Аун ибн Абдулланың өсиеті
Аун ибн Абдулланың өсиеті
8 жыл бұрын 4842

«Әй, балам! Шынайы иман мен тазалыққа жуымайтындардан аулақ бол! Обал-сауапты білетін жандарға жақын бол! Тәкаппарланып адамдардан алыстағандардан, алдап соғу үшін есеппен жақындағандардан сақ бол! Өзіне дейінгі ақылмандарды тыңдаған жан - өзінен кейінгілердің де ақылшысы. Ондай адамдар надандыққа баспайды, бір нәрседен күмәнданса сақтанады. Елдің кінәсіне келгенде кешірімшіл, өз кінәсіне келгенде қату. Ондай кісіден жақсылық болмаса, ешкім жамандық көрмейді. Елдің мақтауына семірмейді, сынына ренжімейді. Зекет берсе, онысын білдірмеуге тырысады. «Басқаларға қарағанда мен өзімнің кім екенімді анағұрлым жақсы білемін. Алайда, Раббым мені менен де жақсы біледі» дейді. Жақсылық жасарда Алла разылығын ескермеуден қорқады. Үнемі Алланы еске алады. Шүкіршілікпен таң атырады, шүкіршілікпен кеш батырады. Абайлап барып түнді өткізеді, қуанышты күйде таңды атырады. Мәңгілік нәрселерге құштар келеді, пәни нәрселерге көп мойын бұрмайды. Пәни нәрселерге тоқмейіл, қанағатшыл келеді. Білімін кішіпейілділікпен әсемдейді, қателіктерден құтылу үшін үндемейді. Сөйлесе, бір нәрсені білгісі келгені үшін сөйлейді. Адасқандарға аянышпен қарайды. Байлармен көңіл көтергенше, кедейлермен отырып мұңдасқанды анағұрлым артық санайды.

Әй, балам! Жасаған күнәларын мақтаныш ететін, жақсылықтың не екенін білмейтін пенделерден аулақ жүр! Ондайлар ауырса түңіледі, жазылса өздерін екінші ауырмайтындай көреді. Кедейленсе реніш білдіреді, байыса бүлік салады.  Мені басқалар кешірсе дейді, сөйте тұра өзі басқаларды кешірмейді. Қанша өмір сүрсе де одан байлам жасамайды, рызық-несібе атаулыға шүкір етуді білмейді.

Жақсы адамдарды тәуір көреді, бірақ олардың жақсы істерінен үлгі алмайды. Жаман адамдарды жек көреді, бірақ өзі де солардың қатарында екенін сезбейді. Ақыретінің де жақсы болғанын қалайды, бірақ оған ешқандай амал жасамайды. Жақсы кезінде тәуба еттім деп ойлайды, бірақ сәл бір сынаққа ұшыраса қайтадан күпірлігіне басады. 

Дүниеде тақуа құсап сөз сөйлеп, тоғышар секілді іс жасайды. Жоққа сабыр, барға қанағат дегенді білмейді. Келе берсе, бере берсе деп тұрады. Жұмыс істесе марапат күтеді, әне-міне деп тәубаға келуді кешіктіре береді. Өлімнен қорқады, өйткені жамандықты көп жасайды. Өзінен нашарларды мазақтайды, оларды адам екен демейді. Өзінен мықтылардың көңілін аулайды, кедейлерге пысқырмайды да. Басқалардың кемшіліктерін қалт жібермейді, өз кемшіліктерін бірақ көрмейді. Өлімді есіне салсаң, айтпа маған дегендей тыжырынады. «Жақсылардың амалын жасамайсың ба?» десең, «Бізге олардай болу қайда?!» деп жақауратады. Сенімді болып көрінгісі келеді, алайда көзді ала беріп қиянат жасайды. Дұшпандық жасау үшін дос болуды үйренеді. Жамандықта жылдам, жақсылықта шабан келеді.

 

Мәсуди бұған мынаны қосқан екен:

«Ондайлар намаз оқығанда асығыс оқиды. Рукуға иілгенде шөп жұлған қойдай, тауықтың жем шоқығанындай сәжде жасайды. Біреуден бірдеңе сұраса қылқылдап тұрып алады, ал өзінен бір нәрсе сұрасаң «кейінге» ысыра береді. Сөз сөйлесе ант-су ішеді, уәде берсе орындамайды. Ақыл айтсаң жақтырмайды, мақтасаң мәз болады. Елдің өзіне жақсылық жасағанын тілеп тұрады. Өзі ешкімге жақсылық жасамайды. Қиянатшылдармен бірге жүріп, әділетті басқадан күтеді. Адал адамдарды өзіне дұшпан санайды. Біреуге қараса қызғанышпен қарайды.

Әңгімелесе қалсаң ішіңді пыстырады, ренжітеді, сені ренжітсе іштей қуанады. Қасынан кете қалсаң, артыңнан ғайбат айтып өсек өрбітеді. Сыр айтсаң, елге жайғанша асығады. Өзінен біреудің асып кеткенін көре алмайды. Жақсының жақсылығын айтуға ары жібермейді. Білмеген нәрселері жайында да сөз таластыруға құмар. Дүние десе жанын сала кіріседі, ақыреті үшін қамдануды қаперіне де ілмейді.

1 пікір