"Әссәму алейкум" деп амандаспаңыз...
"Әссәму алейкум" деп амандаспаңыз...
24 күн бұрын 21652
Абдусамат Қасым

Бір күні Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір топ яһуди дініндегі адамдар келеді. Келген қонақтар Пайғамбарымызға «Ассәләму ғалейкум» деп амандасудың орнына, әдейі «сендерге өлім келсін» деген мағынаны білдіретін «Әссәму» (السَّامُ) сөзін қолданып: «Әссәму алейкум» дейді. Пайғамбарымыз болса оларға: «Уағалейкум!» - деп қысқа қайырады. Сол сәтте Айша анамыз олардың мұндай қорлығына шыдай алмай:

«Әссәм (өлім) сендерге болсын және Алланың лағынеті мен қаһары болсын!» - деп айтып салады. Мұны естіп тұрған Алла елшісі жары Айшаға (р.а.):

- Уа, Айша, сабыр ет! Кешірімділікті ұстан. Қатыгез болма. Сөзге жауап айтқанда шектен шықпа! – деп басу айтады.

Айша анамыз болса:

- Олардың не айтып тұрғанын естімедіңіз бе? – деп ренішін білдіреді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.):

- Менің оларға берген жауабымды естімедің бе? Мен олардың сөзіне тиісінше жауап бердім (яғни, "сендерге де болсын" дедім). Менің оларға айтқан тілегім қабыл болады, олардың бізге айтып тұрған тілегі емес» - деген екен[1].  

Орайы келгенде айта кетелік, біздің елде де кей қандастарымыз амандасқанда «Ассаләму ғалейкум» деп толық айтпастан «Әссәму алейкум» деп өзгертіп айтып жатады. Бұл - әбестік болмақ. «Ассәләму ғалейкум» деген амандасу үлгісі, негізінен алғанда, қарсыдағы кісіге жақсылық тілеу болып табылады. Мағынасы: "Саған есендік болсын" дегендік. Сол себепті, оны толық айтқан дұрыс. Ал егер, «әссәму алейкум» деп бұзып айтып тұрсақ мағынасы да өзгеріп, теріс мағыналар тудыруы мүмкін. Сондықтан «Ассәләму ғалейкум» деп "Сәләм" сөзін анық, әрі дұрыс айтуға дағдыланған жөн.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - №6401 хадис.

0 пікір