінше оразаның қазасын емес, оқымаған намаздарының қазасын өтеуі керек дер едім. (Өйткені намаз оразадан ұлығырақ, сол себепті, оразаны емес, оқымаған намаздардың қазасын өтеуі тиіс еді, бірақ аят-хадис намазға кешірім жасап, оразаның қазасын өтеуді бұйырған). 

- Үшінші сауал: Зәр көбірек нәжіс пе, әлде мәни көбірек нәжіс пе?

- Зәр көбірек нәжіс.

- Егер аят-хадиске қарамай, ақылмен үкім шығарар болсам, мәни себепті емес, зәр шыққаны себепті ғұсыл құйыну керек деп айтар едім, өйткені зәр – мәниден көбірек нәжіс, - деген екен Ұлық Имам.   

Әбу Ханифа жайында естіген нәрселерінің кұр кәуесет екендігін түсінген ол, Әбу Ханифаны құшақтап, қош айтысыпты.

 islam.kz

0 пікір